Basty bet
Жемшөп жеткілікті, малдары қоңды
Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Ғалимұрат Қойтановтың мәліметінше, аймақта 190 шаруа қожалығы тіркелген болса, соның ішінде 14 ірі қожалық мал басын көбейтумен шұғылданады. Олардың алтауында мал үй іргесіндегі қоражайларда бағылса, қалған сегізінде төрт түлікке ауыл сыртындағы арнайы мал базаларында күтім жасалуда.
– Биылғы мал қыстату науқанына округке қарасты Күреңбел және Қаратас ауылдарындағы «Дархан», «Зулпату», «Сугаипов», «Диас», «Гүлназ», «Данияр», «Ернар», «Мырзатай» шаруа қожалықтарының шалғайдағы мал қыстауларында 259 бас МІҚ, 6195 қой-ешкі, 145 бас жылқы түсті. Аталған шаруашылықтарда төрт түліктің қыстан қысылмай шығуы үшін күнілгері қам жасалып, егістік және шабындық алқаптардан барлығы 30 920 тонна шөп, 7350 тонна сабан, 100 тонна көлемінде азықжем дайындалған, – дейді әкімдік маманы Ғ.Қойтанов.
Ержан Қуанышев басқаратын «Ернар» шаруа қожалығының Қаратас ауылының іргесінде орын тепкен мал базасында науқан ойдағыдай өтуде. Бүгінде мұнда 65 бас сиыр, 1 850 бас қой-ешкі бағылуда.
Қожалық 2010 жылдан бері мал басын көбейту және мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс істеп келеді. Мал базасында 15 тонна жемазық, 5 680 түк шөп, 1 300 түк сабан жиналған.
Сиырлардан күнделікті 250-300 литрге жуық сүт сауылып, аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткізілуде. Шаруашылық мал тұқымын асылдандыру мақсатында биыл жазда өз қаражаты есебінен 15,0 млн. теңгеге гиссар тұқымды тоқтылар сатып алды.
Мал күтімімен үш малшы отбасы айналысады. Олар арнайы салынған үй-жайларда тұрады, айлық жалақылары уақтылы төленеді. Шаруашылықтың базаларында жемшөп қоры жеткілікті, малдары қоңды.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»