Basty bet
Өз денсаулығымызға өзіміз жауапты екенімізді ұмытпайық
Нұрлыкент ауылдық округі – өңірдегі аудан орталығынан кейінгі іргелі елді мекеннің бірі. Мұндағы дәрігерлік амбулатория ауылдық округ аумағындағы ауылдармен қатар Көкбастау ауылдық округінің Бақалы және Теріс ауылдарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Оның құрамына үш ауылдың медициналық пункттері кіреді. Олар – Түктібай, Жаңа теріс, Бақалы медпункттері. Амбулаторияның тіркелімінде тұрған халық саны 5 795 адамды құрайды.
Мекемені 2019 жылдан бері жалпы тәжірибелі дәрігер Нұрладин Ермеков басқарып келеді.
Амбулаторияның диспансерлік есебінде тұратын науқастар саны – 520 адам, соның ішінде қан қысымымен, бронхиалдық астмамен, асқазан-ішек жолдары, қаназдық, қант диабеті, онкологиялық аурулармен ауыратындар бар. Әлеуметтік маңызды ауруларға жататын науқастардың барлығы шұғыл жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Одан бөлек, І, ІІ және ІІІ топтағы ересек мүгедектер саны 78, мүмкіндігі шектеулі бала саны 19, туу жасындағы әйелдер – 1107, соның ішінде жоғары тәуекел тобында – 5 әйел, ауған соғысының ардагерлері – 10. Әсіресе, бір және бес жасқа дейінгі балалар ерекше бақылауда болады. Босанатын әйелдер денсаулық жағдайына қарай, облыстық және аудандық деңгейдегі перзентханаларға жолданып отырады.
– Коронавирустық пандемия мекеменің жұмысына көптеген өзгерістер әкелді. Амбулаторияға кіреберіс «лас» және «таза» аймақтарға бөлінді. «Лас» аймақтан дене қызуы жоғары, жөтелі бар, тұмауратып келген науқастар және сырт мемлекеттен келіп, оқшаулауда жүрген емделушілер кіреді. Себебі, олар осы жерде сүзгіден өтеді. Әрі қарай, науқаста ауру белгілері бары анықталса, онда аудандық орталық аурухананың басшылығына, эпидемиолог дәрігеріне жедел хабарланып, науқасты арнайы көлікпен аудан орталығына жеткіземіз.
Ал «таза» аймаққа дені сау, «Д» есепте тұратындар, жүкті әйелдер, екпеге келген балалар, ата-аналары және профилактикалық шақыртулар бойынша келгендер кіреді. Амбулаторияда карантиндік шектеу шаралары қатаң сақталады. Ішкі кіргенде емделушілердің әлеуметтік арақашықтықты сақтауы, антисептикалық құралдарды пайдалануы және бетперде тағуы ұдайы қадағаланады. Бетпердесіз келген адам дәрігердің қабылдауына, емшара алуына жол берілмейді.
Дәрігерлік амбулаторияның персоналы аудандық орталық аурухана тарапынан жеке бастың қорғаныстық құралдарымен қамтамасыз етіліп отырады. Коронавирустық инфекция шыққан жағдайда біздің есебімізде 12 дана ЖҚҚ, 400 дана бірреттік медициналық бетперде, гуманитариялық көмек есебінен дене қызуын түсіретін аспирин, парацетамол, цефтракцион, гентамицин секілді препараттардың қоры жасақталды.
Медициналық персонал карантин режімдегі жұмыс жағдайына оқытылған. Құрамында бір дәрігер мен бір медбике бар бір мобильдік топ құрылған. Оның міндеті – аумаққа инфекция ошағынан келген адамның денсаулық жағдайын тексеру, 14 тәулікке үйінде карантинге қалдырып, ешқайда шықпауын қадағалау, тұрғындармен санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізу.
Карантин режімі енгізілгелі бері аумақта біздің белсенді бақылауымызда 26 азамат болды. Олардың көпшілігі мұнайлы батыс өңірден вахталық әдіспен жұмыс істеушілер. Олар жұмыс орындарынан үйлеріне қайтарылып, дүркін-дүркін келе бастады. 26 адамның ішінде КВИ диагнозы анықталғандары – 11. Олардың оны үйлерінде емделсе, біреуі Тараз қаласындағы провизорлық стационардан ем алды. Қазір барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Өкінішке орай, аумақта КВИ-нен екі адам қайтыс болды.
Өзіміздің медперсоналдың тең жартысы осы сәтте вирустық пневмониямен ауырды. Аға медбике Ұлбосын Көжекова аудандық орталық аурухананың жан сақтау бөлімінде жеті күн жатып, жағдайы жақсарғаннан кейін емдеу бөліміне ауыстырылды.
Бізде жыл сайын халықтың өз денсаулығын тексеру мақсатында скринингтік зерттеулер өткізіледі. Оған қоса аптасына бір мәрте кесте бойынша ауылдарға шығып, медпункттерді аралаймыз. Оған дәрігер, скринингке жауапты медбике қатысады. Аралау кезінде жергілікті жерлердегі медперсоналға нақты және әдістемелік көмек көрсетіліп, проблемалық мәселелерге баса назар аударылады,-дейді аға дәрігер.
Амбулатория «Даму МЕД» медициналық ақпарат жүйесіне қосылған, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген. Аумақтағы барлық дерлік емделуші ұялы телефондарына «Даму МЕД» қолданбасын жүктеп, оны жүйелі түрде қолданады. Тұрғындар осы қолданбаның көмегімен үйінде отырып-ақ, дәрігердің кезегіне жазылып, білікті медициналық кеңес ала алады.
Дәрігерлік амбулаторияда бүгінде 22 маман еңбек етсе, оның үшеуі дәрігер, 19-ы орта және кіші буынды медициналық қызметкерлер. Еңбек ұжымының ынтымағы мен бірлігінің, күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыруы арқасында мекеме алдына қойылған міндеттер мен межелерге қол жеткізіп, халықтың денсаулығын нығайту бағытында еселі еңбек ете береді.
– Сөз орайы келгенде індеттен сақтанудың сақтық шараларын тұрғындар назарына тағы бір мәрте жеткізгенді жөн көріп отырмын. Ол – аса зәру болмаса, адамдар көп шоғырланған жерге бармау, бетпердесіз ешқайда шықпау, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, медициналық мәдениетті дамыту. Әркім өз денсаулығы үшін өзі жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Сонда ғана біз медициналық көмектің деңгейін жоғарылатып, жұмысымызды дұрыс жолға қоя аламыз, – дейді аға дәрігер Нұрладин Меңлібайұлы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»