Basty bet

Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады…

немесе ұлағатты ұстаздар ұясына айналған Әлімбековтер әулеті туралы бірер сөз

Дана халқымыз: «Дарақ бір жерде көгереді» дейді. Ел ішінде бар саналы ғұмырын белгілі бір саланың дамуына арнаған жандар көптеп кездеседі. Жанымызда жүрген осындай жүрегі жылы, жүзі мейірімге толы жандарды кейде байқай бермейміз. Жаныңда тұрған таудың биіктігінің байқалмайтыны сияқты, кейде жанымызда жүрген жақсы жандарды өмірден өтіп кеткен соң барып «Қап, әттеген-ай? Неге сол кісіні көзінің тірісінде қадірлемедік екен, неге оның үлгі-өнегесін, жас ұрпаққа айтар ақжарылқап сөзін жазып алып, кейінгіге насихаттамадық екен?» деген сияқты өкініштер өзегімізді өртейтіні жасырын емес.

«Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең» дейді сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев. Жаны терең, жүрегі кең адамдар да дәл осындай. Арнасы кең өзеннің де асықпай ағатыны сияқты, кейбір жандар да жан-жағына танылмай-ақ, айқайламай-ақ ұлы істерді атқара алады. Олар көбінде қоғамның көзіне түсіп, жасаған ісін басқаларға міндетсіне бермейді. Мұндай азаматтар біздің ауданда да бар.
Ел іші қашанда алтын көмбе. Көлбастау ауылында ұстаздар әулеті Әлімбековтер жанұясы тұрады дегенді естіп, ардагер ұстаздар, әулеттің алтын діңгектері – Сейсен Әлімбеков пен Татьяна Әбдіхалықованың отбасына барып, арнайы сұхбаттасқан едік. Бүгінде жетпіс жастың асқарына иек артқан ардагер ұстаз Сейсен Әлімбекұлы бізді жылы қарсы алды. Кең отырып әңгіме дүкен құрдық. Ол кісі бізге өмір жолынан сыр шертті.
Сейсен Әлімбекұлы 1945 жылы Жамбыл ауданының бұрынғы Куйбышев колхозында туған. Әкесі колхоз бригадирі болса, анасы Ибакүл қатардағы жұмысшы болған. 1959 жылы бұл отбасы ата-бабаларының бұрынғы қонысы болған Көлбастау ауылына көшіп келеді. Бозбала Сейсен Талапты жетіжылдық мектебін бітірген соң 1963 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын батыс Украинада өтейді. Украинаның Закарпатье облысында үш жыл болып, елге келген соң оқуын қайта жалғастырады. Сөйтіп 1970 жылы институтты аяқтап, диплом алған.
-Өмірлік жарымды да институтта оқып жүргенде кездестірдім. Татьяна Әбдіхалыққызы екеуміз бір топта бір мамандықта оқығанбыз. Содан оқуды бітірген соң шаңырақ көтердік. Еңбек жолымызды да бірге бастадық. Алғашында аудан орталығындағы Г.Орджоникидзе атындағы орта мектепте екі жылдай жұмыс істедік. Татьяна бастауыш сыныптарға қазақ тілінен сабақ берсе, мен сурет және сызу пәндерінен ұстаздық еттім. Екі жылдан соң Мыңбұлақ қазақ орта мектебіне ауысып, ұстаздық жолымыз осында жалғасты. Мұнда Татьяна тарих пәнінен мен сурет және сызу пәндерінен сабақ бердім,- дейді ардагер ұстаз Сейсен Әлімбекұлы.
Өмір деген қызық қой. Ардагер ұстаздың негізгі игерген мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болғанмен, оның барлық еңбек жолы сурет салуға байланысты болды. Себебі, бала кезінен-ақ сурет өнеріне жақын болып өскен оның аңсары осы салаға ауды. Одан жаман болған жоқ. Сурет өнерін игеру арқылы көпке танылды, қолының өнері арқылы жүрген ортасына, жұмыс істеген ұжымына сыйлы болды. Ұстаздық ете жүріп талантты шәкірттерді дайындады. Сонымен қатар, ұстаздықтан қол үзбей жүріп-ақ аудандық мәдениет бөлімінің жанынан ашылған сурет шеберханасында 15 жылдан аса меңгеруші болып жұмыс істеді.
Суретші Сейсен Әлімбеков көбінде портрет, табиғат көріністерін бейнелейтін пейзаж, сондай-ақ, тақырыптық суреттер салғанды ұнатады. Мейрамдарға арнап салған шығармалары қаншама. Шәкірт тәрбиелей жүріп, өзі де сурет салудың қыр-сырларын үйренді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бар білгенін шәкірттерінің құлағына құйып, өмірлік мол тәжірибесін оқушылардың бойына сіңіре білді.
-Өздеріңіз білесіздер, Қайрат ауылындағы қазіргі Мыңбұлақ орта мектебі аудандағы байырғы оқу ошақтарының бірі. Талай түлектерді түлетіп ұшырған осынау білім ошағында жұмыс істегенімді әлі күнге дейін мақтан етемін. Өйткені, ауданға белгілі білікті педагогтармен әріптес болып, иық тірестіріп жұмыс жасадым. Атап айтсам, Медет Иманбаев, Әзімбай Ізтілеуов, Ізетбек Мұраталиев, Манап Әлімбеков, Аралбай Борашев сынды ұлағатты ұстаздармен сыйлас болдым. Олардан көп нәрсе үйрендім. Ал сурет саласында Нағыз Есенбаев, Мақажан Сейдалиев, Құралбай Жайықбаевтармен бірге жүріп, еңбек еттім. Қарап отырсам, ұстаздық еткен жылдарымыз өмірдің ең бір сәулелі шақтары екен ғой,- дейді ардагер ұстаз.
«Ердің даңқын еңбек шығарады» деген. Аянбай еңбек етіп, елге еңбек сіңірген ердің абыройы қашанда асқақ. 40 жылдан астам бір салада әрі бір орында табан аудармай жұмыс істеп, жас ұрпақты еңбекке баулуға тер төккен Сейсен Әлімбекұлының өмір жолын әрине, жас ұрпаққа молынан үлгі етуге тұрарлық.
Ардагер ұстаз мектепте жұмыс істей жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Оның еңбегі ауданда жаңадан жасақтала бастаған Батыр Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейін безендіру ісінде жарқырай көрінді деуге болады. Сейсен Әлімбекұлы музейді безендіруде бас суретші қызметін атқарды. Бұл жұмысқа суретшілер Нағыз Есенбаев пен Құралбай Жайықбаевтың да қосқан үлестерін айта кеткен ләзім.
-Әлі есімде, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі Ұлы Жеңістің 50 жылдығының қарсаңында ашылатын болды. Құрылыс қызу қарқынмен жүріп жатты. Ал ғимараттың ішінде әрлеу жұмыстарымен қатар, безендіру жұмыстары қатар жүргізілді. Тақырыптық стенділер, басқа да безендіру жұмыстарын жасадық. Баукеңнің музейінің жабдықталуына үлес қосқанымды мақтан етемін. Өйткені, әлем таныған ұлы тұлғаның рухына құрмет көрсету біздің парызымыз,- дейді ол.
Сейсен Әлімбекұлының осы қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1995 жылы оған «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» атағы берілді. Марапат демекші, ардагер ұстаз көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ұлағатты ұстаздар отбасы үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардың барлығына жоғары білім әперген. Үлкен ұлы (марқұм) Марат Әлімбековтың мамандығы тарихшы болатын. Шымкенттегі пединститутты бітірген ол өмірінің соңына дейін аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда тарих пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Бір өкініштісі, биыл көктемде 49 жасында өмірден озды. Ал бұл отбасының үлкен қызы Әлия мен екінші қыз Айгүлдің игерген мамандықтары да мұғалім. Әлия облыстық білім басқармасының әдістемелік бөлімінде әдіскер, Айгүл Тараз қаласында №33 М.Әуезов атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.
Ұлдары Қанаттың мамандығы құрылыс инженері. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы шетелдік құрылыс компаниясында құрылыс инженері болып жұмыс істейді. Ал кенже ұлы Жанат Тараз қаласында «АТФ» банкінің облыстық филиалында заңгер.
Бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздар Сейсен Әлімбеков пен Татьяна Әбдіхалыққызы ұлдарынан жеті немере сүйіп отыр. Олар өз сөзінде жас ұрпақ еңбек ету арқылы жетілгенде ғана дүниеде барлық нәрсенің қадіріне жететінін айтады.
-Өмірде оңай ештеңе жоқ. Біз де жас болдық, жас отбасы болдық. Көптеген қиыншылықты да көрдік. Жұмыс істеп, ұрпақтың тәрбиесіне атсалыстық. Отағасы екеуміз бірі-бірімізді сыйлау, түсінісу, ортақ тіл табысу арқылы өмір сүріп келеміз. Еңбек жолымыз да бір болды. Қарапайым қасиеттер арқылы көп нәрселерге қол жеткіздік. Ең бастысы, отбасында өнегелі ұл-қыздар тәрбиеледік. Еңбек ету арқылы ел құрметіне бөленіп келеміз. Осындай өнегелі өмірді нәсіп еткен Алла Тағалаға мың шүкіршілік айтамыз. Жас отбасыларға айтарымыз, үйлену оңай болғанымен үй болу қиын. Осы жолда шыдамдылық пен еңбекқорлық қатар жүруі керек. Сонда ғана көптеген жетістіктерге жетуге болады. Әманда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- дейді отанасы Татьяна Әбдіхалыққызы.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close