Basty bet

Жазылым науқанында жауаптылық танытайық!

Қазіргі таңда халықтың газет-журналдарға жазылу деңгейі қандай? Ауданда мерзімді баспасөзге жазылу науқаны қалай жүруде? Міне осы және өзге де мәселелер апта басында өткен аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесінде қаралды.

Аппараттық кеңес басталмас бұрын онлайн режімде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық аппараттық кеңес болды. Онда облыс басшысы Б.Сапарбаев аудан әкімдеріне облыстағы тұрғын үй қатынастарын реттеу, аудандарда және Тараз қаласында жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскелерін беру, азық-түлік бағасын реттеу, сонымен қатар, «Алқаптан сөреге» жобасын жалғастыру жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ, кейбір мәселелерде кеткен кемшіліктерді тез арада түзетуді тапсырды.
Аудандық аппараттық кеңесте «Қазпочта» акционерлік қоғамының Жуалы аудандық почта байланыс торабының 10 айда атқарған жұмыстарының қорытындысы және 2021 жылға мерзімді басылымдарға жазылу науқанының барысы туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз аудандық почта байланыс торабының директоры Бақытжан Ұстаевқа берілді.
-Бүгінгі таңда «Қазпочта» акционерлік қоғамы почталық-логистикалық және қаржылық-агенттік қызметтерді көрсетеді. Ал өзіміздің дәстүрлі почталық қызмет бағытында биылғы жылы аудан халқынан 475 дана сәлемдеме, бандерольдар саны 681 және 6073 дана тапсырысты хаттар қабылданып, барлығы өз уақытымен дер кезінде жеткізілді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда, едәуір артып отыр.
Бұл цифрлар біздің мекеменің электронды коммерцияның өсуін көрсетеді. Аудан халқы интернет дүкендер арқылы әлемнің кез келген нүктесінен тауарларға тапсырыс беретін жағдайға жетті. Агенттік қызмет бағытында барлық ауылдық почта байланыс бөлімшелерінің автоматтандырылуының нәтижесінде теміржол және әуе билеттері, лездік және тираждық лотерея билеттері сатылып жатыр. Сонымен қатар, біз көптеген банктермен белсенді жұмыс жасаудамыз. Барлық ауылдық почта байланыс бөлімшелерінде банк несиелерінің төлемдерін қабылдаймыз және түрлі коммуналдық төлемдер ауылдық почта бөлімшелерінде қабылдана бастады. Аудан орталығында, Көлтоған және Қайрат ауылдарында екінші деңгейлі бес банктен несие рәсімдеу жолға қойылған. Ендігі кезекте ауыл тұрғындарына несие алу үшін қалаға бару міндетті емес.
Аталған несие беретін бөлімшелерде «Хоум Кредит банкі», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» депозиттері рәсімделеді. «Қазпочта» нарыққа «Е-commerce» төлем картасын ұсынып отыр. Ол онлайн режімде төлемдер жасау үшін және шетелдік интернет алаңында жұмыс жасауға арналған. Бұл мультивалютный карта үш түрлі валютамен жұмыс жасайды: теңге, доллар және евро, бұл дегеніміз, аударымсыз (без конвертации) дүниежүзілік маркет плейстерінде сатып алынған заттарға төлем төлей алады. Коммуналдық төлемде бонус және post.kz порталында төленетін болса, жеңілдікпен төленеді.
Аудандық почта байланыс торабында үш банкомат, 15 POS-терминал құрылғысы халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда аудан орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсетіледі. Ай сайын кіші және орта бизнес өкілдерінің қатары «Қазпочтада» артып келеді және почтада франчайзинг серіктестік нүктелерін ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта мекемеге қарасты 12 почта байланыс бөлімшесі жұмыс жасайды. Халыққа қызмет көрсету орталығы және аудандық газ шаруашылығы бөлімшесінде почтаның төлем қабылдау пункттері орналасқан.
Жыл басынан бері біздің бөлімшеден 290 заңды тұлға есепшот ашты. Тұтынушылардың басым көпшілігі әлеуметтік жобалармен пилоттық бағдарламаға қатысушылар. Қаңтар мен ақпан айларында Ақтөбе ауылдық округінде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 2 пайызбен несие берілетін пилоттық жоба өтті.
Осы жоба бойынша 70 заңды тұлға бізден есепшот ашып, өз істерін дамытуға қаражат алды. Қазіргі таңда «Атамекен» несие ұйымымен ауыл шаруашылығын қолдау аясында 6 пайызбен несие беріліп жатыр. Осы бағдарламамен 120 заңды тұлға бізден есепшот ашты. Тамыз айынан бастап «Атамекен» несие ұйымымен жастарды қолдау бағдарламасы жүзеге асты.
«Қазпочта» мекемесінің басты жұмыстарының бірі – мерзімді баспасөз басылымдарына жазылу. Ауданда газет-журналдар аптасына бес күн таратылады. 2020 жылдың 10 айында 99 597 дана басылым тасымалданды. Оның ішінде республикалық басылымдар – 20 666 дана, журналдар – 4026 дана, Ресей басылымдары – 56 дана, облыстық басылымдар – 74 849 дана, оның ішінде аудандық «Жаңа өмір» басылымы – 3000 дана, «Жуалы» газеті 336 дана тасымалданды.
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мерзімді басылымдарға жазылу – 12 732 дана жоспар беріліп, оның 68% пайызы орындалған болатын. Қазіргі таңда 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылым науқаны жүруде. Жоспар бойынша 9760 дана берілді. Оның ішінде 354 данаға жазылып, бүгінгі таңға небәрі 4 пайызы орындалды.
Биылғы жылы өздеріңізге белгілі, почта байланыс торабы карантин уақытында халыққа қызмет көрсетті. Төтенше жағдай кезінде 42500 және 21250 теңге төлемі «Қазпочта» арқылы жүргізілді. Бұл ретте аудан бойынша 10 мыңнан астам есепшот ашылды. Қызмет көрсету барысында тұрғындар арасында түсініспеушіліктер орын алған жоқ,- деді Бақытжан Досанқұлұлы.
Мекеме басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған аудан әкімі Н.Ергебеков почта байланыс торабының жұмысын одан ары жетілдіру қажеттігін айтты.
-Қазіргі нарық заманында банк жүйесі, несие беру, жалақы тарату мәселелері бәсекелестік ортаға берілген. Сондықтан қай мекеме жақсы, сапалы қызмет көрсетеді, тұтынушылар да осындай сапалы қызмет көрсететін мекемелерге жүгінеді. Сондықтан ең алдымен қызмет сапасын арттыру қажет.
Әлі де болсын, почтаның қызметіне сын көп. Оның ішінде, газет-журналдардың уақтылы жеткізілмейтіні туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Почташылардың, оның ішінде газет тасымалымен айналысатын қызметкерлердің жалақысының аздығы бұрыннан бар. Ол сіздердің ішкі жұмыстарыңыз.
Газет-журнал оқымай, руханиятқа көңіл бөлмей, дамып кеткен мемлекетті көрген жоқпыз. Халық рухани және мәдени тұрғыдан сауатты болмай, алға баса алмайды. Онсыз еліміз де өркениетті ел бола алмайды. Ең алдымен осыны түсінуіміз қажет. Осы ретте ауылдық округтің әкімдері, бөлім басшылары мерзімді басылымдарға 2021 жылға жазылым науқанын сапалы ұйымдастырулары керек. Округтерде жазылым әлі де болса баяу жүруде. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына жазылымды 1 желтоқсанға дейін 50 пайызға орындауды тапсырамын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан әкімі Н.Ергебековтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде күзгі екі айлық барысында атқарылмай қалған мәселелердің орындалуы да қаралып, оған жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close