Basty bet

Жаңа жүйенің мүмкіндіктері көп

Үстіміздегі жылы емханалар мен ауруханалардағы қызмет көрсету бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілгенімен, мәртебесі анықталмаған азаматтарға 1 сәуірге дейін мүмкіндік берген. Төтенше жағдайға байланысты бұл жеңілдік 1 шілдеге дейін ұзартылды.
МӘМС – талқылауға жатпайтын, иі қанған мемлекеттік мәселе. Алайда тұрғындар арасында әлі де түсініспеушіліктер орын алуда. Сондықтан ауданымызда «бұл мәселе қалай жүзеге асып жатыр? Қандай мәселелер орын алуда?»- дегендей бірнеше сұрақ төңірегінде аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаевамен сұхбаттасқан едік.

-Айгүл Қалдыбайқызы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) дегеніміз не? Алдымен осы сұраққа тоқталып өтсек.
– МӘСҚ – ауру, жарақат алу, туу, жүктілік, мүгедектік және кәрілік жағдайларында халықтың денсаулығының мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғау нысаны.
МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді.
-МӘМС-дың негізгі артықшылықтары қандай?
-Халық медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы қабылдаудан бастап дәрігердің терең тексерулеріне дейін және МӘМС пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез келген медициналық қызметтердің барлығына қол жеткізе алады.
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден кімдер босатылған?
-Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 15 санатқа бөлінеді. Оған кіретін азаматтар медициналық сақтандыру төлеуден босатылады (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы).
Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар және «Батыр ана» атағы бар аналар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері; ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; мүгедектер; балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; интернатта оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін мекемелерде, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі резидентурада күндізгі оқу түрінде оқитын тұлғалар; бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін әйелдер; зейнеткерлер; әскери қызметкерлер; арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері; құқық қорғау органы қызметкерлері; сот үкімімен жазасын өтеп отырған тұлғалар, қауіпсіздігі төмен мекемелерді қоспағанда; уақытша ұстау және тергеу изоляторларында жатқан тұлғалар.
-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ауданда қанша кісі сақтандырылмаған?
– Қазіргі таңда аудан бойынша әртүрлі санаттағы 9350 адам медициналық сақтандыруға тіркелмеген, қалған азаматтар толық тіркелген.
Қазір сақтандырылмаған 9350 азаматтардың ішінде жұмыс жасайтындары да бар. Сол себепті бұл мәселе әлі зерделенуде.
Медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтар, ауруханаға келгенде тек алғашқы дәрігерлік көмекті ғана ала алады. Яғни, жол көлік апаты кезінде, жедел келіп түскен науқастарға аурухана жедел көмек көрсетеді.
-Бүгінгі таңда ол азаматтармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
-МӘМС туралы түсіндірме жұмыстары ауруханада тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Барлық аймақтық медбикелер өз қарамағындағы азаматтарға медициналық сақтандыруға ай сайын 1325 теңге төлеу қажеттігін және дәрілік, медициналық көмекті тегін ала алатындығы жіті түсіндірілуде. Нәтижесінде күнделікті ауыл-ауылда 10-15 кісі МӘМС қорына жарналарын төлеуде. Өкінішке орай, МӘМС өз денсаулығы үшін маңызды екенін түсінбей, төлеуден бас тартып жатқан азаматтар да бар.
-Өздеріңіз білесіздер, осы мәселеге байланысты халық арасында түрлі жағдайлар орын алуда. Мәселен, бір студент ауруханаға медициналық көмек алуға барды. Алайда ол базадан сақтандырылмаған деп шығып тұр. Ол азамат әрі қарай не істеуі керек?
-Ол азамат egov.kz электрондық үкімет порталында өзінің ЖСН-ін жазу арқылы тіркелуі қажет. Студенттер жоғары да аталған жарна төлеуден босатылған азаматтардың санатына жатады. Яғни, тегін медициналық көмек ала алады.
-Сақтандырылмаған азаматтар төлемін қалай, қайда барып жасай алады?
-Азаматтарға айтарымыз, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемін аудандық «Қазпочта» байланыс торабынан,кез келген екінші деңгейдегі банк бөлімдерінде, төлем терминалдарында және Kaspi.kz сайтынан төлей алады.
-Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close