Basty bet
Оқу залы балалардың у-шуына толғанын қалайды
Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Өз ісін сүйген әрбір кітапхана маманы оқырманның жан дүниесін терең сезініп, олармен жұмыс жүргізгенде ғана кітапханашы мен оқырманның арасында байланыс нығая түседі.
Рухани ошақ саналатын кітапхана жұмысы да төрткүл дүниені шарпыған коронавирус инфекциясы салдарынан онлайн жүйеге көшіріліп, олар оқырманмен байланысын қашықтан орнатты. Бір жыл ішінде жаңа жүйені меңгерген кітапханашылар бүгінде кез келген іс-шараны онлайн өткізіп, әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеуде. Көпшілік қауым қашықтан рухани сусындап, олардың жұмысына онлайн баға беруде. Мұндай кітапханалардың арасында аудандық балалар кітапханасы да бар. Кітапханадағы Нұржанат Нұрманалиева және Айгүл Дәуітова көпжылғы еңбек өтілі бар, өз ісін жақсы білетін мамандар.
Кітапхана екі бөлімнен, яғни абонементтен және оқу залынан тұрады. Аты айтып тұрғандай, мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай кітаптар топтастырылып қойылған. Іші де ертегі әлеміндегі кейіпкерлермен безендірілген. Санитариялық талаптарға сай оқу залында арақашықтықпен орындықтар орналастырылып, антисептиктер қойылған.
Кітапханада 12 800 кітап бар. Оның ішінде 6 800 кітап мемлекеттік тілде болса, 6000-ы орыс тіліндегі әдебиеттер. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 376 оқырман саны болса, кітап берілімі 7460-ты құраған. Ал, жыл бойына оқырман саны 1700-ден асып, кітап берілімі 28 мыңдай болады екен. Мұнда балалар оқуларының жетекшілері деген бөлім жұмыс жасайды. Яғни, балалардың ата-аналарына, ата-әжелеріне, жетекшілеріне арналған бөлім.
Кітапхананың оқырманы 6 жастан бастап 15 жастағы балалар. Көбінесе, аудан орталығында тұратын оқушылар кітапханашының қызметіне жүгініп, керекті кітаптарын алып жатады. Сонымен қатар, кітапханаға жапсарлас жатқан Көлбастау, Қайрат ауылдарындағы А.Байтұрсынов атындағы және Мыңбұлақ орта мектептерінің, №29 орта мектептің, №15 мектеп-лицейдің, №1 және №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиялардың оқушылары келеді. Аудан орталығындағы №1 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері де осы кітапханамен тығыз байланыс орнатқан.
Онлайн форматқа көшкен кітапханашылар онлайн-бейнетүсірілім, онлайн-ертегі, онлайн-ақпарат, тағы да басқа іс-шаралар өткізген. Жылдық және тоқсандық жоспарлар жасалып, соған байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Үстіміздегі жылдың айтулы даталарын да қалт жібермей, жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойларына да үлестерін қосуда. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай 30 кітап таңдап алынса, оның ішінде алтауы балаларға арналған әдебиеттер.
Балалар «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл Ы.Алтынсарин, Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, Т.Әбдіраймов, Наурызбаева, М.Айымбетовтің шығармаларын оқуы керек. Бұл кітаптарды да оқырманға насихаттау мақсатында онлайн-ақпарат өткізілген. Әлі де жыл соңына дейін көпшілікке аталған балалар кітабының авторларын таныстырып, ұсынатын болады. Жақында ғана 10 сынып оқушыларымен санитарлық талаптарды сақтай отырып, «1 наурыз – Алғыс айту күніне» орай «Бейбітшілік – ел тірегі» атты оффлайн-ақпарат ұйымдастырылған.
– Оқырманмен тығыз байланыста жұмыс істейтін біз үшін онлайн жүйеге көшу ауырлау болды. Себебі, балалармен шуылдап, тікелей қарым-қатынас жасап, бетпе-бет жұмыс жасайтынбыз. Кітапхана іші у-шу болып жататын. Балалар келіп, осында үй тапсырмаларын орындап, жаңа кітаптармен танысып, бізді де бір серпілтіп тастайтын. Кішкентай оқырмандарымыз кітап оқып, түсініктерін айтып беретін. Біз де оларды қызықтырып, кітап оқуға тартамыз. Бағыт-бағдар беріп, кеңесімізді айтамыз. Осы бір мәре-сәре шақты, балалармен өткен күндерімізді сағындық.
Алайда көппен бірге жұмысымызды үйлестіріп, оқырмандармен байланысымызды үзбедік. Қанша қиын болса да, оларға барынша ақпараттар беріп, онлайн түрінде «Ертегілер әлемі» тақырыбында жаңа түскен кітаптарды таныстырып, кітапханаға тарту мақсатында шара өткіздік. Оқырмандар санитарлық талаптарды сақтай отырып, керекті кітаптарын алып кетуде.
Оқырманның таным-түсінігі әуелі балалар кітапханасының қабырғасында қалыптасады. Балалар бір-бірімен қоян-қолтық араласып, кітапханаға бірге келіп, кітаппен осы балғын шақтан бастап дос болуы керек. Кішкентайынан кітапқа бауыр баспаған бала кітап оқи бермейді. Қазіргі оқырман мен бұрынғы оқырманның арасы жер мен көктей. Бұрындары оқырмандар еңбектеніп, ізденіп, осында сағаттап отырып, кітаптан тапсырмаларын көшіріп жазып отыратын. Еңбектену арқылы олардың есінде оқығандары қалатын.
Ал, қазіргілердің көбісі қолындағы ұялы телефонына түсіріп алып, болмаса көшірмесін жасап ала салады. Бұл дұрыс емес. Қайта іздеп тауып оқыса, санасында бір нәрсе қалар еді. Бұл үшін бірлескен жұмыс керек. Яғни, мектептегі мұғалімдер балаларға кітапханаға баруды насихаттап, тапсырманы осы бағытта беру керек. Сонымен қатар, үйдегі ата-ана да баласының болашағы үшін кітап оқуға тартуы қажет. Себебі, еліміздің ертеңі мен бүгіні білімді жастардың қолында екенін ұмытпауымыз қажет, – дейді кітапханашы Н.Нұрманалиева.
Бүгінгі күні көптің тілегі бір, ол – қалыпты өмір сүру жағдайына оралу. Кітапханашылар да ол үшін баршаға ортақ тәртіп пен талапқа бағынып, ауызбіршілік танытып, індетті жеңуді қолдайды. Саулықтың негізі сақтықта, тазалықта екенін айтып, көпшілікті санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырады. Індетті жеңіп, балалармен емін-еркін жүздесіп, кітапхананың іші қайта оқырманның у-шуына толғанын қалайды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»