Basty bet

ақылы жүйенің артықшылығы көп

Өткен жұма күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Тараз-Қайнар», «Тараз-Шымкент» автомобиль жолы учаскесінде қауіпсіз жүйені енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Қоғамдық тыңдауға Б.Момышұлы ауылы әкімінің міндетін атқарушы, ауылдық округ әкімдері және бірқатар тұрғындар қатысты.

Қоғамдық тыңдауды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Одан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның әзірлеген бейнеролигі көрсетілді.
Сөз кезегі қоғамдық тыңдаудың мақсаты мен міндеттері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ЖОФ директорының орынбасары Дәурен Төлтаев және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Еркін Жамкеновке берілді.
Олар «Тараз-Қайнар», «Тараз-Шымкент» автомобиль жолы наурыз айының ортасында ақылы жүйеге ауыстыруды жоспарлап отырғанын жеткізіп, мынадай мәліметтермен бөлісті.
Яғни, көптеген дамыған және дамушы елдерде автомобиль жолдарына ақылы жүйені енгізу тәжірибесі бар. Көпжылдық тәжірибе ақылы жүйе енгізілген жолдардың қауіпсіз әрі жайлы болатынын көрсетіп келеді. Себебі, жолдың күтіміне ерекше мән беріледі және қызмет көрсету сапасы да жақсарады.
Қазақстанда алғашқы болып ақылы жүйе «Нұр-Сұлтан – Щучинск» автожолында енгізілді. Осы 7 жылдан астам уақыт ішінде бірінші санаттағы магистраль жиналған қаржы есебінен күтіліп, жолдың бойында қызмет көрсетудің сапасы жыл сайын жақсаруда. Нәтижелі тәжірибеден кейін елімізде 2019 жылы «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» ақылы учаскелері іске қосылды.
Ақылы жолдарды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асқанына байланысты 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес алдағы төрт жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолда ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр.
Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады.
Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал, мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен көліктердің жылдамдығын бақылайды.
Сонымен қатар, арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 Сall-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарына жауап ала алады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақылы учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жүргізіледі: жол қызметтері жолдың жай-күйін тексереді, жол жиегін тазалауды жүзеге асырады және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетеді.
Ақылы жолдарды енгізу – жол бойындағы инфрақұрылымды: демалыс орындары және көлік тұрақтарын, қонақ үйлер, супермаркеттер, дәретханалар, дәріханалар және т. б. дамытуды да қамтиды.
Мысалы, «Нұр-Сұлтан – Щучинск» тас жолында – 37, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде – 11, «Алматы-Қорғас» – 6, «Алматы-Қапшағай» тас жолында – 5 жол бойында қызмет көрсету нысандары бар. Сонымен қатар, ақылы учаскелердің бойында жылы дәретханалар, кафелер мен дүкендер орналасқан модульдік павильондар орнатылған. Аталмыш нысандар кәсіпкерлерге жалға беріліп, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуде.
Жақында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 2024 жылдың соңына дейін барлық республикалық маңызы бар автожолдарда 134 заманауи кешен салу бойынша «GasEnergy», «ҚазТрансГаз», «Compass», «Sinooil», «PetroRetail» және «М-36» ірі жанар-жағармай құю станция желілерімен келісімге қол қойды. Жол бойындағы жаңа кешендерде қонақ үйлер, фуд-корттар, супермаркеттер, душ кабиналары, сондай-ақ электромобильдерді зарядтауға арналған станциялар орналасады.
Айта кетсек, жаңа жолдарда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетін болады. Бұл ақылы учаскелерде шлагбаумдардың болмауын көздейді. Яғни, көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеу, жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларына бекітілген арнайы камералар мен жабдықтардың көмегімен жүзеге асатын болады.
Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам түрі қарастырылған.
Жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін болады. І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы мен оған теңестірілген (Ауған соғысы және т.б.) ардагерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақылы жол үшін ақы төлеуден босату жоспарланған.
Жүргізушідер үшін ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы QAJ Mobile мобильді қосымшасын әзірледі. Оның көмегімен жүргізушілер өз теңгеріміндегі қаржыны, қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Сонымен қатар, қосымшада А нүктесінен Б нүктесіне дейін маршрутты құру (қашықтық және құны), барлық жол бойындағы қызмет көрсететін нысандарды интерактивті картада көрсету және PUSH-хабарлама сияқты функцияларды қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Келесі кезекте сұрақ-жауап кезеңі басталып, жиынға қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойды. Алғашқылардың бірі болып Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов «Бірдеңгейленген жолдан елді мекен тұрғындары қалай өтеді?» деген сауалын жолдаса, аудан әкімдігі ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков ауданға кіреберістегі аспалы көпірдің жағдайы сын көтермейтінін айтты. Яғни, аспалы көпірде не жарық жоқ, не жүруге қолайлы жағдай жасалмаған. Көпшілік әлі де өмірлеріне қауіп төндіріп, жолдан өтуде. Облыстық мәндегі жол болғандықтан мұндағы жағдайды дұрыстап, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы керектігін, бұл мәселені жергілікті тұрғындар көп көтеретінін жеткізді.
Сонымен қатар, қоғамдық тыңдауда Тараз қаласында «Тараз-Қайнар», «Тараз-Шымкент» автомобиль жолымен жүрудің жүк көлігі мен қарапайым тұрғындар үшін төлемақысы қанша болатыны көтерілді. Ал, Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов «Ақсай және Шақпақ ауылдық округтерінің арасы 12 шақырымды құрайды. Облыстық мәндегі жолдың бойынан тікелей Диқан ауылына қарай өтетін бұрылыс жасалмаған. Соның салдарынан әсіресе шаруалар сонау Т.Дүйсебайұлы ауылынан бұрылыс жасап, айналып келуіне тура келеді» дейді. Дәл осы мәселені яғни, Аманбаев елді мекенінің тұсынан бұрылыс жасалмағаны көтеріліп, жолаушылардың жолдан кесіп өтіп жүргендері айтылды. Бұл жолда көлік жүргізушілері жылдамдықты асырып жүргізетіндіктен тұрғындар үшін жолды кесіп өту қауіпті екендігі айтылды. Сондай-ақ, Қошқарата елді мекеніндегі Шымкент бағытындағы бұрылыстан жаяу жүргіншілерге жол салуға бола ма? деген сауалдар түсті.
Жиында Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов «Жол бойындағы тазалыққа біз бен сіз жауаптымыз. Сондықтан біздің елді мекенде жолдың бойын күл-қоқыстан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Осы сәтте жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін сіздердің тараптарыңыздан арнайы киім берілсе деген ұсынымыз бар» деді.
Қоғамдық тыңдауда көтерілген мәселелерге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өкілдері жауап берді. Олар әр ауданның өз уәжі бар екенін айта келе, біздің өңірдің мәселесімен таныс екендерін жеткізді. Яғни, облыстық мәндегі жол жобаға сай жасалып, пайдалануға берілген. Енді оған өзгерістер енгізу болашақтың еншісінде дейді. Аталған бағыттағы жол жүру ақысы жылына 1000 теңгені құрайтынын айтып өтті.
– Көлік қозғалысы көбейіп жатыр. Соңғы бес жылдың ішінде ауданымызда автокөліктердің саны 13 процентке өскен. Осы ретте, тұрғындардың талабы да көбейген. Олардың талабын орындау керек. Қошқарата ауылдық округі Шымкент қаласының облыс мәндегі жолымен түйіседі. Ол елді мекеннің тұрғындары ауданмен сол облыстық мәндегі жолмен келіп қатынауда. Жол бойында жолайрықтары тұр. Тұрғындар жолайрықтары жарықтандырылса дейді. Адамның өмірі ең бірінші байлық болғандықтан жаяу жүргіншілерге де қолайлы жағдай жасалуы керек. Аспалы көпірді сапалы түрде пайдалануға беру қажет. Халықтың жанайқайын діттеген жеріне жеткізгеніміз абзал. Бұл жолдың бойындағы мәселе бойынша хат жазылған. Осының барлығын қатаң ескеруіміз керек, – деді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.
Қоғамдық тыңдауда көтерілген мәселелер ескеріліп, тұрғындардың талап-тілектері жазып алынды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close