Basty bet
Күреңбелдік ақ желеңділер сертіне адал
Күреңбел дәрігерлік амбулаториясына биыл күзде Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «жалпы медицина» факультетін бітірген ерлі-зайыпты жас маман дәрігер жұмысқа келді. «Жас келсе – іске!» дегендей, Вахит Махамадшиков аға дәрігер, ал Ахила Махамадшикова жалпы тәжірибелі дәрігер болып қабылданды. Бүгінде ақ желеңділер өздеріне бекітілген аумақтағы тұрғындардың денсаулығына жіті көңіл бөліп, олардың сый-құрметіне бөленуде.
Дәрігерлік амбулаторияға 3200 тұрғыны бар төрт Тасбастау, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Қаратас медициналық пункті бекітілген. Мұнда бүгінде барлығы 17 жұмыскер еңбек етеді, оның екеуі дәрігер, сегізі аймақтық медбике, бір процедуралық медбике, бір акушер, бір зертханашы, қалғаны кіші медперсонал. Мекеменің диспансерлік есебінде тұратын науқастар саны – 420 адам, соның ішінде қан қысымымен 220, тыныс алу жолдары ауруларымен 14, АКШ-мен 7, жүрек-қан тамырлары ауруларымен 3 адам тіркелген. Одан бөлек, 18 жасқа дейінгі 1496 бала, соның ішінде 1 жасқа дейінгілері – 58, 35 жүкті әйел бар. Олардың денсаулық жағдайы мамандардың тұрақты бақылауында. Соның арқасында ағымдағы жылдың басынан бері аумақта ана және бала өлімі болған жоқ.
Амбулаторияда әлеуметтік маңызды ауруларға жататын науқастардың барлығы шұғыл жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Аумақта Ауған соғысының бір ардагері, Чернобыль-Семей ядролық сынақ полигонында болған жарылыстың зардаптарын жоюға қатысқан 9 адам бар. Биыл Семей ядролық сынақ полигонында болған үш азамат Смағұл Бекбаев, Серік Ерғазиев пен Қораласбай Қуанышбаев квотамен емдеу мекемелерінен ем алып, денсаулығын түзетіп келді.
Аға дәрігер Вахит Махамадшиковтың айтуынша, бүкіл жаһан жұртшылығын бір сәтте әбігерге салып қойған аты жаман дерт аймақтағы емдеу ұйымдарының қызметіне де өз ықпалын тигізбей қоймады. Амбулаторияға және оған қарасты медициналық пункттер ғимараттарына кіреберіс дәліз «жасыл» және «қызыл» аймақтарға бөлінді.
«Жасыл» аймаққа дені сау, «Д» есепте тұратындар, жүкті әйелдер, екпеге келген балалар, ата-аналары және профилактикалық шақыртулар бойынша келгендер кіреді.
«Қызыл» аймақтан дене қызуы жоғары, жөтелі бар, тұмауратып келген науқастар және басқалай себептермен оқшаулауда жүрген емделушілер кіреді. Оларды осы жерде сүзгі кабинетіндегі медбике сүзгіден өткізеді. Егер сүзгі барысында адамда қандай бір ауру белгісі анықталса, онда бұл туралы аудандық орталық аурухананың басшылығына, эпидемиолог-дәрігеріне шұғыл хабарланып, науқас арнайы көлікпен аудан орталығына жеткізіледі.
«Қызыл аймақта» науқастың шағымынан бөлек, ауру тарихы, оның қанша күннен бері ауырып жүргені зерделенеді. Осыларды зерделей келе, эпиданамнез жинақталады. Бірінші кезекте науқастың елден тысқары аймаққа, облыс аумағынан тыс қызыл аймақ болып есептелетін өңірлерге, көпшілік орындарға барған-бармағаны, одан бөлек, науқасты қосымша аурулар бойынша «Д» есепте тұратын-тұрмайтыны сұрастырылады. Осы көрсетімдердің барлығы жинақтала келе, науқастың СОVID-19-ға күдікті екендігі туралы алдын ала диагноз қоюға негіз болады.
– Бізде карантиндік шектеу шаралары қатаң сақталады. Емделушілерден ішкі кіргенде әлеуметтік арақашықтықты сақтау, антисептикалық құралдарды пайдалану және бетперде тағу ұдайы талап етіледі. Адам бетперде тақпай келсе, дәрігердің қабылдауына, емшара алуға жіберілмейді. Медперсонал жеке бастың қорғаныстық құралдарымен, бірреттік медициналық бетпердемен қамтамасыз етілген, дене қызуын түсіретін препараттардың қоры жасақталған.
Медициналық персонал карантин режимде жұмыс істеуге дайын. Аймақта тұрғындардың денсаулық жағдайын тексеру, санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізу мақсатында дәрігер мен медбикелерден жасақталған бір мобильдік топ жұмыс істейді. Топ мүшелері өз міндеттерін жетік біледі.
Одан бөлек, жыл сайын аумақта халықтың денсаулығын тексеру мақсатында скринингтік зерттеулер өткізіледі. Арнайы әзірленген кесте бойынша ауылдарға шығып, медпункттерді аралаймыз. Оған дәрігер, скринингке жауапты медбике қатысады. Аралау барысында жергілікті медперсоналға нақты және әдістемелік көмек көрсетіліп, проблемалық мәселелерге баса назар аударылады, – дейді аға дәрігер.
Емдеу ұйымы «Даму МЕД» электрондық ақпарат жүйесімен жұмыс істейді, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары деректер базасына енгізілген. Барлық емделушілер ұялы телефондарына «Даму МЕД» және «Saq bol!» қолданбаларын жүктеп алып, оларды жүйелі түрде қолданады. Көптеген тұрғындар осы қолданбаны пайдаланып, белгілі бір уақытқа дәрігердің кезегіне жазылып, емдеуге келе алады және білікті медициналық кеңес ала алады.
Мүмкіндікті пайдаланып, емдеу ұйымының дәлізінде кезек күтіп отырған емделушілермен де тілдестік. Күреңбел ауылының тұрғыны Тойшыбай Жанқұлов мұндағы ақ желеңділердің қызметіне, емдеу сапасына көңілі толатынын айтады.
– Тұрғындарға сақтық шараларын тағы бір мәрте ескертіп қойсақ, артықтық етпейді. Аса қажеттілігі болмаса, адамдар көп шоғырланған жерге бармаңыздар, бетпердесіз ешқайда шықпаңыздар, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қолды антисептикпен күнделікті өңдеп жүріңіздер. Алдымен әркім өз денсаулығы, сонан соң бүкіл қоғамның саулығы үшін өзінің жауапты екенін ұмытпаса екен деймін, – дейді аға дәрігер Вахит Хидратұлы.
Дәрігерлік амбулатория бір қабатты ыңғайластырылған ғимаратқа қоныстанған. Соңғы рет бірнеше жыл бұрын жөндеуден өткізілген. Екі күндізгі стационар, арнайы емдеу бөлмелері бар. Алайда, бүгінде амбулаторияның оң жақ қанатында орналасқан бөлмелердегі температура қоңыр салқын. Жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Мамандардың айтуынша, ғимараттың оң жақ бөлігінің іргетасы шөге бастаған, тиісті қызметтердің қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Жылу жүйесінің нашар жұмыс істеуі осыған байланысты болғанға ұқсайды.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»