Basty bet
Сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған …
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімдігінің білім бөлімі, қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және №16 Жуалы колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай аудандағы Ауған соғысы ардагерлерімен «Ерлік даңқы – мәңгілік» атты кездесу өтті.
Шараның мақсаты – Ауған соғысының тарихи-мағыналық ақиқатын ашу, интернационалист-жауынгерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды отансүйгіштікке, ерлікке баулу, ардагерлерге құрмет көрсету.
Мерекелік кешке аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков, қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, капитан Самат Күнтуов, «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының бір топ ардагерлері мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және патриоттық клуб мүшелері, жастар қатысты.
Кеш Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Сонымен қатар, тарих беттерінде өзіндік із қалдырған ауған соғысы туралы түсірілген «Ауғаннан естелік» атты бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Одан кейін құттықтау сөз кезегі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Аманғалиұлына берілді.
– Құрметті ардагерлер, жастар! Кеңес Одағының тарихында ұзақ жылға созылған соғыстың бірі Ауған соғысы екені бәрімізге белгілі. Осы орайда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 31 толып отыр. Біз жыл сайын ардагерлерімізді ардақтап, құрметтеп түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, олардың батырлығы туралы айтқан естеліктерінен үлгі алудамыз. Биылғы жылы да дәл сол дәстүр өз жалғасын тауып, бүгін ауқымды кездесу өткізілуде. Сондай-ақ, майдангерлер жастарға патриоттық тәрбие беруде өз үлестерін қосуда. Ардагерлер өздерінің елжандылығын көрсетіп, жастармен кездесіп, ерліктерімен бөлісуде. Алдыңғы қатарда Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, қазіргі таңда олардың ізін басып келе жатқан Ауған соғысының ардагерлері болып отыр. Енді алдағы уақытта жастарды париотизмге баулуда осы ағаларымызға арқа сүйейтін боламыз. Бұл үлкен бір жұмыс деп білемін. Соғыстың үлкен кішісі жоқ. Әлемде соғыс болғанын ешкім қаламайды. Барлығы да бейбіт өмір сүруді, тыныштықты, ынтымақты қалайтыны ақиқат. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бейбітшілік туы мәңгілік желбірей берсін, – деп жастарды әр нәрсеге байыппен қарауға, бейбітшілікті сақтауға, Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.
Жауқазын жастық шағының бір бөлігін оқ пен оттың астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангерлер арамызда жүр. Осы орайда, кеш барысында жауынгер ардагерлермен сұхбатқа кезек берілді. Ардагерлер қазіргі бейбіт заман сарбаздарынан батырлық, ерлік қасиеттері, жастар өз елінің патриоты болу керектігі, ерлік, батырлық, жауынгерлік деген ұғымдарды жастар арасында дұрыс насихаттау туралы әңгіме өрбітті. Ауған соғысының ардагерлері Пердебай Оспанов, Амантай Өтегенов жастарды өз елінің ұланы, патриоты болуға шақырып, құрмет көрсеткендеріне алғысын білдірді.
Шарада «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов сөз алып, ардагерлерді мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, ол мұндай ауқымды, тәрбиелік маңызы зор шараны тек айтулы күні ғана емес, жыл бойына жоспарлап ұйымдастыруды ұсынды. Ол, ардагерлердің қоғамдағы рөлі мен жастарды тәрбиелеуде алар орны туралы айта келе, аудандық «Ауған соғысының ардагерлері» ұйымына мекеменің Алғысхатын беріп, ардагерлерге естелік сыйлықтар тапсырды.
Сондай-ақ, кездесуде аудандық «Ауған соғысының ардагерлері» ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков сөз алды.
– Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар күн. Әрине, базбіреулер үшін бұл күн қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал біз үшін – тарихи күн, тағдырлы күн. Осы тарихи күні, яғни мереке қарсаңында ауданда түрлі іс-шаралар, келелі кездесулер өткізіледі. Осы кездесулер барысында көп дүниелердің куәсі болдық. Елдің құрметіне бөленіп, алғысын алдық. Бұл – біз үшін үлкен бақыт, қуаныш. Елдің ішіндегі жүргеніміз ең үлкен марапат деп білеміз, – деп ағалық ақ тілегін білдірді.
Ағалық ақ тілектерден кейін әскерге шақырылушы Асылбек Базарбайұлы ортаға шақырылды. Көктемгі маусыммен әскерге кететін жас сарбазға Мақсатбек Әбдібеков және ардагерлер Отан алдындағы борышын аман-есен өтіп келуге тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, капитан Самат Күнтуов әскерге шақыру учаскесіне тіркеу куәлігін бір топ оқушыларға тапсырды. Оқушылар «Мен Тәуелсіз Қазақстан еліне қызмет етемін!» деп кәуліктерін зор қуанышпен қабыл алды.
Келесі кезекте «Жауынгер мен Жасұлан» сайысы ұйымдастырылып, ортаға «Жасұланшы» жауынгерлер шақырылды. Олар автоматты бөлшектеу мен құрастыруда өз ептіліктері мен жылдамдықтарын көрсетті. Сайыста ер балалармен қатар қыздар да қатысып, сынға түсті. Нәтижесінде ең жылдам «Жасұланшы» жауынгер Санжар Алтыбай болып, жүлделі І орынды иеленді. Ал, ІІ орын Ғалымжан Құралға және ІІІ орын Нұрғиса Мақұлбекке бұйырды. Жеңімпаз жастарға «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов арнайы Дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Патриоттық кеште Бекзат Жұматаев, Мадияр Сағынбек, Назерке Ахмет «Рассада», «Елім менің», «Қазақ елі осындай» әндерін орындады.
Кеш ардагер Бақтияр Жұмашевтің орындауындағы Ауған соғысы туралы әнімен аяқталды.