Basty bet

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамту ісінде, шағын кәсіпкерлікті дамытуда, жаңадан отау құрған жас және аз қамтылған көпбалалы отбасылардың тұрмысын түзеуде маңызды рөл атқарып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Бір ғана мысал, Жуалы ауданының көлемінде биыл барлығы 584 адам 555 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттарға ие болып отыр. Оның ішінде жас отбасылар да, кәсіпкерлікке бейім жанұялар да бар. Бір айта кетерлігі, мемлекет тарапынан инновациялық жобаларға, жалпы сирек қызмет түрлеріне берілетін гранттар қайтып қайтарылмайды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жас отбасының отағасы Ербол Ерғалиұлы да биыл «Атамекен» ҰКП-ның Жуалы аудандық филиалында «Бастау-Бизнес» жобасымен оқып, нәтижесінде 555 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Жоба аясында онлайн оқып, сертификат алған ол отбасымен ақылдаса келе кәсіпкерлік ісін бастауды ұйғарады.
-Бір ай онлайн оқып, сертификат алған соң аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз гранттың иегері атандым. Содан грант қаражатына қараша айының басында мақта түтетін арнайы қондырғы алып, оны үйдің жанындағы қосалқы бөлмеге орнатып, қазір осында жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы ескі мақтаны, жүн, синтефон өнімдерін түтетін орындар біздің ауданда жоқтың қасы. Кәсіпкерлік ісімді ашып, жұмыс жасай бастағанымызға да екі ай болған жоқ. Сұраныс жақсы. Ауыл тұрғындары бірінен бірі құлағдар болып, ескі көрпелерінің мақталарын әкеп, түткізіп, алып кетіп жатыр. Қызметіміздің құны да аса қымбат емес. Халыққа қолжетімді деп ойлаймын. Жүн түтетін қондырғыны 650 мың теңгеге Алматы қаласынан сатып әкелдік. Алдағы жоспарымыз – кәсіпкерлігімізді кеңейту,- дейді жас кәсіпкер Ербол Ерғалиұлы.
«Жалғыздың шаңы шықпас, жаяудың үні шықпас» демекші, қандай бір бастама немесе кәсіп көзі болсын, отбасы мүшелерімен ынтымақтасып істегенде ғана жақсы нәтиже беретіні анық. Ерболдың бұл кәсіпкерлік бастамасына ең алдымен ата-анасы мен келіншегі Бибінұр Ағзамова қолдау көрсетіп отыр. Олар қысылғанда ақыл-кеңес береді, қол күші қажет болғанда көмектеседі. Келіншегі Бибінұр іс тігуге қолының икемі бар екенін айтты.
-Алдағы уақытта көрпе тігетін, қыз жасауын жасайтын қондырғы алсақ деген ойымыз бар. Әрине, оған да қомақты қаражат керек-ақ. Оны орнататын үлкенірек жай керек. Ойға алған осынау жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттің қөмек-қолдауы қажет боп тұр. Әлбетте, қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер арқылы жаңадан отау тіккен біз сияқты жас отбасылар аяқтарынан тұрып кететіні анық,- дейді Бибінұр.
Жуалы ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру аясында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын білмек ниетпен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барып, мекеме директоры Зиядхан Бүрлібаевпен әңгімелескен едік.
-Көпшілікке белгілі, «Еңбек» бағдарламасы халық тұрмысы түзеп, жас отбасылардың еңсе тіктеуіне оң ықпал етеді. Олай дейтініміз, аталған бағдарлама аясында қаншама жұмыс орындары ашылып, кәсіптің ондаған түрлеріне қолдаулар жасалуды. Атап айтсақ, 2020 жылы бағдарламаның белсенді жұмыспен қамту шараларына жалпы 3716 азаматтарды қатыстыру жоспарланып, нәтижесінде 4086 адам бағдарламаға қатысушы ретінде тартылып, орындалу көрсеткіші 109,9% болды. Оның ішінде 2501 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, барлығы – 2869 азамат жұмыспен қамтылды. Тұрақты жұмыс орындарына 1465 адамды орналастыру жоспарланса, нәтижесінде 1712 адам тартылды. Уақытша жұмыстарға 1036 адамды қатыстыру жоспарланып, 1157 адам уақытша жұмыспен қамтылып отыр.
Бағдарламаның 1-бағыты шеңберінде жоспарға сәйкес 123 қатысушы аудандық №16 Жуалы колледжіне және Тараз қаласының колледждеріне оқуға жолданды. Дәнекерлеуші-15, тракторшы-20, аспаз-20, тігінші-15, шаштараз-15, ірімшік өндірісі-10, көлік жүргізуші-10, кондитер-15, балық өсіру шаруашылығы-3 адам. Оқуларын аяқтаған 120 түлектердің барлығы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бағдарламаның 2-бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 231 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 155 қатысушыға 598 млн теңге берілуі қарастырылып, есепті мерзімде жалпы 160 қатысушыға 598 млн теңге шағын несиелер беріліп отыр.
Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 584 қатысушыға жалпы құны 324 млн 470 мың 400 теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. Осы ретте грант алушы азаматтар есебінен 113 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылып отыр. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 638 азаматқа жолдама беріліп, 350 адам оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарын алды.
Бағдарламаның 3-бағыты шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 1157 адам жолдама алды. Қоғамдық жұмыстарға 600 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланса, 618 адам жұмысқа орналастырылды. «Жастар практикасымен» 329 жас маман жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспарға сәйкес 120 адамды орналастыру жоспарланып, 210 жұмыссыз азамат жұмысқа жолданды.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру міндеті бойынша жоспарға сәйкес жұмыс күші тапшы өңірлерге сегіз отбасының өз еркімен қоныс аударуына ықпал жасау жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда сегіз отбасы (құрамында 11 адамы бар) қоныс аударып, көрсеткіш 100,0 пайызды құрады: Қостанай облысына- 1, Павлодар облысына- 5 отбасы (сегіз адам), Шығыс Қазақстан облысына- 1 және Солтүстік Қазақстан облысына- 1 адам.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Бағдарламаға қатыстыру бойынша тиісті шаралар қабылданып, жалпы 84 азамат Бағдарламаға қатысушы ретінде тартылды. 1-ші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 6 адам, 2-бағыт – кәсіпкерлік ісін ашуға 9 адамға 32 млн. теңге көлемінде шағын несиелер берілсе, кәсіпкерлік бастамаларына 16 адамға сегіз млн 889 мың 600 теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. 3-бағыт аясында – әлеуметтік жұмыс орындарына 9 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 12 адам, тұрақты жұмысқа- 32 адам жолданды.
Жуалы ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 14 маусымдағы «Мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» және Жуалы ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 13 наурыздағы №65 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» № 355 қаулысына сәйкес аудан аумағындағы 10 мекеме мен кәсіпорындарға бекітілген квота бойынша жалпы 50 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып, ағымдағы жылы тоғыз жұмыс берушіге 31 адам жұмысқа жолданды.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жалпы 38 инфрақұрылымдық жобаларға халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде жергілікті 433 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл аяғындағы есеп бойынша барлық нысандарда құрылыс-жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды,- дейді Зиядхан Рымбекұлы.

Таңдаулы материалдар

Close