Basty bet

Табиғи өрттердің алдын алуды күшейтуді тапсырды

Жуырда Мойынқұм ауданында орын алған табиғи өрттің бірнеше тәулік бойы сөндірілмеуіне өзара әрекеттесетін құрылымдардың әлсіз жұмысы салдарынан жол берілген.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жою мәселелері қаралған аппараттық кеңесте мәлімдеді.
«Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ аумағындағы құмды жердегі құрғақ шөп пен сексеуілдің жануын сөндіру шаралары төрт күн бойы жалғасқан. Өрт Ақкөл, Жамбыл, Меркі, Ұланбел және Қосқұдық орман шаруашылықтарының аумағына дейін таралды. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ.
Қызыл жалынды ауыздықтауға барлығы 291 адам, 61 техника және 1 тікұшақ жұмылдырылып, облыстық ТЖД, «Мойынқұм, Байзақ, Меркі, Қосқұдық, Қордай және Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері» КММ күштері мен құралдары, Мойынқұм ауданының ерікті өрт сөндіру құрамалары, «Қазавиаорманқорғау» РМК де атсалысты.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтың айтуынша, өртті құмда сөндіру өте қиынға соққан, оған қоса қатты жел кері әсерін тигізген. Дегемен ол тиісті қызметтердің өзара әрекетінің әлсіздігін мойындады. Бұл орайдағы мәселелерді шешу үшін баяндамашы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жедел топтарды рациямен қамтамасыз етуді ұсынды. Орман қорының жай-күйі туралы барлық жедел ақпарат көрсетілетін мобильді қосымша әзірлеп, арнайы киімдер сатып алу қажеттігі де айтылды.
Басқосуға селекторлық режимде қатысқан аудан әкімдеріне А.Оразбеков ерікті өрт сөндіру бригадаларымен тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
– Осындай өзекті мәселелердің бәрі ертерек көтерілуі керек еді. Жауапты адамдардың өз жұмысына немқұрайлы қарауы адам шығынына әкелуі мүмкін. Бақытымызға орай, бұл жолы өрт мыңдаған гектар аумақты шарпығанмен, зардап шеккендер болған жоқ. Бұл барлығына сабақ болуы тиіс. Мұндай жағдайларда өзара үйлескен әрекеттер мен бірлесіп күресудің маңыздылығы зор, – деді Бердібек Сапарбаев.
ТЖД басшысының м.а. Мақсат Қосыбаевтың мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында 241,5 га аумақта 31 өрт, 44 632 га алқапта 14 орман өрті, сондай-ақ, 14 га алқапта үш дала өрті оқиғасы орын алған.
– Орман өрттері экологиямызға үлкен зиян келтіреді. Мұндай жағдайлар дер кезінде анықталса олармен күресу оңайырақ болады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бұл үшін табиғат қорғау ведомствосында барлық мүмкіндік жеткілікті. Орман қорының жерлерінде 30-дан астам өртке қарсы мұнаралар мен 61 бекет орнатылған.
Басқарманың арсеналында 20 шақты автокөлік, 66 соқалы трактор, 10-нан астам үш тонналық әмбебап цистерна-тіркемелер бар.
Ғарыштық мониторинг өрттің пайда болу ошақтарын есептеуге мүмкіндік береді. Өрт сөндіру жасақтарында 557 адам жұмыс істейді.
– Ведомство қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалана алмай отыр. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау керек және болмашы сылтауларды іздемеу керек.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қойылған міндеттерді шеше алмауда. Жер және су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамыту жұмыстарымен өте нашар айналысуда, – деді облыс әкімі.
Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев Төтенше жағдайлар департаментіне, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен орман шаруашылығы кәсіпорындарына әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуді, орманды дала аймағында өрттің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Аудан әкімдеріне өртті сөндіруге көмектесетін еріктілерді қолдауды ұсынды.

Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close