Basty bet
Ақпараттық орталық – тұрғындар игілігіне
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде қазіргі заманның ағымы мен талаптарына жауап беретін ауқымды жобалар мен халық игілігіне арналған жұмыстардың жүзеге асырылып жатқаны бәрімізге белгілі. Сондай ауқымды да игілікті істердің қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүзеге асыруға міндеттелген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын айтуымызға болады. Бағдарлама аясында сәтті жүзеге асырылып жатқан жұмыстар біздің өңірден де анық байқалады. Айта кету керек, өткен жылы облыс көлемінде алғаш рет Жуалы ауданына қарасты алты ауылдық кітапханадан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады. Оның ішінде екеуі «Білім орталығы» ретінде жұмыс жасап отыр. Бұл жұмыстар облыс деңгейінде жақсы бағасын алып та үлгерді.
Биылғы жылы да бұл үрдіс өз жалғасын тауып, осыған дейін үш ауылда осындай орталықтар ашылса, жыл ішінде Сұрым, Ақтөбе, Бақалы ауылдарында үш бірдей ақпараттық орталық материалдық-техникалық жағынан жабдықталып, ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Жаңа жылдың қарсаңында Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында орналасқан Көлбастау ауылдық кітапханасында цифрландырылған ақпараттық орталықтың ашылуы болды. Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысты. Сонымен бірге, қуанышқа қадірменді қариялар мен ауыл тұрғындары да көптеп жиналды.
Алғашқы сөз аудан әкімі Н.Ергебековке берілді.
-Қазіргі заманның талабы ақпараттық орталықтардың тиімділігін анық көрсетіп беріп отыр. Сол себептен де бұл қуанышты оқиғаның қоғам үшін де, ауыл тұрғындары үшін де маңызы зор деп білемін. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы межеленген басым бағыттардың бірі – цифрландыру мәселесі болатын. Осынау меже аясында елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, ел өңірлерінде жүзеге асырылып, бүгін біз тағы бір цифрландырылған ақпараттық орталықтың ашылуына жиналып отырмыз.
«Кітап – білім бұлағы» дейтін болсақ, бүгінде кітап оқитын жастардың азайып кеткенін жасыра алмаймыз. Оған басты себеп – кітапханалардың заман ағымынан кенжелеп қалуы. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өткен жылы Б.Момышұлы, Т.Дүйсебайұлы, Жаңаталап, Талапты, Нұрлыкент, Күреңбел, Көктөбе, Қарасаз ауылдарынан цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылғаны белгілі. Осы орайда жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы ретінде Бәйтерек, Көлтоған, Қарабастау ауылдарындағы кітапханалардан дәл осындай орталықтар ашылды. Бұл орталықтың қызметі мен мүмкіндіктерін ауыл азаматтары, әсіресе, шаруа қожалық басшылары толықтай пайдаланса берер пайдасы орасан зор болмақ.
Заман талабына сай әлемдегі дамыған елдердің кітапханасында ұсынылатын қызмет түрлерін қазақ қоғамына енгізудің өзі – ел жаңғыруының бастау алғанын айқындайды. Баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық тілей отырып ұрпақтарыңыздың білімді де білікті болуына тілектеспін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Одан соң орталықтың лентасын аудан әкімі Н.Ергебеков және ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев салтанатты жағдайда қиды. Әжелер шашу шашып, құтты болсын айтты.
Айта кету керек, цифрландырылған ақпараттық орталықтың жабдықталуына бір миллион теңгеден астам қаржы жұмсалып, төрт компьютермен, т.б. қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындарына «e-gov» электронды үкімет порталы арқылы 18 қызмет түрі көрсетіледі.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»