Basty bet

ӘРТАРАПТЫ ӨНДІРІСКЕ БЕТ БҰРУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» делінген.

Жолдауда айтылғандай, соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келе жатқан егін жəне мал шаруашылығы ел экономикасындағы маңызы зор секторлар болып отыр. Республика халқының 46 пайызы өмір сүріп жатқан ауылдарда аграрлық өндіріс жетекші рөл атқаруы тиіс.
Қазақтың байтақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болған. Ата-бабамыз бұл кəсіп түріне ерекше мəн беріп, жесең – ас, кисең – киім, ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. Асыл тұқымды малды өсірумен айналысу – шаруашылықтар жұмысын алға жетелейтін басым бағыттың бірі.
Осы орайда біз аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақтөбе ауылдық округіне жасаған іссапарымыз барысында «Мұхиддин» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Округ орталығы – Бәйтерек ауылының іргесінде орналасқан шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған. Бүгінде ол аяғынан тік тұрып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлесін қосып келе жатқан жайы бар. Шаруашылық басшысы Светлана Кәрімова, дегенмен қожалықтың барлық жұмысын ұлы Керімхан жүргізеді. Отағасы Мейірхан Кәрімов те үнемі ақыл-кеңесін, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады.
Шаруашылық басшыларын жұмыс басынан жолықтыра алмағандықтан, бізді малшы Шәріпхан Айтқұлов бастап алып жүрді. Оның әңгімесінен көп жайға қанықтық. Қожалық бұрынғы әскери кеңшардың жем-шөп базасын сатып алып, өндірістік базаға айналдырыпты. Мұнда астық, көкөніс, мал азығын сақтайтын қоймалар, ірі қара малға арналған қысқы жəне жазғы қоралар бар. Пішен мен сабан маялары үюлі тұр. Күтімі келіскен қара-ала сиырлар мен құнажындар сыртқы жайдақ қорада еркін жүр. Оларға түске дейін бір мезгіл сүрлемдік жүгері беріледі. Мал күтімімен екі малшы айналысады. Одан бөлек, екі сауыншы және екі механизатор жігіт еңбек етеді.
Қожалықтың қызметі сан салалы деуге болады, ол мал, егін шаруашылығын өркендетумен қатар бау-бақша өнімдерін де өсіреді екен. Әртарапты өндіріске бет бұрған шаруа қожалығында бүгінде он гектар алма бауы, бес гектар жүгері алқабы да бар.
Қожалықтың меншігінде қазіргі таңда 70 гектар егістік, 120 гектар жайылымдық жері бар. Бұрнағы жылдары қызылша, көкөніс дақылдарын өсірген. Шаруашылық алдағы жылдың өнімі үшін 30 гектар алқапқа күздік бидай сеуіп қойыпты.
Шаруашылық бүгінде малдың санына ғана емес, оның сапасына да баса назар аударуда. Қожалық басшысының мал тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмысы жемісін беріп келеді. Көп уақыт пен күш-жігерді қажет ететін селекциялық жұмыстардың арқасында бүгінде мұнда бағылатын 60-тан астам сиырдың басым бөлігі асыл тұқымды болып отыр. Оның 20-сы сауылып тұр. Әрқайсысынан орта есеппен 25-30 литрден сүт сауылады. Алғаш 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен жергілікті жерден әртүрлі ірі қара мал сатып алып, тұқымын асылдандыру ісіне кіріскен. Алғашқыда Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэрден жыл сайын асыл тұқымды бұқа әкеліп, тұқымды жаңарта бастаған. Былтыр Алматы облысының Жетіген ауылынан таза сүт бағытындағы қара- ала «голдштино-фриз» тұқымды бұқа әкеліп, табынның сапасын арттыруда.
– «Сыбаға» бағдарламасы мал өсіремін, тұқымын асылдандырамын деген шаруа адамына таптырмас мүмкіндік екен. 2011 жылы біз осы бағдарламаны пайдаланып, алғашында 30 бас ірі қара малды несиеге алдық. Несиемізді дер кезінде төлеп, биыл күзде Ресейден тағы да асыл тұқымды 30 бас құнажын әкелдік, – дейді Керімхан бізбен телефон арқылы сөйлескенде.
Шаруашылық төрт түліктің жемшөп қорын дайындау мақсатында көпжылдық шөп егуді де қолға алған. Қысқа жем, шөп қоры жеткілікті. Мал азығын дайындау процесі автоматтандырылған. Шетелдік шөп турайтын агрегат қондырылған, сүрлем дайындайтын шұңқыр бар. Шаруашылықтың өз алқабында өсірілген жүгері агрегатпен туралып, майдаланып, сүрлем дайындалатын шұңқырға тасталады. Буы бұрқыраған сүрлем трактор тіркемесіне тиеліп, күніне бір мәрте сиырларға беріледі. Минералдық заттар мен протеинге бай құнарлы азық болып есептелетін сүрлем сиырдың сүтін арттырады.
Нақты тындырылған жұмыстар көзге көрініп тұр. Қазіргі уақытта шаруашылық қанатын кеңге жайған: кәсіпорынның мал қоралары мен басқа да өндірістік үй-жайлары әжептәуір аумақты алып жатыр. Бұл жерде онға тарта адам еңбек етіп, тарықтырмайтын көлемдегі тәп-тәуір жалақы алады. Адал еңбектің арқасында шаруа қожалық жылдан-жылға өсіп-өркендей бермек.
«Мұхиддиннің» келешектегі жоспарлары аз емес. Мал тұқымын асылдандыру ісін одан әрі жалғастырып, сүт бұлағын тасыту.
«Мал баққанға бітеді» дегендей, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Талай жылғы бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Мұхиддин» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір».

Таңдаулы материалдар

Close