Basty bet

Ғылым-білімге терең мән беруіміз керек

Мен Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысымын. «Алтын белгіге» үміткер түлектердің бірімін.
9 сыныпқа дейін Көлтоған ауылында оқыдым.
Бала кезден кітап оқығанды жақсы көрдім. Орталыққа көшіп келген соң, біраз уақыт кітаптан қол үзіп қалғанмын. Соңғы кездерде кітап оқуды қайта қолға алдым. Қазіргі таңда діни, психологиялық кітаптарды оқимын. Кітап оқудың пайдасы өте көп. Кітап оқу арқылы өзіңді тәрбиелейсің, мінезің де өзгереді.
Қазіргі таңда көптеген ата-аналар жұмысбастылықпен, ал үйіне келгенде телефон қараумен балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөлмейді. Сондықтан балалар ата-анасына ойын ашық айта аламайды. Бала ата-ананың көңіл бөлгенін қатты қалайды.
Менің психологиялық кітаптарды оқудағы мақсатым – келешекте білімді психолог болып, балаларға көмектесу.
Өмірлік ұстанымым – ұлы атамыз Абай Құнанбайұлы «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп өсиет еткеніндей, еңбек ету, қандай мәселе болса да ақылға салу.
Елімізде жүріп жатқан індетке байланысты биылғы оқу жылын қашықтан оқумен бастағалы отырмыз. Бұл әсіресе, 11 сынып оқушылар үшін қиындау болып отыр. Себебі, біздің мектеп қабырғасындағы соңғы жылымыз. Сыныптастарымызбен бірге бола алмауымыз көңілімізді жабырқатады. Ал тиімділігі мектепте 5-6 сағат оқып, негізгі керек пәндерге уақыт аз қалса, онлайн оқуда негізгі пәндерге дайындалуға мүмкіндік көп.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу шынайы өтті. Бұл біздерге де сабақ болды. Шынайылық, әділдік болса, оқу орындарында да мықты мамандар дайындалады. Мықты ел боламыз.
Жалпы карантин адамдарға көп нәрсені үйретті. Халық қыдырып, ойын-сауық қуып, көп нәрсеге көңіл бөлмей кеткен болатын. Тіпті жақындарының қадірін білмейтіндер де көп еді. Карантин рухани жағынан дамуымызға әсер етті деп ойлаймын.
Тәуелсіз елімізде Аллаға шүкір материалдық жағынан не қажеттің бәрі бар. Бірақ рухани жан дүниемізге көңіл бөлуіміз керек. Білім, ғылымды тереңірек үйренуіміз қажет. Елімізді бәсекеге қабілетті ететін дүние де осы ғылым мен білім. Әрине, бірінші кезекте тәрбиеге көңіл бөлуіміз тиіс.
Егер мен болашақта арманыма қол жеткізсем, қоғамда жастарға көбірек көңіл бөлінуіне үлес қосар едім. Және де қыздардың тәрбиесіне ерекше мән беретін, оларды рухани демейтін орталық ашар едім деп ойлаймын.
Барлық ұстаздарым мен оқушыларды, сыныптастарымды алдағы Білім күнімен құттықтаймын! Баршаңызға сәттілік тілеймін!

Назгүл Ерланқызы,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның
11 «а» сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close