Жуалы ауданы теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктікте орналасқан. Ауданды айнала басын қар шалған Алатау мен қарт Қаратау қоршап жатыр. Сол таулардан сылдырай аққан саналуан бұлақтар бар. Мыңбұлақ деген атау Жуалыға осыған қарап берілген сияқты. Ауданның оңтүстік шығыс бөлігі Ақсу-Жабағылы табиғи қорығымен астасып жатыр.
Кезінде Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әңгімелеріне арқау болған Ақсай мен Көксай, Теріс өзендері талайды тамсандырғаны анық. Түстігіндегі Ақсай, Көксай шатқалдары мен Көксай каньоны, теріскейіндегі Берікқара шатқалы келушілерді сұлу мүсіндерімен және ғажап табиғатымен баурап алады. Осындай бай өлкеде туристік орталықтардың аздығы өкінішті.
Бүгінгі таңда аудан аумағында Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру орталығы мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жағалауындағы «Солнечный берег» демалыс аймағы жұмыс істеп тұр. «Тау самалы» 150 орынға шақталған. Онда жыл сайын көктемде «Қызғалдақ» фестивалі өтеді. Өткен жылы сауықтыру орнына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол салынды.
Ал «Солнечный берег» демалыс орталығы жыл бойы жұмыс істейді. Демалыс орталығында кафе, 10 орындық қонақ үй, киіз үйлер мен жаздық шағын үйлер бар. Нысанның иесі, жеке кәсіпкер Олег Сарафинов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 107,4 миллион теңге несие алып, демалыс аймағынан су спортын дамытуды жоспарлап отыр.
Қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының астынан жаңа сауықтыру орталығы бой көтеріп келеді. Жұмысын жаңа бастаған орталыққа келушілердің қарасы мол. Арасынан шетелдіктерді де көруге болады. Ол да аудандағы туризмнің дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз.
Одан бөлек, ауданда Кеңес одағынан қалған, бүгінде жұмысы тұралап тұрған екі жазғы сауықтыру орталығы бар. Біреуі Қаратау қойнауындағы Берікқара шатқалындағы «Берікқара» жазғы сауықтыру орталығы болса, екіншісі – Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері. Бүгінде «Берікқара» жазғы сауықтыру орталығын Билікөл ауылдық округіндегі Миразовтар отбасы алып, онда құрылыс нысандарын салуда. Олар жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық отбасылық демалыс орталығын ашты. Қазіргі таңда 350 миллион теңге инвестиция салынып отыр.
Ал Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері әзірге қаңырап бос тұр.
Қолға алынғалы жатқан «Қаралма» тау шаңғы және «Көксай» кешендері де туристер тартуға үлкен мүмкіндік бермек.
«Шақпақ әулие» үңгірі Шақпақата ауылының оңтүстігіне қарай 600 метрдей жерде, Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде, шоғыр тау жыныстарында орналасқан. Тереңдігі 5,5 – 6, биіктігі 2,5 метрдей болады. Осы аймақтағы жұрт оны «Шақпақ әулие» атап, ол жерге барып зиярат етеді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне шипа іздеп, кие тұтып, қызықтап келетіндер де баршылық. Келгендер үңгір алдындағы шетікке ырым етіп шүберек байлап барып, ішке енеді. Әулиенің басына күтім жасап отыратын шырақшысы бар. Шақпақ ата әулие жерінен 200 метрдей жерде бүйірінен бүлкілдей қайнап шығатын бастау бар. Халық оны «Шақпақ ата әулиенің бастауы » деп қасиет тұтады, суын емге пайдаланады.
Ел ішінде, Шақпақ әулиеге байланысты әртүрлі аңыз әңгімелер айтылады. Соның бірінде Шақпақ әулие Шақ және Пақ деген егіз кісі екен. Осы жерде оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті. Олардың әруақтары түйе болып, тазы болып осы маңда жүреді екен делінеді.
Тағы бір деректерде Шақпақ әулие Жүсіп Баласағұнның шәкірті болған деседі. Ол Қашқариядан шығып, Бұхара, Самарқан жерінен өтіп, осы өңірге келгенде қайтыс болыпты. Оның жерленген жері тәңірлік нанымға байланысты «әулие» аталып кеткен. Тарихшы Әділбек Байбатша: «Б.д.д заманның соңында өмір сүрген Шақпақ әулие мекендеген жер Шақпақ ата болды» деп жазады өз зерттеулерінде.
Баркуаб ортағасырлық қалашығы Теріс өзенінің оң жағында шамамен 500-600 метрдей жерде орналасқан. Бұл қалашықты XIX ғасырда В.В.Бартольд және В.А.Каллаурлар зерттеу жұмыстарын жүргізген, алайда қазба жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген. Бұл қалашық бірқатар тарихшылардың және саяхатшылардың еңбектерінде аталған. Ә.Байбатша, Түркібасы өлкесімен Теріс өзенінің бойына орналасқан қалалар мен бекеттер, Мыңбұлақ (Абарджадж) қорған-қаласы арқылы жүріп, Шақпақ белінен асып, Арыс өзенін жағалап, Ұлы Жібек жолының негізгі желісі өткен деп жазады.
Ұлы Жібек жолының негізгі арнасында орналасқан қалалар мен керуен бекеттері туралы алғашқы толық деректі Араб географы Убейдаллах ибн Абдаллах ибн Хордадбек 846 – 847 жылдары жазған шығармасында деректер келтіреді. Осы деректерден үзінді келтірейік: «Тамтадждан (Түлкібасы) шыққан керуен Абарджаджға (Мыңбұлақ) дейін 4 фарсах жол жүрген, одан Баркуаб (Теріс) бойындағы қалашыққа дейін 6 фарсах» деп көрсетілген. Осы деректерді X ғасырдың басында Бағдад халифінің сарай қызметкері Кудама ибн Жафар да қайталайды.
1989 жылы археологтар, бұрын облыстық музейдің ғылыми экспедициясы тапқан көне қоныс орнына қазба жұмысын жүргізеді. Көне деректерде Теріс өзені «Баркубе» деп аталады екен. Өзеннің сол жағында орналасқан бекініс орны жаудың шабуылынан қорғану үшін шығыс жағы өзеннің жарқабағына тіреліп, қалған жақтарын биік күшті дуалдармен қоршалғандығына қазіргі іздері куә. Қазба жұмыстары кезінде кірпіштен қаланған үйдің қабырғасы, оның ішінде әртүрлі ыдыстардың калдықтары табылды. Сондай-ақ осында мекендеген адамдардың егіншілікпен және балық ұстаумен айналысқандығын дәлелдейтін көптеген кұнды деректер табылды. Бақалы ауылының батыс іргесіндегі шеткі үйдің ауласынан жертөле қазып жатқан кезде тат басқан өрнектелген темір есік табылғандығына сол жердің тұрғындары куә болған. Бұл аталған қала орындары әлі күнге дейін түбегейлі зерттелмеген.
Өңірдегі негізгі туристік объектілер тізіміне «Бауыржан Момышұлы» мемориалдық музейі, «Бауыржан Момышұлы» ескерткіші, «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Баркуаб» қалашығы, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, «Шақпақ әулие» үңгірі, «Беріққара» обалар қорымы, «Берікқара» шатқалы, «Көксай» каньоны және «Көксай» шатқалы кіреді.
– Алғашқы кезектегі міндеттердің бірі қазіргі заман талабына сай туристік инфрақұрылымды дамыту болғандықтан, негізгі туристік нысандардағы келушілерге қолайсыздықтар мен жағымсыз әсерлер тудыратын кемшіліктерді жойып, оларды әрі қарай жаңарту, цифрландыру, көркейту бағытында нақты шаралар қабылдау қажет.
Түгендеу жұмысының қорытындысы бойынша үш нысанға («Баркуаб» қалашығы, «Көксай» шатқалы, «Шақпақ әулие» үңгірі) автожолдар, автотұрақтар салу, санитариялық-гигиеналық тораптар орнату, «Баркуаб» қалашығына электр желілерін тарту, барлық объектілердегі ақпараттық тақтайшалар мен жолсілтегіштерді ауыстыру, қоқыс жәшіктерін, орындықтар, сұхбатжайлар орнату, әр нысанға паспорт жасау, QR-кодтағы ақпаратты қажеттілігіне байланысты жаңартып отыру қажет, – дейді облыстық туризм басқармасының бас маманы Салтанат Түлекова.
Берікқара шатқалында «Берікқара» ерекше қорғауға алынған мемлекеттік табиғи (біріктірілген) қаумалы орналасқан. Қаумалдың жалпы алаңы 17500 гектар құрайды.
Өсімдіктер мен жабайы алма ағаштарының сирек кездесетін түрлері, Соғды шағаны, Берікқара терегі, Грейг қызғалдағы. Жануарлардан арқар, құстардан ұлар, дуадақ, безелдек кездеседі. Қаумал құрамына бес, Саясу, Жүріндісай, Берікқара, Шымырбайсай, Ақсақалсай табиғи шатқалы кіреді.
Республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алынған. Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған.
Қаратаудың теріскей беткейіндегі Берікқара шатқалынан Билікөл көлінің жағалауына дейін 3,5 шақырымға созылып, оңтүстіктен солтүстікке қарай тізбектеле орналасқан обалар тобынан тұрады. Ал қорымның орталық бөлігінде құрылысы ерекше «патша» обалары шоғырланған. Мұндағы кейбір ірі обалардағы тас үйінділердің көлемі 50-53 метрге жетсе, биіктігі 6-7 метрді құрайды. Обалардың құрылысы да әртүрлі, оның көпшілігі тас үйінді күйінде кездессе, енді бірі тас пен топырақ аралас немесе айналдыра таспен қоршалған.
Жалпы бұл орындардың ғұрыптық дәстүрлерді орындауға арналған орын болғаны анық.
Өңірдің туристік ресурстары барлығы: тарих-мәдени ескерткіштер – 360, қонақ үйі – 5, балалар лагері – 1, кафе-мейрамхана – 11, демалыс базалары – 5.
Бауыржан Момышұлының мұражайы мен ескерткіші Батыр жерлесіміз – Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының мұражайы мен ескерткіші аудан орталығының оңтүстігінде, Қайрат ауылының аймағында, Мыңбұлақ орта мектебінің шығыс жағында орналасқан. Музей 1995 жылы 5 мамыр күні Баукеңнің туғанына 85 жыл толуына орай салтанатты түрде ашылды. Музейдің алдына Бауыржан Момышұлының бюсті орнатылған
Музейдің ішінде көптеген экспонаттардан бөлек Бауыржан Момышұлының жеке жұмыс үстелі мен төсек-орны қойылған. Бір сәтке сол кездегі батыр Бауыржанның көзімен айналаға қарауға мүмкіндік туатындай. Негізгі залда Бауыржан Момышұлының жеке заттарымен қатар жалпы соғыс жылдарына қатысты жәдігерлер де қойылған.
«Баркуаб» қалашығы – жергілікті дәрежедегі, тарихи-археологиялық ескерткіш. Теріс ауылды мекенінен 500 метр жерде орналасқан. Теріс ауылының іргесінде ІХ-ХІІ ғасырларға жататын ежелгі Баркуаб қаласының орны табылды.
Алғашқы кезде көне қала орнына археологтар барлау жұмыстарын жүргізді, 2018 жылы. Нәтижесінде орта ғасырларда ірі сауда орталығы болған қала орнынан Қытайдан әкелінген қыш ыдыстар мен басқа да құнды жәдігерлер табылды.
«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы. 1948 жылы Теріс өзенін бөгеп үлкен су қоймасын салу қолға алынды. Су қоймасының құрылысы қарыштап, кең құлаш жайған 1950 жылдары бұл жерге жан-жақтан жұмысшылар ағылып келіп, алғашқы тұрғын үйлер салына бастайды. 1962 жылы су қоймасының құрылысы аяқталып, оған «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы деген атау берілген соң, оның іргесіндегі жұмысшы ауылы да сол атаумен аталады.
– Біз ауданда туризмді дамытуға мүдделіміз. Өйткені ауданымыз туризмді дамытуға қолайлы жерде орналасқан. Аумағымыздан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Жалпы ауданының географиялық орналасуы өте тиімді. Тараз бен Шымкент қалалары бізге тиіп тұр. Соған қарап шаңғы тебуге, демалуға келушілер аз болмайды деген ойдамыз.
Жамбыл облысының туристік саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген Жуалы ауданында туризм саласын дамытудың жұмыс жоспарына сай ауданда бірқатар жобалар қолға алынуда. Мәселен, Көксай мен Тобышақты шатқалдарында «Қазақ ауылы», «Көксай» тау-шаңғы базасын жасау жоспарланып отыр. Бұл жұмыспен «Baiterek Travel Centre» ЖШС айналысуда. Осы жобаны іске асыру үшін инвестор іздестірудеміз. Ал осындағы сәулеттік-суреттеу жобасын жасауға немістің белгілі сәулетшісі Рудольф Винанде тартылған. Бұл жобалар 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асады, – дейді аудан әкімі Нарбай Ергебеков.