Basty bet
«Қарапайым заттар экономикасы»: тұрақты дамудың жолы
Еліміздің Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» дамытуды тапсырған болатын. Халықтың азық-түлігін, киім-кешегін, басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндіру керектігіне назар аударған еді. Сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсартудың мол мүмкіндігі туралы айтылған. Осы бағытта отандық кәсіпорындарды дамытуға 600 млрд теңге қаржы бөлінген. Отандық өнім өндірушілерге қолжетімді несие беру мәселесі туралы Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданған. Аталған қаулы негізінде елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол карталары әзірленіп, халықтың жағдайын түзету бағытында жұмыс істейтін болады.
Бұл дегеніміз не? Бұл – сол қарапайым бұйымдарды алу үшін де халқымыз қыруар қаржыны шетелге жіберіп жатыр деген сөз. Өз елімізден қаншама шикізат қоры шыққанымен, дайын өнімге айналдыру деңгейі төмен. Мысалы, қойдан қырыққан жүн жіпке айналдырылмайды, мал терісі де өңделмейді, мата да шығарылмайды. Балаларымыздың ойнайтын ойыншықтары да шетелдікі. Көлігіміз де, киіміміз де шетелдікі. Сондықтан да Үкімет «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ден қойып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сол арқылы импорттың үлесін азайтуға маңыз беріп отыр.
-2019-2025 жылдары аралығында 300-ге жуық жоба іске асатын болады. Болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын өңдеу көлемі 4 триллион теңгеден 9 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл – аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет,- деді Қазақстан Республикасының Премьер- Министрі Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, 7 жылдан кейін импорттың үлесі 59% -дан 37%-ға дейін түседі. Есесіне отандық тауарлардың көлемі артады. Осыған байланысты өңдеуші кәсіпорындарды әртараптандыру шаралары жалғасады. Осы бағдарлама аясында 365 тауар өндіру түріне, оның ішінде,118 азық-түлікке және халық тұтынатын 247 тауарға жеңілдетілген несие беріледі.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінен екі бағытта жүргізіледі. Осы арқылы өңірлерде оны іске асыру бағытында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа мамандардың еңбекке тартылуына ықпал етіледі. Жаңа бағдарлама осы маңызды мәселелерді шешуде аса қажет және ол көпшіліктің қолдауын тапты.
Біздің ауданның әр ауылдық округінде әрбір елді мекендерге талдау жүргізіліп, халықтың әлеуетін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Арнайы «қарапайым заттар экономикасы» жобасына байланысты ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері ауыл азаматтарының көмегімен ауыл тұрғындарының үйлерін аралап, алған барлық қажет мағлұматтарды ақпараттық жүйе арқылы арнайы базаға енгізуде.
Осы бағытта ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстардың деңгейімен, ауыл тұрғындарының шешілмей отырған мәселелерімен танысу мақсатында жуырда аудан әкімі Нарбай Ергебеков бастаған жұмыс тобы арнайы бірнеше ауылдық округтерде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Аудан әкімі алғашында атбасын Нұрлыкент ауылдық округіне бұрды. Жұмыс тобы құрамында аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдері басшылары Рахымғазы Құниязов пен Талғат Әмірәлиев және Жамбыл облысы инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының Жуалы ауданындағы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мырзатаев бар. Олар ауылдық округтер әкімдігіндегі әрбір елді мекендерге талдау жүргізілген құжаттарымен танысып, келтірілген кемшіліктерге байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Мұнда арнайы бір маман «қарапайым заттар экономикасы» базасына енгізуге бекітілген. Онда 23 баған (графа) бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру керек.
– Бұл бағдарлама жұмыссыздарға өз ісін ашуға, жұмысты болуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамыту- әлеуметтік- экономикалық, саяси тұрақтылықтың негізі. Мемлекет кәсіппен айналысуға барлық жағдай жасап отыр, соны пайдалану керек. Осындай мүмкіндікті жіберіп алмай, елдің жағдайын жасауға, кәсіпкерлікті дамытуға, оның ішінде ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін зерделеп, қажет өндіріс орындарын, шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашу керек,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Одан кейін аудан әкімі бастаған жұмыс тобы Нұрлыкент ауылындағы Байғазиев көшесі №105 үйде тұратын Аңсатбай Сейітовтың отбасына келді. Анасы Рысты Кенгановамен бірге аулаға шыққан келіні Әлия Аманжанова, үш баланың анасы, жақында ғана Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен Тараз қаласында массажистің үш айлық курсын оқып келген екен, ал өзінің тәрбиеші мамандығы бола тұра ешқандай жұмысқа тұра алмай отырғандығын айтты. Отбасында барлығы жеті адам тұрып жатыр.
– Мен арнайы жағдайларыңызбен танысып, білуге келдім. Ауылдық әкімшіліктің қызметкерлері сіздер сияқты жұмыссыздарды қандай жұмыспен қамтиды, қандай жұмыс жүргізіп жатыр, осыны өз көзіммен көруге, танысуға іссапарымды арнадым,- деді аудан әкімі. Нарбай Әбілқасымұлы ауыл тұрғындарының көптеген сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ, Жастар көшесі №12 үйде тұратын жұмыссыз Азамат Битеновтың отбасының жағдайымен танысты. Оның жұбайы Ләззат Упешова төрт баланың күтімімен үй шаруасында. Жеке шаруашылығында мал жоқ, бау-бақша егеді. Осы көшенің №13 үйде тұрып жатқан Қайрат Айжановтың отбасында төрт адам тұрады. Өзі Ломоносов атындағы орта мектепте директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болса, оның жұбайы Перизат Әсілбекова кітапханашы болып жұмыс істейді. Ауылдық округтің қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатылғандығын айтты.
Аудан әкімінің сұрақтарына бірге жүрген ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Назар жауап беріп отырды.
Көкбастау ауылдық округінің (ауыл әкімі және халық арасындағы талдау жұмыстарына жауапты маман жұмыс орынында болмады) Теріс ауылында аудан әкімі Беркімбайұлы Бектеміс көшесіндегі №12 үйдің егесі Маржан Татенова мен №14 үйде тұратын апайдың ұлы Тоян Татенов те ауылдық әкімдіктің ауыл тұрғындарын аралап, талдау жасамағаны, байланыстың жоқтығын айтты.
Қосбөлтек ауылында жұмыс тобы Әбілдабек Қойбақов көшесіндегі №21үй егесі Людмила Гаврилюкпен сұхбаттасты. Ол кісі аудан әкімінің сұрақтарына жауап бере отырып, жастарға жұмыс болса деп өтінді. Отбасында 7 адам тұрады, оның ешқайсысы тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Үй егесі де әлі зейнетке шықпаған. Ұлы ғана жалданып жұмыс істейді. Үй шаруасында мал, құс бар, сонымен күн көріп отырғандарын айтты. Ауылдық әкімдіктің көмегі шамалы. Ал №20 үйде тұратын отбасының отағасы Бектұр Иманқұлов және оның ұлы Асхат жұмыссыз, тек келіні Гүлшахира Б.Момышұлы ауылындағы «Аягүл» балабақшасында жұмыс істейді. Отбасында «Диас» шаруа қожалығы бар. Ауылдық әкімшілігінің қызметкерлерінің талдау жасамағандығын айтты.
Көктөбе ауылында аудан әкімі Аспандияр Иманалыұлы көшесіндегі №84 және №88 үйлердегі Райхан Тохметова мен Темірхан Сұрқашевтың отбасыларының жағдайларымен танысып, әңгімелесті. Бірінші үйде ешқандай мәселе болмаса, ал екінші отбасының келіні Әсел (күйеуі жұмыссыз, үшінші топтағы мүгедек) ауылдағы балабақшада 21 000 теңге айлықпен хатшы болып жұмыс істейді. Отбасында жеті адам тұрады. Ол аудан әкімінен: «Маған жеке кәсіп ашуға болады ма?» деп сұрады. Нарбай Әбілқасымұлы оның түсінбей жүрген сұрақтарына нақты жауап берді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Шақпақ және Қарасаз ауылдық округтерінде болған іссапарында ауыл тұрғындарымен осындай кездесулер өткізіп, ауыл әкімдері мен олардың аппараттары қызметкерлерінің жұмысын зерделеп, ауыл тұрғындарының көптеген сұрақ-сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін қабылдады.
Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
«Жаңа өмір»