Basty bet
Көпбалалы ананың ақ тілегі
Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Әр отбасы – өзінше бір мемлекет саналады. Көпбалалы баланың анасы болу нағыз ерлік. Осы орайда, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында 551 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» алқасының иегері 90 және 255 ана «Күміс алқа» алқасын иеленген. Алты баланың анасы Қарлығаш Мамырбекова да «Күміс алқа» алқасының иегері.
Қарлығаш Еркінбекқызының Абай Манатұлымен отау құрғандарына биыл 28 жыл толып отыр. Олар жалындаған жастық шақтарында өмір айдынында бірге болуға уәделесіп, шаңырақ көтерген. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары некеге тұрған олар еліміздің егемендігімен бірге өсіп, жетіліп келеді. Адал еңбектерінің арқасында баспаналы болып, ел қатарлы еңбек етуде. Бүгінде перзенттерінің алды отбасылы болып, немере сүйіп отыр.
«Балалы үй – базар» демекші, бұл жанұядан баланың тәтті күлкісі мен шаттықтың лебі еседі. Балалары бір-бірімен үйелмелі-сүйелмелі болып өсіп келеді. Тұңғыштары Арайлым ұстаздық жолды таңдаған. Отбасылы, екі баланың анасы. Ал, ұлдары Саят Алматы қаласында жұмыс істейді. Қызы Аружан мен ұлы Бауыржан студент. Бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жер кадастры мамандығында оқыса, бірі медициналық колледжде фельдшерлікте оқуда. Үйдің кенже ұлы Нұрғанат 1 сыныпта оқыса, Ақкенже үш жаста.
Тәрбие бастауы жанұядан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзге сүйенер болсақ, бұл көпбалалы отбасы балаларын ата-аналары имандылыққа, бауырмалдыққа, адалдыққа, тәртіпке тәрбиелеуде. Ұлдарын әкесі даладағы тірлікке баулыса, аналары қырмызы қыздарын ұлттық тәрбиемен сусындатуда.
-Өзім Қошқарата ауылының тумасымын. Әкем марқұм Еркінбек Назарбеков колхозда жұмыс істеген. Анам Жеміскүл Тәжібаева Қызтоған ауылындағы С.Мұқанов атындағы негізгі мектептің директоры болып ұзақ жыл қызмет еткен. Ал, жолдасым Абай Өзбекстанның Ташкент облысы, Бостандық ауылының тумасы. Ата-анасынан ерте айырылған. Жастайынан өз бетінше еңбек етіп, өмірден өз орнын тапқан. Оқуда озат болған. Біз отау құрғанда мен Өтебаев атындағы Шымкент колледжінің есепші мамандығының І курсында оқитынмын. Ал, Абай Қазақ-Түрік университетінің 5 курсында оқиды. Өзі өнерлі. Көркемсурет графикасы мамандығында білім алып жүрген өте сабырлы, байсалды жігіт болатын.
Біздің отау құруымыз да есте қаларлықтай оқиға болды. Небәрі 15 жасымда ақ босағаны аттап, келін атандым. Сол уақыттан бері бірге өмір айдынында қол ұстасып, өніп-өсіп отырмыз. Еңбекқорлығымыздың, табандылығымыздың, өзара түсіністіктің арқасында айрандай ұйыған жанұя атанып отырмыз.
2000 жылдарға дейін Шымкент қаласында, одан кейін Абайдың туған жері Бостандық ауылында тұрдық. Пәтер жалдаған жоқпыз. Басымызда баспанамыз болды. Үйіміз шағын болса да іші жылулыққа, мейірімге толы болатын. Содан 2001 жылы Б.Момышұлы ауылына қоныс аударып, осында тұрақтап қалдық. Жолдасым қазіргі таңда №19 Қонаев атындағы мектеп-гимназияда еңбек шеберханасының меңгерушісі болып жұмыс істейді. Өзім уақытша жұмыссызбын.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, отбасымызда отағасы балаларды еңбекке, өнерге баулиды. Осы үйге алғаш көшіп келгеннен бастап есік алдына жеміс-жидек ағаштарын отырғызды. Бүгінде алма, шие ағаштары жайқалып өсіп, одан мол өнімін жинап алудамыз. Табиғи таза өнім тұтынып, балалардың денсаулығына пайдалы дәрумендерге бай тағамдар береміз.
Перзенттеріміз есейіп, бойжетіп қалды. Ұлдары әкесіне, қыздарым маған қолғабыс етеді. Үлкендері кішісіне қамқорлық көрсетіп, ағалық ақылдарын айтып жүреді,- дейді көпбалалы ана.
Әр баланың өз несібесі бар. Әрбір бала үлкен бақыт. Ана бақытын сезінген Қарлығаш Еркінбекқызы бар уақытын балаларына арнап, бала тәрбиесін бәрінен жоғары қояды. Саналы ұрпақ тәрбиелеуді аналық міндеті санайды. Тәуеліздік алған сәттен бастап мемлекет көпбалалы аналарды қолдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын беріп, құрметке бөлегеніне ризашылығын білдіреді. Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал екендігін жақсы біледі. Сондай-ақ, әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіс екендігін түсінеді.
-Тәуелсіз елде егеменді елдің ұландарын дүниеге әкеліп, тәрбиелеудеміз. Аллаға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында емін-еркін өмір сүріп, перзенттеріміз қалаған оқу орындарында білім алуда. Бейбіт өмірде, ашық аспан астында ғұмыр кешудеміз. Мұның барлығы ел тәуелсіздігінің жемісі. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай! Дәулетіміз шалқып, береке-бірлігіміз жараса берсін, – деп көпбалалы ана Қарлығаш Еркінбекқызы аналық ақ тілегін жеткізді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»