Basty bet

Ауылдар Қарасазға қарап бой түзейді

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритміне сәйкес кезекті іссапармен Қарасаз ауылдық округінде болып, осындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Аудан басшысы алдын ала бекітілген жұмыс кестесі бойынша ең алдымен округтің орталығындағы «Қарасаз» бөбекжай-балабақшасының жұмысымен кеңінен танысты. 140 балаға арналған типтік үлгідегі балалар бақшасында барлығы алты топта осынша бала тәрбиемен қамтылып отыр. 2005 және 2012 жылдары орта жөндеуден өткен ғимарат тағы да жөндеу жұмыстарын қажет етіп отыр. Атап айтқанда, бірінші қабаттың дәлізі шөгіп кеткен. Шайынды суларды сыртқа шығаратын жүйе жұмыс істемейді. Одан бөлек, еденнің бетіне төселетін линолеумы әбден тозған. Бөлмелердегі кілем, перделер көп жылдан бері жаңартылмаған. Балаларға да ойыншықтар жетіспейді. Бұл мәселе де балғындардың дамуына өзінің кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Мектепке дейінгі мекемедегі осы және өзге де проблемалар туралы балабақша меңгерушісі Сәуле Даниярова айтып берді.

Осыдан үш жыл бұрын Қарасаз ауылында тұрғындардың күшімен және кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен орталық көшеден Алла үйі бой көтерген болатын. Ауылдық мешіттің имамы Асқар Назарбеков ауылдағы діни ахуалдың тұрақтылығы, жылдан-жылға мешітке келетін жастардың қатары артып отырғаны туралы жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков құлшылық орнында болғанда ауыл қарияларымен пікір алмасып, кәсіпкерлік кең қанат жайып, ынтымағы мен бірлігі жарасып, ырыс қазанын тасытып отырған Қарасаз ауылынан ауданның басқа ауылдары үлгі алып, осынау ауылға қарап бой түзеу керектігін айтты.
Аудан басшысы келесі кезекте Пушкин атындағы орта мектептің жай-күйімен танысты. Мектеп директоры Нұридин Нұрғабылов білім ошағының есіктерін ауыстыру мәселесі бар екенін әкімнің назарына салды. Сонымен бірге арнайы жабдықталған көне заттар музейімен де таныстырды.
Аудан әкімінің округке сапары одан ары қарай Жұрымбай, Ақбастау ауылдарында жалғасын тапты. Онда аудан басшысы Нарбай Ергебековтың назарына бес келушіге арналған медпункттің, Б.Майлин атындағы орта мектеп пен «Қарлығаш» балабақшасының жұмысы ұсынылды.
Нарбай Ергебеков Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде тұрғындармен жиын өткізді. Онда алғаш болып Қарасаз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бақыткүл Жексекеева алты айдағы қорытындысы туралы есепті баяндама жасап, сонымен бірге жұмысты жүргізуге кедергі келтіріп отырған түйінді проблемаларды да ортаға салды.
-Округ бойынша 768 аулада 3459 тұрғын бар. Барлығы 16 ұлттың өкілі тұрады. Округтің жер көлемі 27 мың 872 гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы алқабы 19 мың 547 гектарды құрайды. Биылғы жылдың өнімі үшін шаруалар 1335 гектарға бидай, 3010 гектарға арпа, 11 гектарға жүгері, 72 гектарға картоп, сонымен қатар 20 гектарға бақша дақылдарын отырғызды. Көпжылдық шөптің көлемі 2625 гектарға тең. Жаңадан егілген жоңышқаның көлемі 260 гектар.
1007 гектар жеріміз «Ақсанат» серіктестігінің еншісінде. Бұл шаруашылық осынша жердің барлығын тиімді мақсатта игеріп, оған арпа, бидай, көпжылдық шөп егіп отыр. Мал басы санының артуында біршама өсім бар. Округте 2017 жылы екі бірдей ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. «Қарасаз-2017» сүт бағытында жұмыс жасаса, ал «Береке-2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ет бағытында өнімді еңбек етіп келеді. 65 адамнан құрылған іргелі ұжым осы күнге дейін 801 бас ірі қара мал сатып алды.
Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, көктемгі көріктендіру айлығы, қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету, округ аумағында табиғи өрттердің алдын алу бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып отыр деуге болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен өңірде алғаш рет қолға алынып отырған «Қарапайым заттар экономикасы» мәселелері бойынша өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге 32 миллион теңгеге бес жоба, мал шаруашылығын дамытуға құны 88 миллионнан асатын 43 жоба дайындалды. Жобалардың жалпы құны 120 миллионнан асып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды округ әкімшілігінің мамандарымен бірлесіп ары қарай жалғастыра беретін боламыз.
Ағымдағы жылдың алты айында округке қарасты ауылдарда тұрғындардың игілігі үшін бірқатар шаруалар атқарылды. Атап айтқанда, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасымен Көктас ауылының Достық көшесін жөндеу мен жарықтандыруға қомақты қаржы бөлініп, бүгінде жұмыстар толықтай атқарылды. Сондай-ақ, 750 мың теңгеге Жұрымбай ауылының орталық көшесіне «Стрит воркаут» алаңшасы ашылып отыр.
Ауылдық округ бойынша өзекті мәселелердің де тізбесі жасалынып, аудандағы тиісті құзырлы мекемелерге хаттар жолданды. Проблемалардың дені көше жолдарын жөндеу, жарықтандыру, Ақбастау ауылына ауыз су жүйесін жүргізу, Қарасаз ауылында арық суын ретке келтіру мен жайылым мәселесі болып отыр,- деді Бақыткүл Хасенқызы.
Жиын барысында аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз сөйлеп, баяндамада атап көрсетілген жұмыстарды талдай келе, ауылдық округте туындап отырған өзекті мәселелерді шешу ісінде тұрғындардың белсенділігі мен жанашырлығы аса қажет екенін баса айтты. Басқосудың сұрақ-жауап бөлімінде ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімдеріне ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close