Basty bet
Абайдан асқан ақын жоқ
Биылғы жылы ел өмірі айтулы оқиғалармен айшықталғалы отыр. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Бұл ел өміріндегі, ұлт руханиятындағы елеулі оқиғалардың бірі ретінде халықтың есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.
Біздің буын ұлы ақын Абайдың жырларын жастайымыздан жаттап өстік. Алыс ауылдың мектебінде білім алсақ та Абай есімі біздің жүрегімізге өте жақын. Дәлірек айтқанда, төртінші сынып оқып жүргенде-ақ ұлы ақынның шығармаларымен таныса бастадым. Ақынның жырлары жанымызға жақын болғаны соншалық, аз уақытта жаттап алдық. Одан кейін есейе келе заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың қаламынан туған «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып шықтым. Абайдан қалған асыл мұра, ұлы ойшылдың өмірі мен тағылымды шығармалары туралы жазылған дүниелер бізді жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, адамдарға құрмет көрсетуге тәрбиеледі. Жалпы Абай жолы, Абай өнегесі халқымыздың адастырмас темірқазығы. Болашаққа жол бастар шамшырағы.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы – қазақ руханиятының мерейтойы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын аса ыждаһаттылықпен оқып шықтым. Мақаланың өн бойында көрініс тапқан құнды ойлар менің де көңілімнен шығып отыр. Ел Президентінің мақаласындағы: «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы тұру керек деп санаймын» деген тағылымға толы ойы әр қазаққа ой салуы тиіс. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі» деген ұлы ақын жайындағы пікірі де Президент мақаласында көрініс тауып отыр.
Ұлылар сабақтастығы дегеннен шығады бәрі. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы артына «өлмейтұғын сөз» қалдыруымен қатар өзінің немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлын лайықты тәрбиелей білді. Шәкәрім атамыз да терең философиялық ойларымен, қазақ әдебиетінде жаңа бағыттарға түрен салуымен, қысқасы, Абай ілімін лайықты жалғастыруымен танымал. Ұлылардың үндестігіндей болып қос алыптың кесенелері де қатар тұр. Осы орайда Абайдың мерейтойын аталып өтілгенде Шәкәрімнің де есімі ұмытылмауы керек.
«Ұлылар келеді, ұлылар кетеді» демекші, ұлылар салған сара жол ешқашан адастырмайды. Ізгілік жолына түскен адам ғана жақсылыққа жетеді. Өзін тәрбиелейді, өзгеге де қол ұшын созады. Иә, ұлы ақын: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидалы өсиет сөз тастап кетті. Адамзатты сүю деген – ең алдымен ата-анаңды сыйла, айналаңа құрметпен қара, ешкімге қиянат жасама деген мағынаға келіп саяды. Ұлы ақыннан қалған ғибраттың бірі осы.
«Жақсының көлеңкесі де жақсы» дейді халық даналығы. Ұрпақтарына ұлылардың атын ырымдап қою дәстүрі біздің халқымызда ежелден бар. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне ұлдарын Абай есімімен атаған жанұялар біздің елде жетіп-артылады. Бұл ұлы ақынға жасалған халықтың сый-құрметі. Одан соң Абай мұраларының бірден-бір мұрагері, өзі де «Абай жолы» шығармасы арқылы ақын болмысын қара сөзбен сомдап, Абай өмір сүрген замандағы қоғамдық көріністер мен саяси оқиғаларды шебер суреттеген жазушы Мұхтар Әуезовтың, роман-эпопеядағы Ербол, тағы басқа кейіпкерлердің құрметіне олардың есімін балаларына қойған отбасылар да көптеп кездеседі. Қазір де халық арасында ұлы тұлғалардың есімін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай игі дәстүрдің ел болашағына тигізер әсері мол.
Абай –дана, Абай –дара. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшыл Абайдан асқан ақын жоқ.
Жарас МҰРАТАЙ,
қаржы саласының үздігі.
Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы