Basty bet
Жұмыспен қамтудың жайы қаралды
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен жұмыспен қамту шаралары және күзгі әскерге шақыру науқанының барысы, сонымен қатар, қоғамдық-саяси, діни ахуалдың жай-күйі қаралған жиын өтті. Оған аудандық әкімдікке қарасты тиісті бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.
Ең алғаш болып аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаев ауқымды баяндама жасады.
-Бүгінгі таңда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. 2020 жылы аталған бағдарламаның белсенді жұмыспен қамту шараларына жалпы 3640 азаматтарды қатыстыру жоспарланып, 2839 адам бағдарламаға қатысушы ретінде тартылды, (орындалуы 77,9 %). Оның ішінде 2481 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, барлығы – 2004 азамат жұмыспен қамтылды, (орындалуы 80,7%): тұрақты жұмыс орындарына 1465 адамды орналастыру жоспарланып, 955 адам тартылды. Уақытша жұмыстарға – 1016 адамды қатыстыру жоспарланып, 1049 адам уақытша жұмыспен қамтылды, (орындалуы 103,2%).
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 120 азаматтарды жолдау жоспарланды. Атап айтқанда, (дәнекерлеуші-15, тракторшы-20, аспазшы-20, тігінші-15, шаштараз-15, ірімшік өндірісі- 10, көлік жүргізуші-10, кондитер-15). Есепті мерзімде 120 қатысушы №16 Жуалы колледжіне және Тараз қаласының колледждеріне оқуға жолданып, орналастырылды. Жоспар 100 пайыз орындалды.
Оқуды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен бөлінген 25848,0 мың теңге қаражатының 15399,0 теңгесі игерілді.
Ал бағдарламаның екінші бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 132 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 145 қатысушыға 545 млн 161 мың теңге берілу қарастырылған. Есепті мерзімде жалпы 105 қатысушыға 403 млн теңге шағын несиелер беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға 270 әлеуетті қатысушыға 150024,0 мың теңге бөлініп, 150012,0 мың теңгесі толығымен игерілді. Грант алушы азаматтар есебінен 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, бұл іс шаралар жалғасуда. Қыркүйек-қазан айларында қосымша 314 қатысушыға 174 млн 458 мың теңге көлемінде гранттар берілетін болады. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 638 азаматқа жолдамалар беріліп, 340 адам оқуларын аяқтады.
Бағдарламаның үшінші бағыты (Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 1049 адам жолдама алды. Қоғамдық жұмыстарға 600 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланып, 590 адам жұмысқа орналастырылды.
«Жастар практикасына» 296 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, нәтижесінде 272 жас маман жұмысқа жолданып отыр. Уақытша жұмыс мерзімдері аяқталған 72 жас маманның 45-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспарға сәйкес 120 адамды орналастыру жоспарланып,187 жұмыссыз азамат жұмысқа жолданды,- деді Зиядхан Рымбекұлы.
Баяндамашы ары қарай ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы 37 инфрақұрылымдық жобаның іске асырылуы жоспарланғанын, оларда жалпы 864 жұмыс орындарын ашу, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде 431 жергілікті жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасуы жоспарланған айтты. Нәтижесінде интеграциялық картаның жоспарына жалпы 856 жұмыс орны енгізілген. Бүгінгі таңда 37 жобада жұмыстар жүргізіліп, жергілікті жерден 431 адам жұмысқа орналастырылып, бұл көрсеткіштің орындалуы 100,0%-ті құрап отырған көрінеді.
-Тұрақты жұмыс орындарының құрылуын және оларға жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытында белгіленген жоспарлық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында әр ауылдық округтерде қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан күзгі жұмыстар науқанына шаруа қожалық басшыларымен келіссөз жасап, сол шаруашылықтарда еңбек қатынастарын рәсімдемеген жұмыскерлерді халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа ресми түрде орналастыру қажеттілігі туындап отыр. Осы ретте ауылдық округ әкімдері халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына көмектесулері керек.
Сонымен қатар, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалы өкілдері жеке меншік секторындағы жұмыс берушілердегі еңбек қатынастарын заңдастырмай жұмыстарын атқарып жүрген азаматтардың ресми түрде жұмысқа орналасуына ықпал жасаулары қажет. Яғни, жұмыскерлерге еңбекақылары мен зейнетақы, әлеуметтік жарналары міндетті түрдеу аударылуы тиіс.
Әлеуметтік-еңбек саласындағы туындаған проблемалық мәселелердің нақты шешілуін қамтамасыз ету бағытында барлық уәкілетті мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар өз іс-қимылдарын үйлестіріп, ынтымақтастықты күшейтіп, қойылған мақсаттарға қол жеткізуге атсалысулары қажет,- деді баяндамашы.
Ал келесі кезекте күзгі әскерге шақыру науқанының барысы қаралып, бұл мәселе жөнінде Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Асылбек Ахметов баяндады.
-Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 18 наурыздағы №226 «Қазақстан Республикасының азаматтарын 2020 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығына сәйкес және Жуалы ауданы әкімінің 2020 жылғы 27 тамыздағы №230 қаулысына байланысты күзгі шақыру жұмыстары басталып, жүргізілуде.
Қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен 2020 жылы 30-шілде күні ауылдық округ әкімдеріне, әскери есеп стол мамандары арқылы шақырылуға жататын азаматтардың тізімі және шақыру қағаздары шығыс №946 хатымен таратылып берілген. Жалпы саны 704-шақырылушы әскер қатарына шақырылуға жатады. Жуалы ауданының шақыру комиссиясы өз жұмысын аудан әкімінің қаулысына және бекітілген кестесіне сәйкес ағымдағы жылдын екінші қыркүйек күні бастады.
Күзгі мерзімді әскери қызметіне жасақтау жұмыстарына келер болсақ, шақыру комиссия мүшелерінің отырысы кесте бойынша сегіз рет болған. Бірақ шақыру комиссиясының мүшелері белгісіз себептермен толық қатыспауда. Ауылдық округ әкімдеріне, әскери-есеп үстелі мамандары арқылы шақырылуға жататын азаматтардың тізімімен шақыру қағаздары берілгеніне қарамастан шақырылушы азаматтардың жеткізілуі өте төмен.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметінің құрамын жасақтау көрсеткіші өте төмен. Тез арада жасақты толтыру жұмыстарын жүргізу қажет. Жоспарланған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскери құрылымдардың қатарын жас сарбаздармен толығымен жасақтау жоспарының уақытылы орындалмауына қауіп төніп тұр. Аудандағы 14 ауылдық округтің ішінде небәрі жеті ауылдық округ азаматтарды шақыру комиссиясына толық қамтамасыз еткен жоқ. Бұлар Күреңбел, Жетітөбе, Көкбастау, Мыңбұлақ, Шақпақата, Қарасаз, Билікөл ауылдық округтері.
Жалпы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөліміндегі медициналық куәландырудан өтіп «32» болып табылған азаматтар саны – 12, оның ішінде әскери қызметке жөнелтілгендер саны – 8 азамат. Атап айтсақ, Ақсай, Билікөл, Нұрлыкент, Қарасаз, Қошқарата ауылдық округтері және Б.Момышұлы ауылынан әскери қызметке жөнелтілді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және басқа да әскери құрылымдардың қатарын жас сарбаздармен жасақтау, ол еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өте маңызды іс-шара. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің және Жамбыл облысы әкімінің жеке бақылауында,- деді ол.
-Азаматтарды күзгі әскерге шақыру жөнінде мәселенің туындап отырғанынан хабардармын. Бұл науқанның маңыздылығын ескере отырып, ауылдық округтің әкімдері қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаулары қажет деп санаймын. Олай болмаған жағдайда біз жасақты толтыра алмаймыз. Облыста да көрсеткішіміз төмен болады. Сондықтан туындаған мәселені тез арада шешу керек,- деді аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев.
Жиын барысында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков мешіттер мен діни ғибадат үйлерінің жылыту мауысымына дайындық барысы, ондағы қауіпсіздік мәселелері, сонымен қатар, аудандағы діни және қоғамдық-саяси ахуал жөнінде кеңінен баяндады.
Е.Қалмұрзаев жиынды қорыта келе, тиісті бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдеріне «Еңбек» бағдарламасы аясында атқарылуға тиіс жұмыстарды ширату қажеттігін, сондай-ақ, облыс басшысының бақылауында тұрған бұл маңызды мәселе жөнінде алдағы уақытта тоғыз айдың қорытындысы қаралып, қорытынды шығарылатынын ескертті. Сондықтан жұмыспен қамту мәселелеріне сергек қараған жөн.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»