Basty bet
«Игіліктерді халыққа дер кезінде жеткізейік»
аудан әкімі Нарбай Ергебеков құрылысшы-мердігерлерге осындай талап қойды
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылдың 13 наурызындағы өкіміне сай өңір басшысы Нарбай Әбілқасымұлы аудандағы түрлі құрылыс объектілерінде жұмыс істеп жатқан мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесіп, екі жақты тиімді пікір алмасты. Басқосуға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, тиісті бөлімдер мен мекемелер басшылары, ауылдық округтер әкімдері қатысты.
Жиында аудан әкімдігі сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а. Нұрсұлтан Сауырбаев пен аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков ауданның денсаулық сақтау, білім беру, спорт және жол салаларында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жай-жапсары туралы есеп берді.
Аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі арқылы биыл алты объектіде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы сомасы 94, 851 млн теңгені құрайтын төрт тұрғын алапқа инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталды. Қарабастау ауылындағы Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша спорт зал (қазандығымен қоса) салу, Қарасаз ауылының жаңа су жүйесі құрылысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде сегіз ауылда денсаулық сақтау нысандары салынуда. Аталған құрылыс объектілерінің басым көпшілігінде мердігерлер жұмысты кестеге сай, сапалы жүргізуге тырысуда. Алайда, мерзімнен кешігіп, әрі жұмысты сапасыз жүргізіп отырған мердігерлер де бар. Мәселен, «Нұрлыкент» тұрғын алабына инфрақұрылым жүргізумен шұғылданушы «ЕрК Астана» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын шілденің ортасында аяқтауы тиіс болса, мерзімінен кешіктіріп, әр күніне айыппұл төлеген. Мердігер ұйым объектінің құжаттарын толық өткізбеген. Сондай-ақ Қошмамбетов ОМ спорт залы мен қазандығының құрылысы баяу жүруде. Осы ретте, аудан әкімі Нарбай Ергебеков мердігер «Тараз құрылыс инвест» ЖШС басшысынан істің мән-жайын түсініктеме беруін талап етіп, жұмысты жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.
Ауданда биылғы жылға барлығы 10,89 шақырым ауыл ішілік автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жоспарланған-ды. Бұл Бауыржан Момышұлы ауылындағы екі, Ақсай ауылдық округінің Диқан, Боралдай ауылдық округінің Ертай, Билікөл ауылдық округінің Жылыбұлақ, Қарасаз ауылдық округінің Қарасу, Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек, Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты, Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылдарындағы бір көшенің жолдары. Бүгінде екі көшеден басқа объектілерде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Кәріқорған ауылындағы М.Қожаназаров атындағы көшеде ескі асфальт жол сүріліп тасталғанымен, мердігер жаңа асфальт салуға асығар емес. Ал Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылындағы Руханият көшесін орта жөндеуден өткізетін мердігердің жұмысқа кіріспеуіне байланысты ісі облыстық экономикалық сотқа жолданған. Аудандық мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген қаражаттың 55,6 пайызы игерілген.
Жиында облыстық мәндегі Әбілдабек-Бақалы-Сұрым станциясы-Бәйтерек» автожолының 21 шақырымына орта жөндеуден жүргізіп жатқан «Жолделюк» ЖШС-нің жұмысына бірқатар сындар айтылды. Атап айтқанда, Бақалы ауылынан бастап төселген асфальттың сапасына ауыл тұрғындарының көңілі толмай, салынған жол жамылғысын қүрекпен ойып, қалыңдығын тексерген. Оған қоса мердігер ұйымның кестеден кешігу қаупі бар. Осы ретте аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өзінің салалық орынбасары мен тиісті бөлім басшысына жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйымнан жұмыстарды жобаға сай қатаң талап ету қажеттігін қатаң тапсырды.
Басқосу өткен жексенбіде аталып өткен Көлік қызметкерлері және Құрылысшы кәсіби мерекелеріне тұс келгендіктен, аудан әкімі Нарбай Ергебеков көлік қызметкерлері мен құрылыс объектілерінде жауапкершілікпен еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген бірқатар мердігер компаниялар өкілдеріне өңірдің экономикасына үлесін қосқаны және кәсіби біліктілігі үшін алғысын айтып, облыс әкімінің және өзінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»