Basty bet
Партия филиалдарының жетекшілерімен кездесті
Елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға дейін екі айдай уақыт қалды. Тіркелген партиялар кезекті науқанға қызу әзірлік жұмыстарын қолға алған. Осыған орай Жамбыл облысының әкімдігінде арнайы жиын өтіп, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аймақтағы партиялар филиалдарының басшыларымен кездескен еді.
«Біз, жергілікті билік барлық партияларға бірдей мүмкіндік беру, жағдай жасауға міндеттіміз. Сайлаудың барынша ашық әрі әділ өтуіне мүдделіміз. Саяси дода партиялар арасындағы белсенділікті ғана емес, сонымен қатар ел арасындағы бірліктің де деңгейін көрсетеді. Сондықтан баршаңызды елдегі сайлау заңының сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырамын»,- деді аймақ басшысы.
Артынша облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, жиынға қатысушыларды сайлау тәртібімен таныстырды. Оның сөзінше, қазір өңірде 492 сайлау учаскесі бар. Онда 3750 комиссия мүшесі қызмет атқармақ. «Қазіргі уақытта сайлау туралы заңды түсіндіру үшін бір күндік семинар өткізуге дайынбыз. Ол семинарды онлайн түрде не болмаса барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып оффлайн өткізуге де мүмкіндігіміз бар»,- деп атап өтті С.Айдапкелов.
Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов партиялардың үгіт-насихат шараларын баспасөз беттерінде тең дәрежеде шығуын қадағалау үшін арнайы мониторинг жүргізілетінін атап өтті.
«Nur Otan» партиясы атынан жиынға облыстық филиалдың бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан филиал басшысы Ерболат Саурықов, «Ақ жолдан» филиал төрағасы Асан Қошмамбетов, «Бірлік» саяси партиясының атынан филиал төрағасының орынбасары Алтай Райқұлов, ал Коммунистік халықтық партиядан облыстық комитеттің 2-ші хатшысы Серікжан Әбдікерімов қатысты. Қазірде саяси ұйымдар үміткерлердің тізімін бекітіп, науқанға қажетті бюджет әзірлеу үстінде.
«Шамамен 3,5 – 4 мың байқаушы болады деп күтілуде. Бұдан бөлек, қоғамдық ұйымдардың атынан байқаушыларды жұмылдыру керек деп санаймын. Бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. 30 процент үміткер әйелдер мен жастардан құрылуы керек екенін білесіздер. Осы тәртіпті сақтап, сайлауды адал өткізуге өздеріңізді де үлес қосуға шақырамын»,- деп түйіндеді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі