Basty bet
«Ат – ердің қанаты!»
аудан аумағындағы 91678 әскери бөлімінің таулы-егерлік полкінде тұлпарларға күтім жасау орны ашылды
Қуатты әскер – елдің қорғаны. Айбынды әскеріміз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына былтыр 30 жыл толғаны белгілі. Осынау жылдардың ішінде еліміздің әскері заман талабына сай дамып, жауынгерлердің біліктілігі артып, жалпы қорғаныс қуаты жан-жақты күшейтілді.
Ел іргесінің берік, шекара шебінің қауіпсіз болуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінің де атқарып отырған рөлі зор. Олай болатыны, 91678 әскери бөлімінің құрамында арнайы мақсаттағы таулы-егерлік полкі жасақталған. Аталған әскери құрылымның әскери қызметшілеріне таулы жерлерде қызмет атқаруға, оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға тек арнайы үйретілген аттар ғана көмектеседі. Олар әскери техника өте алмайтын шатқалды таулы жерлерден жеке құрамды тасымалдайды. Онымен бірге үйретілген аттар жеке құраммен қатар, оқ-дәрілер, қару-жарақ, тағы да басқа ауыр заттарды тасымалдауда үлкен рөл атқарады.
Жалпы қазақ халқы атты ердің қанаты, батырдың жан серігі деп танып, қасиетті жылқы малын ерекше қадір тұтқан. Батырлардың жан серігіне айналған қасиетті тұлпарлардың жорықтар мен қанды шайқастардағы аңызға бергісіз ерліктері туралы мысалдар тарихта жетіп-артылады. Әскери аттарды жасына және мүмкіндігіне қарай машықтандыру және тәрбиелеу «Қобыланды батыр» жырында Тайбурылды, «Ер Тарғында» Тарланды үйретуді еске түсіреді. Ердің абыройын асыратын есті жылқылар әлі де бар. Мұндай жануарларды іздесеңіз, оны тек біздің аудандағы әскери бөлімнен ғана табуға болады.
Ақылды жануарларды әскери машыққа үйрету ісі – әскери қызметшілерден үлкен дайындықты және сезімталдықты қажет етеді. Сондықтан аттардың тілін тауып, оны үйрету оңай жұмыс емес. Ал текті жануарды күту ісі одан да қиын.
Осы мақсатта биыл жаз бойы 91678 әскери бөліміне қарасты таулы-егерлік полкінде ат ауласы, дәлірек айтқанда, тұлпарларға күтім жасау орнының құрылысы жүргізіліп, қысқа мерзімде аяқталды. Атап айтсақ, жауынгерлік аттарға заманауи жылы қора салынып, күні кеше ғана пайдалануға берілді.
Сейсенбі күні 91678 әскери бөлімінде «Ат ауласының» ашылу салтанаты ұйымдастырылып, оған аталған бөлімнің, «Тараз» гарнизонының әскерилері мен жеке құрамы және қонақтар шақырылды. Қонақтардың арасында ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ-ның мүшелері бар.
Жиынның мақсаты – бөлімнің әскери шаруашылық дәрежесін көтеру және әскери қызметшілерді әрі қарай қызмет атқару үшін үгіт-насихат жүргізу.
Ат ауласының ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды. Алғашқы сөз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаевқа берілді.
-Қазақстан Республикасының Жуалы ауданындағы шекаралық аймағының 40-45 пайызы адам аяғы жете алмайтын таулы аймақтарда орналасқан. Шекараны қорғау – біздің міндетіміз. Сондықтан әскерлердің таулы жерлерге баруға мүмкіндігін жауынгерлік аттар ғана арттыра алады. Біздің осында жиналып отырған себебіміз де – біреу. Осында тұлпарларға күтім жасау орны ашылып отыр.
Құрылысқа тоқталатын болсам, ат алаңы қысқа мерзімде салынды. Бұған әскери бөлімде қызмет атқаратын әскерилермен қатар, аудандық пайдалану бөлімінің де қызметкерлері белсене атсалысты. Бұл ретте күтім жасау орнының ауласын абаттандыруға көмек көрсетіп, қол ұшын созған Жуалы ауданының басшылығына ерекше алғысымды білдіремін. Құрылысқа атсалысқан барша азаматқа қолбасшылықтың және өзімнің атымнан рақмет айтамын.
Мұндай ат ауласы бізге өте қажет. Мұнда аттарды ұстап, оған күтім жасап қана қоймай, әскери әдіс-тәсілдерге машықтандыру жұмыстары да қатар атқарылады. Таулы-егерлік полкының сарбаздары жауапкершілікпен қызмет атқарады деп сенемін. Баршаңызға алғыс білдіремін,- деді қолбасшы мырза.
Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза да құттықтау сөз сөйлеп, «Оңтүстік» өңірлік әскерлерінің қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің Жуалы ауданының аумағында орналасқанын үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін ерекше атап өтіп, ел аспанының ашық, шекараның берік, әскерлердің қырағы болуына шынайы тілектестігін білдірді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев және аудан әкімі Жалғас Мұртаза ат ауласының құрылысына атсалысқан бірқатар әскерилерді және аудандық пайдалану бөлімінің қызметкерлерін Алғысхаттармен марапаттады.
Ат алаңының ашылу салтанатында ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ-ның төрағасы Предебай Оспанов сөз сөйлеп, әскерлерге игі тілектерін жеткізді.
Жиынның ресми бөлімінен кейін қонақтар жаңадан салынған тұлпарларға күтім жасау орнын асықпай аралап көрді. Бұл туралы толығырақ айта кететін болсақ, ат қорасы төрт бөлікке бөлінген. Мұнда әр аттың бөлек-бөлек өз орны бар. Жауынгерлік мініс аттары осында бапталып, оларға жауапты сарбаздар тиісті күтім жасайды. Мініс аттарын күтіп-баптаудан бөлек, серуендету және шомылдыруға да жағдайлар жасалған.
Одан бөлек, аттардың жемшөп қоры да арнайы жабық орындарда алдын ала дайындалған. Атап айтқанда, жауынгерлік аттарға шөптен бөлек, арпа, сұлы, құнары мол басқа да жармалар беріледі. Бұл – өте қажет.
Таулы-егерлік полктың әр әскери қызметшісіне бір-бір аттан бекітілген. 91678 әскери бөлімінің құрамындағы арнайы мақсаттағы таулы-егерлік полкы бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі осы бағыттағы жалғыз құрылым болып табылады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»