Basty bet
Заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында
Мемлекет билігі органдары жүйесінде прокуратураның орны қашанда ерекше. Жоғары қадағалау жасауға конституциялық өкілдігі бар бұл салаға Отанымыздың игілігі үшін қызмет ету, заң күзетінде тұру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғау міндеттелген.
Бүгінде кәсіби мерекесін зор жетістіктермен қарсы алып отырған аудандық прокуратура қызметкерлері азаматтардың заң алдында теңдігін, құқықтары мен бостандықтарын сақтауда табысты еңбек етуде. Халықтың құрметі мен сеніміне ие болып отырған аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Бауыржан Жанұзақұлы басқарып отырған ұжым, прокурорлық қадағалау мен тексерудің сапасын арттырып, аудан көлемінде заңдылықтың үстемдік құруын қамтамасыз етуде білімдері мен біліктерін аямай жұмсап келеді.
Кәсіби мерекеге орай Жуалы ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Бауыржан Жанұзақұлымен сұхбаттасып, аудан аумағында заңнамалардың орындалуына прокурорлық қадағалау қарымының тиімділігі мен сапасы туралы айтып беруін өтінген едік.
– Бауыржан Жанұзақұлы, төл мерекеңіз құтты болсын!
– Прокуратура мемлекеттің жоғары қадағалау органы болғандықтан, заң үстемдігі, құқық тәртібі, азаматтардың құқығын қорғау мәселелеріне бағытталған. Мемлекет билігі органдары жүйесінде прокуратураның орны қашанда ерекше.
Прокуратура органдарының тарихына шолу жасайтын болсақ, Қазақ КСР мемлекеттік прокуратурасы 1922 жылдан бастап Әділет халық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастаған. 1933 жылы прокуратураның құзіреті кеңейтіліп, Әділет халық комиссариатының жанынан прокуратура басқармасы құрылды.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін прокуратураның құрылымы мен қызметі өзгерді. Дегенмен, оның қызметінің басты бағыты мемлекет заңдарының бұзылмауына қадағалау жүргізу болып қала берді.
1991 жылдың 6 желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осыған орай күнтізбеде жаңа мереке – Прокуратура органдарының құрылған күні пайда болды.
– Прокурорлық қадағалау қоғам өмірінің барлық дерлік маңызды салаларын қамтиды, ал тиімді құқық қорғаушылық мақсат пен заң үстемдігі оның қызметінің негізгі мазмұны болып табылады. Осы ретте сіздерге азаматтар қандай шағымдармен жиі жүгініп жатады? Олардың мәселелері қаншалықты дұрыс шешімін табады?
– Аудан прокуратурасы өңірдің барлық салаларында заңдылықтың сақталу мәселесін ерекше қадағалауға алып отыр. Прокурорлардың күш-жігері қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылықты нығайтудың, азаматтардың еңбек және экономикалық құқықтарын қорғаудың ең маңызды бағыттарына шоғырландырылған.
-Жалпы, сандық көрсеткіштерге сүйенсек, аудан прокуратурасына түскен өтініштер өсуде ме?
– Ағымдағы жылы аудан прокуратурасына 88 өтініш түскен, жалпы аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24% төмендеген. Анықталған барлық заң бұзушылықтарға байланысты ықпал ету шаралары қолданылды. Мәселен, Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны С.Айдосова 19.10.2020 жылы түнгі уақытта белгісіз тұлғалардың бес бас жылқы малын ұрлағаны туралы аудан прокуратурасына арызданған. Тексеру барысында аталған ұрлық бойынша қылмыстық іс басталмағаны, яғни қылмыстың жасырылғаны анықталды. Нәтижесінде, аудан прокуратурасымен қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты прокурорлық ықпал ету шараларымен тәртіптік өндіріс қозғалды.
Арызданушылардың көбі қылмыстық процеске қатысушылар: күдіктілер, сотталушылар, жәбірленушілер, талапкер не жауапкерлер және олардың өкілдері, яғни өтініштердің 50% пайыздан астамы қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері (әрекетсіздік) мен шешімдеріне қатысты шағымдар, 39% әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты өтініштер, 11% сот актілерінің заңдылығы және олардың орындалмауына қатысты түскен шағымдар.
Көтеріліп отырған мәселелерге заңнама талаптарына сәйкес, прокурорлар негізінен түсініктеме береді, олар 20 пайыздан жоғары. Қанағаттандырылған өтініштер 8% пайызды құраса, қабылданбағандар саны 10% пайызға жуық. Бұл ретте, әрбір өтініш назарға алынып, арыз иесінің уәждері тексеріліп, көмек беру бағытында жұмыс жасаймыз.
– Азаматтардың өтініштерін қараудың сапасын көтеруге байланысты тағы нендей жоспарлар бар?
– Бізде азаматтардың өтініш беруіне қолайлы жағдай жасау және уақытын үнемдеу үшін өтініштердің үлгілері жасалды, олар прокуратура органдарының көпшілікке қолжетімді орындарына орналастырылған. Оған қоса, бұл Бас прокуратураның сайтында да қолжетімді. Азаматтардың үйінде отырып-ақ, интернет желісі арқылы дайын бланкте өз дәлелдемелерін жазып, оны прокуратураның қарауына жіберу үшін ыңғайлы.
Азаматтармен жұмыс – құқық қорғау функциясын атқаратын прокуратура үшін басым міндеттің бірі. Сондықтан біз келешекте прокуратураның халық үшін үнемі ашық және қолжетімді болуы үшін жұмысты нығайтуға, өтініштерді жан-жақты әрі сапалы қарауды қамтамасыз етуге, бұзылған құқықты жедел түрде қалпына келтіруге, азаматтардың өз шағымдарының қаралу нәтижелері туралы ақпарат алуды жетілдіруге мүдделіміз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік пен табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»