Basty bet

Абай қайталанбас дара тұлға

Әдебиеттің қызметі әлемге нұрын шашатын күн көзіндей деп айтсам артық айтпасам кем айтпаған болар едім. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «Адамдардың өзін-өзі кемелдендіріп, өзгелерді кенелте алатын орасан мүмкіндіктерін іске қостырмай, иықтарынан қорғасындай басып, армандарынан айнытып, жігерлерін құм қылып бағатын найсап нәмерттік пен намыссыздықтан айықтыра алатын жалғыз дауа ол – Әдебиет» деген екен. Әдебиет дегенде алғаш еске түсетін бұл Абай атамыз болар. Міне, осы әдебиетпен астасып жатқан Абай атамызға бүгінде 175 жыл толып отыр.

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Семей облысының Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген. Әжесінің қолында тәрбиеленген Абай бала кезден зерек, ақылды болып өскен. Абай қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлға, ұлы ойшыл, философ, ақын. Ол ауыл молдасынан дәріс алып, сауатын ашқаннан кейін Семейге сауатын жетілдіру мақсатымен Ахмет Риза медресесінде оқыды. Абай медреседе оқып жүргенде Шығыстың поэзиясына қызығып, Шығыс ақындары сияқты өлең жазуға талпынды.
Абай өнер мен білім жолындағы ізденісін өз бетімен үйреніп, дамытады. 80-інші жылдардың ортасында Абай ақындық жолға бет бұрды. Абай өлеңдерді үзбей жазуға тырысқан. Бірақ, сол кездегі ел арасындағы тартыстар бірыңғай ақындықпен айналысуға мүмкіндік бермеген. Абай ақындық жолға бетбұрғанда өлең жолдарын білімге, өнер мен мәдениетке арнады. Ол 1885 жылы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» -деген тұңғыш шығармасын жазған. Осы өлең тұңғыш шығармасы болуымен қатар, ақындық өнер жолындағы Абайдың ізденісін танытады. Бұл өлеңінде ақын ғылым мен білімді зерттей алмағанына өкініш білдіруімен бірге, болашақта жастар қапыда қалмай өнер мен білімге ынталанып, еңбектенуіне жөн сілтейді. Ол өзінің ғибратты ғұмырында артына мол мұра қалдырып, 1904 жылы Семей облысында өмірден озды. Бірақ ақынның өмірі озғанымен оның есімі, мәңгі мұрасы шығармасы ел есінде мәңгі сақтаулы.
Ұлы Абайдың шығармалық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы жойылмайтын қазынасы. Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасырдан асты, содан бері ақынның шығармалары елі мен жұртының рухани өміріндегі бұрылыстар мен қиылыс тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбылнама болып келеді.
Ақын өзінің талантты шәкірттерін тәрбиелеп өсірді. Абайдың ізбасар шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Кәкітай және Мағауия болды. Абай көзі тірісінде өзінің өлеңдерін жинаған емес. Олардың әрқайсысын бір жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген. Олар Абайдың өлеңдерін жаттап алып отырған. Сөйтіп Абай өлеңдері қазақ даласында ауыздан-ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдері қолдан-қолға көшіріп алынды. Ондай қолжазба көшірмеге ие болу әрбір сауатты қазақ үшін зор ғанибет болатын. Кейінірек Абайдың туындыларын оның ұлы Тұрағұл жинастыра бастады. Абай өлеңдерінің ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын Кәкітайдын арқасында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жігер жұмсап, игі ықпал еткен адал ақын Көкбай Жанатайұлы (1864-1927) болды.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады.
«Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың бойына ана сүтімен дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді» деген екен Ж.Ысмағұлов. Десе дегендей қазірде Абайды танымайтын бала жоқ. Бала болса мейлі, қазірде Абайды танымайтын ел жоқ шығар. Абай жәй ғана ақын болып қалмады. Орыс жазушыларының өлеңдерін қазақ тіліне аударатын, мұндағы басты мақсат өзі емес еді, халқының көзін ашу болатын.
Ақын барды-бар жоқты-жоқ дейтін халықтық өлеңдер жазған. Ойы-қарапайым. Сезімі –тума, төл, адами. Тілі –жеңіл, халықтық. Абай елім, жұртым дейтін қазақ болған. Міне осындай қазақ елінің есінен ешқашан өшпес Абай қайталанбас дара тұлға.

Қымбат Еділбай,
№15 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close