Basty bet

Бауыржан батырдың өшпес бейнесі

Шәкәрім қажы: «Жүйріктің де жүйрігі бар, қазанат жөні бір басқа, жігіттің де жігіті бар, азамат жөні бір басқа!» деген ғой.
Жер жәннаты Жуалының Мыңбұлағынан түлеп ұшқан күні кешегі 1941-45 жылғы сұрапыл соғыстың батыры, қолбасшы, жазушы, ұлт намысының алмас қылышы болған Бауыржан – Жуалының ғана емес, бүтін қазақтың мақтанышы.

Жалпы батырдың бойынан табылатын жөні бөлек, ерекше қасиеттерді француз қолбасшысы Наполеон Бонапарттың мына сөзінен анық бағамдасақ керек: «Адамзаттың қадір-қасиетін арттыратын ерекше екі артықшылығы болады: олар – еркектің ерлігі мен әйелдің адалдығы. Осындай екі ерекшеліктің басы-қасында бастан-аяқ бірге жүретін екі жыныстыларға, яғни еркек пен әйелді даңққа бөлейтін бір ғана қылық бар. Ол – қажет болғанда, ештеңеден тайқымай, бәрін де Отан үшін құрбандыққа шалып беруге дайын тұруға итермелейтін азаматтық ар-ождан мен еліне деген адалдық».
Осындай қасиет пен кісілік болғанда ғана ғажайып ерліктер жасалады. Өмірдің қилы тауқыметі мен қиын-қысталаңдарында жігерсізденбей, өрши түсіп, көкірек кере, қасқая қарсы шабар күш-қуатқа ие болады.
Түріктер (біздің қазақ ең таза түріктер шежіресі бойынша), мінеки, дәл сондай батырлар қатарына жатады. Сондықтан да түріктерді өлтіруің мүмкін, алайда оны жеңе алмайсың» деген екен осыдан 200 жыл ғұмыр кешкен әлгі француздық ұлы қолбасшы. Тағы бір сөзінде ол: «Құдай есімі қанша жасаса (астағфирулла!), менің есімім де сонша жсайды» деп. Қазақтың хас батыры Баукеңнің есімі де туған халқымен мәңгі жасай береді деп білеміз.
Даңқты қолбасшы биыл 110 жасқа толады. Оны өзі жанындай сүйген кең-байтақ ұлы даланың дархан пейілді қазағымен бірге, оның туған елі, кіндік кескен жері де біртуар перзентінің сегіз мүшел жасын сағынышпен, үлкен өрлеу үстінде атап өтуде.
Сол мерекелі басқосудың бірі күні кеше Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы ауылының мәдениет үйінде халқымыздың абыройын өсірген, ұлтымыздың мақтанышына айналған Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыр ойлы қаламгер, аты аңызға айналған Бауыржанның 110 жылдығына арналған мерекелік фестиваль өтті.
Бақалы мәдениет үйінің меңгерушісі Шыңғысхан Ералиев, Теріс ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Бағила Күзембекова, қосбөлтектік Лаура Өкімбаева, көктөбелік Меруерт Алдабергенова бірлесіп ұйымдастырған концерт өте қызықты, тәрбиелік мәні зор, тағылымды болып өтіп, есте қалды.
Концертке округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбекұлы, Теріс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрғасы Аташбек Әмірқұлұлы, т.б. көптеген қонақ шақырылған.
Жеткіншек ұл-қыздар ұлттық жарасымды киім киген, әже үлгісімен киінген ақ жаулықтылар өте жағымды, әсер қалдырды. Қазақи би билеп (топтанып) халық көзайымы болды. Ер балалар кезегімен ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран Баукең туралы шешендік шумақтар мәнермен айтылып, жұрт жігерін қайрай алды.
Батырға арналған өлең шумақтары бимен ұштасты. Кеш барысында ауыл өнерпаздары ән салды, күй тартып, би биледі.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген тәмсіл бар, Баукеңнің күні кеше Жуалыға өзі айтса-айтқандай, 80-90 жылдығы мен әсіресе, 100 жылдығын дүркіретіп, есте қаларлықтай атап өткен күні бүгінгідей есте. Қалай десек те, Баукең жан-жақты, дара тұлға, алдағы 100 жылдың ар жағындағыны көріп тұрғандай сөз саптар еді.
Қазақи әдет-ғұрпымыз, салт санамызды, тіл мен діл, дінімізді сақтауды Аталық аманат еткені бұның дәлелі: өз кезінде «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған, ең алдымен, ата-ана кінәлі» деп айтқаны һәм жазғаны күні бүгінгідей есімізде.
Баукең 24 желтоқсанда 110 жасқа толады. Оның өзі сүйіп өткен туған қазақ халқы, оның ұрпағы өнегелі істерінен үлгі алып, оны өмірде үлгі тұту, мақтаныш ету әр қазақтың қасиетті борышы, осыны ұмытпайық, жас ұрпақ!.
Мәдениет үйінің кіреберісінде Баукеңе қатысты бірсыпыра естелік заттар қойылған, оны көріп тамашалаған жұрт ризашылықпен тарқасты. Аулаға шыққанда, жас бозбалалар сәйгүліктерге мініп, қазақы киім үлгілерімен жұртшылықтың назарын өздеріне аударды. Олар бәйге, көкпарға шабатын бозбалалар – Аслан Ергенұлы, Елдар Еркінбекұлы, Мырзабек Мұхтарұлы, Айдәулет Ғалымұлы, Асхат Ғалымжанұлы.
Фестивальда Баукеңнің рухымен жігерленген жас өскін ұл-қыздар мен бозбала, шаңырақ иелері аға-жеңгелерге жиналған жұрт атынан Көкбастау ауылдық округі Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбекұлы ақсақал ізгі тілек-ниетті бата берді.
Өскелең ұрпағымызға қазақтың сайын даласын, кір жуып, кіндік кескен туған жеріңнің ойы мен қырын, тау мен тасын, жазығы мен жазирасын таныстыр, көзімен көрсет, шалғынына аунат. Перзент өзінің ата-тегін, терең тамырын, рухани діңгегін біліп өссін. Олардың бойында басты қазағымызға тән Баукеңдей батырлық, батылдық ойшылдық, шешендік, намысшылдық, ізеттілік, кішіпейілділік, қонақжайлылық, мандылық қасиеттердің орнығуына жағдай жасайтын болайық!
«Чарльз Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, мен көк бөріден жаралғам!» деп Баукең батыр айтқандай, Көк бөрі ежелгі түркілердің туында бейнеленген. Өжет, қайтпас-қайсарлықтың бейне белгісі. Батыр Баукеңнің рухы бізді желеп-жебеп, Мәңгілік Ел болуға жігерлендіре берсін. Осындай өжет, қайсар, от жалындай намысты болсын, қазақ өскіндері!
Мереке мерекеге ұласып, Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойы құтты болып, барша қазақты соны істерге жігерлендіре берсін, өйткені ол – Батырлықтың символы.
Найманкүл БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.
Бақалы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close