Basty bet
Еңбек пен ынтымақ ырысқа бастайды
Шақпақаталық Каипов Рашид пен Айжан өңіріміздегі үлгілі, өнегелі отбасылардың бірі. Олар ауылдағы қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр.
Рашидтің әкесі марқұм Зиябек ата совхозда бригадир болған, гидротехник болып ауылдық округтегі су каналдарының жүргізілуіне үлкен үлес қосқан жан. Зейнетке совхозда кассир болып еңбек етіп шықты. Қария туған жерінің гүлденуі үшін қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Ал аналары Роза әже бүгінде 73 жаста. Ардақты әже бүгінде ұл-қыздарынан 12 немере, екі шөбере сүйіп отыр. Ол кісі жас кезінде кірпіш заводта кірпіш қалаушы болып жұмыс істеген. Еңбекқор жан әлі күнге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Жаз бойы бау-бақша егіп, күтіп-баптап, мол өнім алады. Ұлы мен келіні, анамыз бұл жұмысқа бізді араластырмайды. Барлық жұмыспен өзі айналысады дейді.
Қазақта “Адам еңбектен өзін қалдырғаны, қарттыққа бой алдырғаны” деген мақал бар. Шынында солай. Еңбек адамды ширатады, денсаулыққа да пайдасы зор.
-Отбасымызда екі ұл, екі қыз тәрбиелендік. Әкеміз өте еңбекқор, көп сөйлемейтін, ауыл-аймаққа сыйлы жан болатын. Ауылдағы көп кісілердің үйінің салынуына көмектесті. Еңбектен еш қашпайтын,- дейді Рашид Зиябекұлы.
Рашид Каипов 1976 жылы дүниеге келген. Мектеп бітірген соң қазіргі Ақбастау ауылындағы училищеде жүргізушілікті оқиды. Еңбек жолын совхозда жүргізуші болып бастайды. 90-шы жылдың басындағы тоқырау жылдары халық арасында жаппай жұмыссыздық жайлады. Рашид осы сәттерде ойлана келіп, бір трактор сатып алуды жоспарлайды. Көп кешікпей трактор сатып алып, онымен ауылдағы ағайынның үй іргесіндегі жерін жыртып беріп, табыс тауып жүрді. Кейін жемтартқыш құрал сатып алып, онымен де қосымша айналысты. Азын-аулақ мал асырады.
Еңбекқор азамат алдына отбасына заман талабына сай үлкен үй салуды мақсат етіп қойды. 2015 жылы үйдің құрылысын бастап, оны үстіміздегі жылы бітіріп, кіріп, отбасымен қуанышқа кенелген жайы бар.Әрине, барлығы адал еңбектің нәтижесі.
Рашидтің қазіргі таңда екі тракторы бар. Ірі қара мал бордақылаумен айналысады. Алдағы уақытта жеке шаруа қожалығын құрып, шаруасын кеңейтуді де жоспарлап отыр.
Жұбайы Айжан Болатбекқызы 1983 жылы Тараз қаласының маңындағы Шайқорық ауылында өмірге келген. Мектептен кейін Тараз Мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алады.
Еңбек жолын 2007 жылы Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды.
Рашид Каипов екеуі 2003 жылы отау құрып, бүгінде олар екі ұл, бір қыз сүйіп отыр.
Тұңғыштары Талғат 11 сыныпта оқиды. Болашақта IT маманы болуды армандайды. Қыздары Жанель 7 сыныпта, ал кішкентайлары Алмас 4 жаста.
-Рашид тік мінезді, қамқор, өте еңбекқор азамат. Алдына бір мақсат қойды ма, оған жеткенше тынбайды, әрі өте балажан. Балаларына ешқашан ұрысқан емес. Қандай жағдай болса да жай сөзбен түсіндіреді. Балаларын үнемі әділ болуға, адал еңбекпен нан табуға үйретіп отырады.
Бұл шаңыраққа мен үшінші курста оқып жүрген сәтімде, 19 жасымда келін болып түстім. Енем білмегенімді үйретті. Ол кісі өте ақкөңіл, жанашыр жан.
Үйде ешқашан мен енемін, сен келінсің, жұмысты сен істе деп отырған емес, жанымда көмектесіп, ақылын айтып жүреді.
Отбасын құрып, перзент сүю – адам баласы үшін үлкен бақыт. Бір жағы үлкен жауапкершілік. Себебі, өзіңнің ғана емес, жолдасыңның, сол отбасының, балаларының келешегіне жауаптысың. Сондықтан әйел адам шыдамды болуы керек. Бас қосқан екі жан бір-бірін түсінісіп, сыйласып өмір сүрсе, барлығы да дұрыс болады деп ойлаймын. Оның барлығы айтуға оңай болғанымен, оны дұрыс іске асыру адамның мінезіне, сана-сезіміне байланысты. Алайда бақытты отбасы боламын деген адам барлығына көңіл бөлуі керек. Ұл-қызыңа сөзіңмен емес, іс-әрекетіңмен үлгі бола білуің қажет.
Қара шаңырақтың әрине, жауапкершілігі жоғары. Қара шаңырақ – сол отбасының ұл-қызы өскен киелі ұя болғандықтан, олар қайда жүрсе де сол үйді сағынып тұрады. Сағынып, іздеп келгенде, соған сай сый-сияпат көрсетіп, сіз-біздесіп күтіп алып, шығарып салуға тырысасың. Әрине, сыйға – сый демекші, ол кісілерден де түсіністік болуы тиіс. Ол жағынан біздің үйдің қыздары да, ұлдары да, абысындарым да өте жақсы. Бір-біріміздің жағдайымызға, қас-қабағымызға қарауға, көмектесуге тырысамыз.
Абысындар татумыз. Бір-бірімізбен білгенімізді бөлісеміз.
Отбасымызда балалардың сабағына жете мән береміз. Үлкен ұлымыз жылқы малына жақын. Сабақтан бос кезде әкесіне көмектеседі.
Ал, қызым би өнеріне жақындау.
Жақында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай “Ынтымақ” өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен І халықаралық “Абай және Мұқағали оқулары” атты онлайн көктемгі байқау-фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алды,- дейді Айжан Болатбекқызы.
Ұстаз-ана ретінде Айжан ауыл жастарын толғандыратын мәселелерге де тоқталды.
-Ауыл жастарының басты мәселесі – жұмыссыздық. Жұмыссыздықтың салдарынан көптеген жастар қалаға кетіп жатыр. Біреулері қалада жұмыс істеп, жетістікке жетіп жатса, кейбірі, күнделікті күнкөрістің қамымен ғана жүр. Алайда ауылға қайтқысы келмейді. Олар ауылда жүріп-ақ жақсы өмір сүруге, үлкен жетістікке жетуге болатынын түсінбейді. Ол үшін адамда бала кезден туған ауылына деген сүйіспеншілік болу керек. Мысалы, мен өзімнің жолдасымды айтқым келеді. Ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Адал еңбегімен ел қатарлы заманға сай үй салды, ұл-қызын қатардан қалдырмай жеткізіп келеді. Қайырымдылық іске де қолынан келгенінше дайын тұрады. Яғни, барлығы адамның ниетіне, еңбегіне байланысты,- дейді Айжан.
Иә, еңбегіне қарай рақаты. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ. Саналы ұрпақ өрбітіп, адал еңбегімен, ынтымақпен бақуатты ғұмыр кешіп отырған Каиповтардың отбасына ортаймас ырыс тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»