Basty bet
«Кемшіліктер жыл соңына дейін жойылатын болады»
Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы тобының жоспарлы отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде Б.Момышұлы ауылы және Нұрлыкент, Қызыларық ауылдық округтеріндегі ономастикалық ахуалға жүргізілген зерделеу жұмысының қорытындысы қаралды.
Аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы тобының қорытындысы туралы ономастикалық комиссияның хатшысы Фариза Оразымбетов баяндама жасады. Фариза Орынбайқызы аталған ауылдық округтердің ономастикалық ахуалына жүргізілген зерделеу барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды.
-Аудан орталығы еліміздің даңқты батыры Бауыржан Момышұлының, яғни кісі есімімен аталады. Ауыл атауы ауылға кіреберіс Б.Сафинов көшесінің бойындағы аркада талғамға сай жазылып орнатылған.
Округте жалпы 73 көше, 10 тұйық бар. Талдап айтқанда, 73 көшенің 48 көшесіне кісі есімдері берілген. Топонимикалық жер-су атауларымен аталатын көшелердің саны – 10, дәстүрлі жаңа атаулармен аталатын көшелердің саны – 16. Ауылдағы 10 тұйықтың 3-і – кісі есімдерімен (Қазыбек би, Әйтеке би, Алма Оразбаева), 2-і – жер-су атауымен (Мыңбұлақ, Ақтерек), 4-і – дәстүрлі жаңа атаулармен (Жеңіс, Ұлан, Наурыз, Егеменді, Бірлік) аталған. 73 көшенің 70 көшесі мен жоғарыда айтылған 10 тұйықтың атауларын растайтын ауыл әкімінің шешімдері шығарылған, әділет органына тіркелген. Зиябек Толымбаев, Құралбай Түрікбаев және Лесбек Сейітбеков атындағы көшелердің құжаттары бүгінгі күнге дейін заңдастырылмаған, тек 2011 жылдың 13 шілдесінде Жуалы ауданы әкімі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы консультациялық кеңесші орган (аудандық ономастика комиссиясы) отырысының №4 ұйғарымымен ғана бекітілген, бүгінгі күні кезінде жасалған ұйғарымдар нормативтік-құқықтық құжаттар аясына кірмейді. Яғни, келешекте, аталған көшелерге жаңа атау беру, қайта атау жұмыстарын міндетті түрде жүргізу керек.
Б.Момышұлы ауылында атаулары қайталанатын көшелердің саны – 7. (Жуалы өңірінің тумасы, ҰОС Батыры Дмитрий Пахомовтың есімі 1 көше, 2 бұрылысқа, Ұлы ойшыл Абай есімі 1 көше, 1 бұрылысқа, дәстүрлі атаулар тобына жататын Достық атауы 2 көшеге; берілген). Келешекте, бір елді мекенде бір ғана атау қалдыру мақсатында бұл көшелердің атаулары да жаңартылу керек.
Б.Момышұлы ауылдық әкімдігі аймақтағы көше аншлагтарын республикалық ономастика комиссиясы бекіткен жаңа үлгіге сай толығымен 100% біріздендіріп, тапсырманы дер кезінде орындаған.
Алайда, Мыңбұлақ, Бірлік, Ақтерек, Егеменді тұйықтарының аншлагтарына тапсырысты қате бергені анықталды. «Мыңбұлақ тұйығы көшесі», «Бірлік тұйығы көшесі», «Егеменді тұйығы көшесі»,-деп қате берілген. Дұрысы: «Мыңбұлақ тұйығы», «Бірлік тұйығы», «Егеменді тұйығы» болады. Бұл кемшілік былтырғы 2019 жылы өткен ономастика отырыстарында да айтылды, талқыға салынды, алайда, тұйықтардың аншлагтары әлі күнге дейін жаңартылмады.
Әр көшенің бойына көше атауын анықтайтын тақтайшалардың да бүгінгі күні тозығы жеткен, сынған, эстетикалық талғамға сай емес, жаңартылмаған.
Жалпы көрнекі ақпараттардың саны – 350 (20 – билборд, 8 – керме, 322 – баннер). Көрнекі ақпараттардың барлығы «Тіл туралы» заң талаптарына сай орнатылған. Зерделеу барысында шағын және орта бизнес өкілдерінің 97 жарнамалық көрнекі ақпараттары зерделенді, 25 көрнекілікте кемшіліктер анықталды. Жамбыл көшесінің бойындағы «Семейная лавка», Д.Қонаев көшесінің бойындағы «Айзере», Қазыбек би көшесіндегі «Ерке наз» дүкендерінің, Б.Сафинов көшесіндегі «Чикен хоус» сауда дүңгіршегінің жарнамалық көрнекі ақпарат құралдарының барлығы тек ресми орыс тілінде орнатылған, мемлекеттік қазақ тіліндегісі мүлдем жоқ,- деді тіл маманы. Баяндамашы сонымен бірге Нұрлыкент және Қызыларық ауылдық округтеріндегі кемшіліктерге тоқталды.
Нұрлыкент ауылдық округінде жалпы 22 көше бар. Округ әкімі Нұрлыкент ауылындағы 16 көшенің атауын растайтын шешімін жасаған, құзырлы органға тіркеген, тек Нұрлыбек Замбаев атындағы көшенің атауы заңдастырылмаған, құжаты жоқ. Сондай-ақ, Қазбастау разъезінің және осы разъезде орналасқан жалғыз Қазбастау көшесінің құжаты жоқ.
Бүгінгі таңда жаңа үлгідегі аншлагтар округтегі 22 көшенің 20 көшесіне орнатылған. Нұрлыкент ауылындағы Ақниет бұрылысына Қазбастау разъезіндегі Қазбастау көшелеріне аншлагтар орнатылмағандығы анықталды. Сонымен қатар, бірқатар көшелердегі кейбір аншлагтар жаңартуды талап етеді. Ал, көрнекі ақпараттардың жағдайына келсек, жалпы округтегі көрнекі ақпарат құралдары «Тіл туралы» заң талаптарына сай орнатылған. Мемлекеттік мекемелердің көрнекі ақпарат құралдары талапқа сай орнатылған. Алайда сауда нүктелерінің көрнекі ақпараттарында кемшіліктер бар. Атап айтқанда, «Айзере», «Нұрислам» азық-түлік дүкендерінің атауларының сыры кеткен, эстетикалық талғамға сай емес. «Нұрай» дүкенінің есігіндегі «Маскамен келуді өтінеміз!» ақпаратында маска сөзі ресми орыс тілінде жазылған, дұрысы «Бетпердемен келуді өтінеміз!» болады. «Пиво на разлив» деп жазылған ақпараты да қате жазылған. Дұрысы «Құйылмалы сыра» болады. Дәл осындай қателерді Тұран көшесінде орналасқан атауы жоқ дәріханада да кездеседі. Есігіндегі ақпараттар тек ресми орыс тілінде эстетикалық талапқа сай орнатылмаған.
Қызыларық ауылдық округіндегі жағдайға тоқталсақ, баяндамашының айтуы бойынша Алатау ауылындағы 3 көшенің (Орталық, Мөлтек, Шет), Қызыларық ауылындағы 4 көшенің (Т.Тастандиев, С.Жүзбаев, О.Елекбаев, Р.Ахметов) құжаттары заңдастырылмаған, тек 2011 жылдың 13 шілдесінде Жуалы ауданы әкімі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы консультациялық кеңесші орган (аудандық ономастика комиссиясы) отырысының №13 ұйғарымымен ғана бекітілген, бүгінгі күні кезінде жасалған ұйғарымдар нормативтік-құқықтық құжаттар аясына кірмейді. Яғни, келешекте, аталған көшелерге жаңа атау беру, қайта атау жұмыстарын міндетті түрде жүргізу керек.
Қызыларық ауылындағы Т.Тастандиев және Сұрым ауылындағы Төлебек Қостаев көшелеріне жаңа үлгідегі аншлагтар ішінара орнатылған.
Округтің төлқұжаты жазылған стеллада орнатылған «Ауылдың көркеюі – Қазақстанның көркеюі!» қанатты сөзі жазылып орнатылған көрнекілігінде пунктуациялық қате орын алған, сөйлемнің соңында леп белгісі қойылуы шарт, сөздің авторы да жазылмаған. «Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік!» көрнекілігінде де ауыл түбі сөйлемінен кейін дефис қойылмайды, сөйлемнің соңында леп белгісі қойылады. Алатау ауылындағы медициналық пункттің есігінде орналасқан хабарландыруында ҚР «Тіл туралы» заң талаптары сақталмай, грамматикалық, пунктуациялық, орфографиялық қателермен сауатсыз жазылған. Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы денсаулық сақтау мекемесінің есігінде коронавирус індетін алдын алу мақсатындағы хабарландыруы тек ресми орыс тілінде орнатылған. Алатау орта мектебінің қабырғасындағы Ы.Алтынсариннің «Тәрбие мен білім – мәңгілік, ол – жұтамайды, таусылмайды» қанатты сөзі тырнақшаға алынып пунктуациялық қатемен жазылған.
Баяндамашыдан кейін Б.Момышұлы ауылының әкімі К.Хайралапов, Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Н.Бөлекбаев, Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ә.Сыздықбаева да сөйлеп, баяндамада көрсетілген кемшіліктерді жою мақсатындағы жұмыстарды баяндады.
Көбейсін Есқалиұлы ауыстыруды қажет ететін көше аншлагтарын сапалы материалмен жасау мақсатында жұмыстар жасалып жатқанын, яғни жыл соңына дейін бұл жұмыс 50 процентке орындалса, келер жылы толық аяқталатынын жеткізді. Сонымен бірге жарнама тілінің сауатсыздығы кәсіпкерлердің жарнама жазуда тіл маманымен келіспей жасайтындықтарының салдары екенін, алайда өзі бас болып кәсіпкерлермен бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізгенін әрі қарай да жұмыс жүйелі жалғасатынын айтты.
Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев ауылдық округтегі 130 дана қатты желден сынып, күн көзінен оңып кеткен аншлагты қайта жасатуға 260,0 мың теңге қаржы бөлініп, осы жылдың соңына дейін аншлагтар орнатылатынын жеткізді.
Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әлия Сыздықбаева ауылдық округтегі жалпы ономастикалық ахуалға тоқтала келіп, ауыстыруды қажет ететін 27 аншлаг жыл соңына дейін ауыстырылатынын және бес кәсіпкерлік нысандағы жарнамалар ретке келтірілетінін мәлімдеді.
Отырысты комиссия төрағасы Ернұр Маратұлы қорытындылап, ауылдық округ әкімдері берген уәделерін жыл соңына дейін тиянақты орындауын және аншлагтардың ауа райына төзімді, сапалы болуына аса мән беру қажеттігін тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»