Basty bet

Рухани жаңғыруымыздың ұлы кезеңі

Ұлт әдебиетінің бастау биігінде тұрған ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық торқалы тойы қарсаңында ел билігінің Абай күнін белгілеуі халқымыз үшін ақжолтай жаңалық болды. Абайға құрмет – бұл тек жеке тұлғаға ғана емес, қазақ халқына, оның руханиятына көрсетіліп отырған құрмет.

Абай алаштың ғана емес, адамзат ақыл-ойының алыбы. Яғни, адамзаттың өмір бағдаршамы. Сондықтан күнтізбеге жаңадан енген Абай күні құтты болсын!
Абайдың әр сөзінде келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар бар. Яғни, әр сөзінен ақыл-ойың толысып, рухани күш-жігер аласың.
Бүгінгі таңда Абай шығармалары әр қилы халықтар мен мәдениеттерді жақындастырып, барлық көзі ашық адамзаттың рухани игілігіне айналып отыр.
Абай Құнанбайұлының халқына қалдырған ұлы мұрасында адамдық ар-ожданға кір келтіретін кемшіліктерден арылып, ең алдымен рухани өркениетке ұмтылуға, білімін тереңдету жолына түсуге, өз халқының ғана емес, өзге халықтардың да өнері мен кәсібін үйренуге шақыра отырып әлемнің ұлы халықтарының деңгейіне көтерілуге болатыны айтылады. Кемеңгер ойының дұрыстығын уақыт дәлелдеп отыр.
Қай қоғамда болсын Абайды танып-білу арқылы өзімізді толғандырған мәселелердің жауабын таба аламыз. «Адал жүріп, адал тұр» дейді Абай. Адам баласы қашанда артық білуге ұмтылуы қажет. Адам өзін-өзі батыр қылуға, жұртты сүюге тәрбиелеуі керек. Білім арқылы ғана қазақтың көзі ашылады, халықты, жерді заң бойынша қорғай алады, өркениетті елдермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туады.
Өлеңдері мен қара сөздерінде Абайды алаңдатқан мәселе – қазақтың болашағы екені ақиқат.
Абай атамыз төртінші қара сөзінде былай дейді: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харакетпен азайт!». Ұлы ойшыл бұл қара сөзінде ойын былай түйіндейді: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».
Отыз сегізінші сөзінде: « Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім!
Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат. Әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселермен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим (өзіндік дұрыс қасиет, өзіңе тән мінез-құлық) һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп, таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді. Қысқасы, хакім Абайдың қара сөздеріндегі адамзат баласына, оның ішінде халқына айтары – жамандық пен арамдықтан адалдыққа барынша жақындау, еңбекті, ғылым-білімді сүю, жалқаулықтан, масылдықтан аулақ болу.
Абайдың ой-өрісін, болмысын бәріміз: үлкеніміз, кішіміз, байымыз да, кедейіміз де жақсы көреміз, таңырқаймыз, мойындаймыз. Алайда іске келгенде оның айтқандарын іске асыруға тырыспаймыз. Сондықтан Абай атамыздың мол мұрасын насихаттай отырып, істе пайдалануымыз керек. Яғни, ойымыздың төркіні – ақыл-ой, ғылымға деген дүниетанымдық көзқарас пен әлеуметтік қарым-қатынас түзелмей, мәдениеті жоғары өркениетті ел болуымыз қиын.
Құрметті оқырман!
Жалпыхалықтық сипатқа ие болған Ұлы ойшылдың мерейтойы, жас ұрпаққа берері мол мерекеміз – Абай күні құтты болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close