Basty bet
Баланың тууын тіркеуге электронды өтініш беру
Құрметті аудан тұрғындары! Қазіргі таңда сіздер мемлекеттік қызметтерді алу туралы өтінішті үйреншікті форматта, яғни, мекемелерге барып, көптеген құжаттарды жинап, қағаз жүзінде бергенді дұрысырақ көресіздер. Алайда мемлекеттік қызметтерді онлайн алып, өз уақытыңызды үнемдеуге болады. Өтініш берудің тез және тиімді жолы – ол «электрондық үкімет» порталы арқылы беру. Ол үшін Сіздің жеке ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңбаңыз) болуы қажет.
Сәбидің туылуы – әр отбасындағы маңызды және қуанышты оқиға. Жас ата-аналарға сәбидің туылуына ғана емес, тууды тіркеу туралы өтінішті беруге де дайын болу қажет. Баланың тууын тіркеуге өтініш берудің тез және тиімді жолы – ол «электрондық үкімет» порталы арқылы беру.
«Жуалы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесі» «www.egov.kz» порталы арқылы тууды тіркеуге өтініш берудің келесідей қадамдық нұсқасын ұсынады:
1-қадам. «www.egov.kz» электрондық үкімет порталында тіркелу қажет. Егер тіркелген болсаңыз, ЖСН мен құпиясөз немесе ЭЦҚ қолданып, авторизациядан өту қажет.
2-қадам. Электрондық үкіметтің басты бетінде «Отбасы» парағына кіріңіз.
3-қадам. «Бала» парағына өтіп, «Баланың тууын тіркеуге электронды өтініш беру» қызметін таңдаңыз.
4-қадам. Парақшаның оң жағындағы үстіңгі бұрышында «Онлайн сұрау» батырмасын басыңыз.
5-қадам.Өтініш бланкісі шығады, мұнда қызыл түспен белгіленген жолдар міндетті түрде толтырылуы қажет:
Өтініштегі ең бірінші толтырылатын терезе арыз берушінің тұрғылықты облысы. Келесі өтініш жіберілетін (АХАТ) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімін таңдаймыз (Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Жуалы ауданы әкім аппаратының персоналды басқару бөлімшесі»), сосын өтініш берушінің байланыс телефонын көрсетеміз.
Өтініштегі келесі қадам – баланың ата-анасы туралы мәліметтерді толтыру, бұнда қызыл түспен белгіленген және толтырылуға міндетті болып келетін барлық жолдарды толтырамыз. Баланың ата-анасы туралы барлық жолдарды толтырғаннан кейін, «бұдан әрі» батырмасын басу қажет. Сізді өтініштің «Бала туралы мәлімет» деген келесі кезеңіне аударып жібереді.
Бұл кезеңде автоматты түрде медициналық мекемеде толтырылған баланың туу туралы медициналық анықтамасындағы мәліметтер шығады, яғни: жынысы, туған күні, туылған мекеменің атауы. Одан кейін баланың деректерін толтырамыз: оған берілетін тегін, атын, әкесінің атын. Барлық қажетті жолдарды толтырғаннан кейін «Одан әрі» батырмасын басамыз, Сізді келесі «Қол қою» кезеңіне аударып жібереді.
6-қадам. Бұл кезеңде өтінішті өзіңіздің электронды цифрлық қолтаңбамен бекіту қажет.
Осымен, Сіз онлайн-тәртіпте баланың тууын тіркеуге электронды өтініш беруді ойдағыдай аяқтадыңыз!
Берілген өтініштің мәртебесін Сіз мәзірдің оң жаңындағы жоғары бұрышта орналасқан «қызметтер алу тарихында» қарай аласыз. Яғни, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қойғаннан кейін, ол көрсетілген АХАТ (ЗАГС) бөліміне түседі. АХАТ бөлімі, Сіздің электронды өтінішіңізді қабылдап, тіркегеннен кейін, Сізге автоматты түрде баланың туу туралы куәлігі қашан дайын болатыны, АХАТ бөлімінің мекенжайымен мен телефондары көрсетілген хабарлама келіп түседі.
Хабарламада көрсетілген күні Сіз АХАТ бөлімінен баланың туу туралы куәлігін алып кете аласыз. Алуға келгенде, өзіңізбен бірге: баланың туу туралы медициналық куәлігінің түпнұсқасы және жеке куәлігіңіз болу қажет.
Динара Қалдыбекова,
аудан әкімі аппаратының
персоналды басқару бөлімшесінің
бас маманы