Basty bet

Тәуелсіздік – тұғырым!

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік күні халқымыз үшін ең қастерлі, ең ұлы мереке.
Мереке қарсаңында аудан орталығындағы іргелі мектептердің бірі Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда “Тәуелсіздік – тұғырым!” атты мерекелік кеш өтті.

Кеш мектептің 1992 жылғы түлектерінің тартуы – Қазақстан Республикасының Рәміздеріне арналған бұрыштың ашылуымен басталды. Мемлекеттік рәміздерімізге арналған бұрыштың лентасын ардагер ұстаз, Жамбыл облысының Құрметті ардагері Әбілқасым Ергебеков пен мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова қиды.
Тәуелсіздік күніне арналған кеш домбыра үйірмесінің шәкірті Еркебұлан Тезекбайдың орындауындағы “Кероғлы” күйімен басталды.
Мемлекеттік Әнұран шырқалып, құттықтау сөз кеш қонақтарына берілді.
Алғашқы сөз кезегін алған ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебекұлы тәуелсіздік жайлы тағылымды ой-пікірімен де бөлісті.
-Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Халқымыз қаншама ғасырлар бойы армандап жеткен тәуелсіздікке қолжеткізгенде Елбасы тізгінді қолға алып, іргеміздің берік қалануына зор еңбек сіңірді.
Ең бірінші мемлекетіміздің шекарасын бекітті. Бұл біле білген адам үшін үлкен бақыт. Ұлттық валютамыз теңгемізді шығарды. Қазақтың тілін, дінін өз орнына қоя білді.
Рәміздеріміз дүниеге келді. Мұның барлығы тәуелсіз еліміздің қасиетті тарихы.
Елбасының еңбегіңнің арқасында мемлекетіміз әлемге танылды. Яғни, Елбасы жүріп өткен жол – ұлы жол. Тұңғыш Президентіміз әрбір күнін, әрбір сағатын еліміздің дамуына арнады. Сондықтан ол кісінің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Елдің болашағы үшін ерен еңбек етті.
Азды-көпті біраз мемлекеттерде болдық. Алайда біздің елдей ел жоқ. Аллаға шүкір, біздің елдің жағдайы жақсы.
Әбіш Кекілбаев “Бағалай білгенге бақ қонады, Қуана білгенге құт қонады” деген. Сондықтан басымыздағы бағымызды бағалай білгеніміз жөн.
Еліміздің болашағы – жастар. Жастар жақсылықтың ұрығын сепсін. Бұлақтың көзін ашсын. Табиғатты қорғап, айналаны гүлдендірсін. Елімізді, жерімізді қорғасын. Алланың халқымыздың пейіліне берген байлығын, бақытын бағалай білейік. Осы байлық жастардың игілігіне жарасын,- деді ақсақал.
Келесі кезекте Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың бірі, аудан орталығындағы Өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев сөйледі. Қанат Жарасұлы жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ел-жұртқа деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Құттықтау сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев та көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Тәуелсіздігіміздің тарихы, жеткен жетістіктерміз жайлы ой бөлісті.
-Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында еліміз осындай жетістікке қол жеткізді. Оны әрбіріміз мойындауымыз керек. Кезіндегі жарық, су, газ айлап, тіпті жылдап берілмеген, жалақы алмаған күндерден бүгінгідей күнге жету үлкен еңбектің ғана арқасы.
Бүгінгі жастардың арманы жоқ деп есептеймін. Себебі, әрбір білімін, еңбегін дәлделдей білген қазақстандық қайда оқимын, не жұмыс істеймін деседе мақсатына қол жеткізе алады. “Болашақ” бағдарламасымен қаншама білімді жастарымыз шет мемлекеттердегі мықты деген оқу орындарында білім алып, бүгінде еңбек етіп жатыр. Жалпы еңбек етемін, білім аламын деген азаматтарға бар жағдай жасалуда.
Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Елбасының саясатын әрі қарай ұстанып, табысты еңбек етуде.
Алдағы жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Бұл – аз да, көп те уақыт емес. Сондықтан барлықтарыңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Көпұлтты мемлекетіміз гүлдене берсін. Ел іргесі бүтін болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!- деді Ернұр Маратұлы.
Кезек ән мен биге берілді. Сара Төребекова Мұхтар Шахановтың “Желтоқсан алаңы” атты өлеңін оқыды. Кешке қатысушылар Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бір топ ұстаздар Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әнін хормен орындады. Қалман Марғұлан есімді шәкірт “Мен қазақтың ұлымын” атты әнді шырқады.
Жас мамандар “Қазақ биін” биледі.
Мерекелік кеш соңынан мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова құттықтау сөз сөйлеп, мектепке тарту жасаған түлектерді жеке-жеке мектеп ұжымының атынан Алғысхатпен марапаттады.
Ерұлан Мағзымбеков, Нұркен Беков, Айша Дәулетбаева бастаған бір топ түлектердің бұл ісі жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Өзің түлеп ұшқан алтын ұяң мектебіңе, туған ауылыңа қарайласып, қолдау, демеу жасау – өнегелі әрі сауап іс. Бұл да халықтың рухани жаңғыруының бір көрінісі деуге әбден болады.
Игілікті істер лайым жалғаса берсін! Тәу етер Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close