Basty bet

Экономика – саясаттың да, мәдениеттің де негізі

Экономика – мемлекеттің, қоғамның, әрбір адам мен оның отбасы өмірінің негізі. Себебі, экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болсын шешімі экономикаға тәуелді.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Инфляция да, жаппай жұмыссыздық та, өнеркәсіп орындарының тұралауы да, дүкен сөрелерінің тып-типыл көріністері де болды. Мемлекет алдындағы басты мәселе – халықтың әл-ауқатын, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикамызды нарықтық жолына бағыттады. Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында нақты басымдықтарды белгілеп, жүзеге асырып отырды. Үлкен еңбектің арқасында өмір сүруге жайлы орта қалыптастырылды, ел экономикасы көтерілді.
Ауданымыздың экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде. Осы орайда ауданымыздың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайында аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бекмұрзаева Гүлбара Нұрманқызымен сұхбаттасқан едік.

-Гүлбара Нұрманқызы, ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, әңгімемізді ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар, яғни «саланың дамуы қай деңгейде?» осы сұрақ төңірегінде өрбітсек.
-Жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 2 млрд 699,2 млн теңгені құрады немесе нақты көлем индексі 103,4 пайызды құрап, облыс көлемінде үшінші орынға орналасты.
Егін шаруашылығына келсек, үстіміздегі жылдың өнімі үшін 63 835 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылды. Оның ішінде күздік бидай -11 020 га, жаздық арпа – 25 730 га, дәндік жүгері – 300 га, картоп – 2500 га, 145 га қант қызылшасы, 2660 га мал азығы, қалғаны көкөніс және бақша өнімдері, мақсары, күнбағыс, қытай бұршағы.
Жылдың І тоқсанында жалпы құны 55,4 млн теңгеге алты жаңа МТЗ тракторы, екі дана шөп оратын комбайн және бес дана ауыл шаруашылығы тіркемелері сатып алынды. Егін егу науқанында диқандар үшін жанар-жағар майға деген қажеттілік жоғары болады. Осы мәселені шешу үшін «Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» КММ арқылы кепілденген дизель отынын ауданымызда «Орсо Энерджи» ЖШС мен «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі таратушы операторлар болып белгіленіп, барлығы 2360 тонна жанар-жағар май 173 теңгеден таратылды.
Мал басы өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 9,1 пайызға, қой мен ешкі 5,4 пайызға, жылқы 13,0 пайызға, шошқа 0,3 пайызға, құстар 2,3 пайызға артты.
Ал, мал өнімдері бойынша 2019 жылдың 1 сәуіріне ет өндіру тірі салмақпен 3,0 пайызға, сүт өнімі 4,5 пайызға, жұмыртқа 1,1 пайызға артты.
-Шағын және орта бизнес – қоғамның тұрақты дамуының негізі. Яғни, шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Ауданымызда шағын және орта бизнестің тыныс-тіршілігі қандай?
-Ауданда бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс жасап, нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар қаңтар-наурыз айларында 1 750,1 млн теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрады.
Аталған мерзімде статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 4407 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде үш орта, 154 шағын кәсіпорындар, 2007 жеке кәсіпкерлер және 2243 шаруа қожалықтар. Осы шаруашылық субъектілерінде барлығы 9022 адам жұмыс атқаратын болса, соның ішінде 109 адам орта кәсіпорындарда, 679 шағын кәсіпорындарда, жеке кәсіпкерлікте 2050 адам, шаруа қожалықтарда 6184 адам жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысымен бюджетке 187 млн 951,8 мың теңге салық түсірілді. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 4084-і немесе 92,7 пайызы жұмыс істеуде.
Аудан бойынша 2019 жылдың І тоқсанында 785,0 млн теңгенің бөлшек саудасы жасалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 17,5 пайызға артып отыр.
– Қазіргі кезде елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық процесс әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың негізгі алғы шартына айналып, еліміздегі реформаларды табысты іске асырудың басты себебі болып отыр. Осы орайда ауданымыздағы бұл мәселеге қатысты жағдайды айтып берсеңіз.
-«Қазгидрооперейтинг» ЖШС-мен «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВТ құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы жүргізілуде. 2018-2022 жылдарға арналған жоба құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күні «Қазгидрооперейтинг» ЖШС ГЭС-тің төрт каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекіту және бетондау жұмыстары жүргізілуде. Электр станциясының құрылғылары тапсырыспен Австрия мемлекетінде дайындалуда.
Екінші, «Қаралма» тау шаңғы кешені. Жоба құны -3 355,0 млн. теңге.
Үшінші, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 800 бас ірі қараға арналған сүт тауарлы ферма құрылысын жүргізуде. Жыл соңына дейін жалпы көлемі 1 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп күтілуде, оның ішінде 400,0 млн.теңгесі құрылыс жұмыстарын құраса, 600,0 млн.теңге құрал-жабдықтар сатылып алынады.
-Биылғы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде соғылатын нысандар бойынша және таулы аймақтағы елді мекендерді газдандыру мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
-2019 жылы денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жалпы 183,0 млн. теңгені құрайтын сегіз нысан салынады деп жоспарланған. Олар: Қарасу, Қаратас, Майбұлақ, Кәріқорған, Ақтасты, Теріс-Ащыбұлақ, Қосбөлтек, Т.Дүйсебайұлы ауылы. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталған. Құрылысы жұмыстары жүргізілуде.
Ал, жоспарланған 15 елді мекенді газдандыру мәселесіне келсек, газдандыру бойынша 2019-2020 жылдарға 771,5 млн теңгеге газдандыру құрылысы жүргізіледі деп жоспарланды. Құрылыс жұмыстары басталып кетті.
– Гүлбара Нұрманқызы, енді ауылдық округ әкімдерінің рейтингісі бойынша айтып берсеңіз?
-Ауылдық округ әкімдерінің рейтінгісі 16 көрсеткіш бойынша шығарылады. Оның ішінде негізгісі: мал шаруашылығы; инвестиция енгізу(ауылшаруашылығы саласы); инвестиция енгізу (барлық сала бойынша); «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жастарды тарту, жастардың бос жұмыс орындарына орналасуы, пайдалануға берілген тұрғын үй. Ауылдық округ әкімдерінің жұмыстары әр көрсеткіште әртүрлі деңгейде орналасқан. Бірінде алда болса, бірінде артта. Жалпы қорытындылай келе І тоқсанның бағалауы бойынша алғашқы орындарда Б.Момышұлы ауылы, Мыңбұлақ, Ақсай, Нұрлыкент ауылдық округтері тұрса, соңғы орындарда Боралдай, Жетітөбе, Қошқарата, Билікөл ауылдық округтері тұр.
Ауылдық округтер әсіресе, мал басын көбейту, ет, сүт бағытындағы жұмысты жүйелеуі қажет. Сонымен бірге жалпы инвестиция тарту жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше мән берулері тиіс.
-Сіз басқарып отырған бөлімнің алға қойған жоспарлары қандай?
-Жамбыл облысы әкімдігінің №50 Қаулысына сәйкес Жуалы ауданында 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы және оған қатысты іс-шаралар жоспарын сапалы орындау. Облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы 28 индикатор мен облыс әкімдігінің басқармаларының арасындағы 116 индикатордың уақтылы орындалуына атсалысу. Аудандық бюджеттің кірістерін межелеген жоспардан артық орындалуы және шығыстар бөлігінде қаржыларды 99,9-100,0 пайызға игеруге жұмыстар атқару.
-Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close