Basty bet
Мемлекеттік маңызды мәселе
Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. «Халық айтса қалт айтпайды» демекші, ерлі-зайыпты адамдарға арнап айтылған осы бір тамаша теңеу ғасырдың тереңінен толғанып, өмірдің бай тәжірибесінен шыққан болса керек. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Ауданымызда Жуалы ауданы әкімі жанындығы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
Жалпы, гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді.
Елбасы бекіткен гендерлік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң.
Әйелдер мен қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңдағы адам құқығы бұзылуларының бірі. Зорлыққа жол бермеуіміз керек. Бұл денсаулық пен өмірге қауіпті мәселе гендерлік теңсіздік, билікті теріс мақсатта пайдалану және жағымсыз нормалардан бастау алады. Зорлық-зомбылық әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді. Гендерлік зорлық-зомбылық отбасылар мен қоғамдастық арасындағы байланысты әлсіретіп, елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізуіне жол бермейді.
Гендерлік зорлық-зомбылық жайттары экономикалық дағдарыс, конфликт немесе эпидемия сияқты кез келген төтенше жағдай кезінде өседі. Былтырғы жылы ауданымызда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жөнінде бір дерек тіркеліп отыр. Бұл – ресми ақпарат. Ал, бейресми деректер қаншама?
Гендерлік теңдік дегеніміз – әйелдің билікке таласуы деген сөз емес…
Еліміздің қоғамдық өмірінде орын алып жатқан түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының, діни ағымдар зардабының, азаптаулардың алдын алу мақсатында республиканың барлық облыстарында дағдарыс орталықтары ашылып, жұмыстар жүргізілуде. Осындай қадамдардың бірі ретінде Жуалы ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік консультитивтік кеңес беру кабинеті 2020 жылдың 17-ші ақпанынан бастап жұмыс атқаруда. Мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмек пен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасы мен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдесу.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдар Отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Жоба аясында психологтардың қатысуымен түрлі семинарлар, тренингтер өткізілді. Биыл да «Отбасылық психологиялық орталық» жобасы жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда мұндай маңызды шаралар қоғамға қажетті, пайдалы жоба деп ойлаймын.
Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде Қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше. Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді. Сонымен қатар, олар өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді. Қазіргі қоғамда әйел азаматтарының кәсіпкерлік саласына көптеп бет бұрып жатқандығын байқауға болады. Бұл – құптарлық іс, әрине. Жалпы гендерлік теңдік мемлекеттік маңызды мәселе болып саналады.
Айсұлу АРЫНОВА,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы