Basty bet
Қылқалам шеберлері Батыр келбетін бейнеледі
Жуалы ауданы талай батырлар мен ерлерді дүниеге әкелген құт дарыған қасиетті өлке. Ғасырымыздың ірі тұлғаларының бірі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры қазақтың маңдайына біткен нар тұлғасы, ұшқыр ойлы қаламгері, есімі аңызға айналған бабамыз Бауыржан Момышұлы осы елде түлеп, елім деп өткен ер азамат. Біздің санамызда Бауыржан бабамызбен бірге Жуалы туралы түсінік бір-бірімен қосарланып қалыптасқан ұғым.
Биыл елімізде айтулы даталардың қатарында даңқты қолбасшы батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы да бар. Осы ретте, Батырдың мерейтойына аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Батырлар – ұлт мақтанышы» атты қылқалам шеберлерінің байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – ерлік пен батырлығы Отанға деген сүйспеншілігі мықты, ұлттық ар-намысы жоғары, рухы биік, ерлігі аңызға айналған батырларымыздың бейнесін мәңгілікке сақтап қалу, асқақтату.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында өткен байқауға 20 жас үміткер қатысты. Қылқалам шеберлерінің шығармаларына аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Нұржан Әліш және аталған мекеменің көркемдік жетекшісі Ришад Қуанышев, №1 өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев, №1 Өнер мектебінің сурет пәнінің мұғалімі Біржан Жұмабеков, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның сурет пәнінің мұғалімі Асқар Елгембаев қазылық етті.
Байқауды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың шарттары бойынша қылқалам шеберлері тақырыпқа сай бір суретті үйден салып келуі қажет және байқау барысында қазылар алқасы қылқалам шеберлеріне Батырдың тағы бір бейнесін сол жерде қағазға түсіруді тапсырды. Портрет, картиналар кенеп матаға салыну керек. Өлшеміне шектеу қойылмады. Сурет майлы бояумен салынып шеттері рамамен (багетпен) көмкерілуі шарт. Портреттің, картинаның оң жақ бұрышына суретшінің аты-жөні, суреттің аты мен өлшемі (компьютерде терілген) рамаға жапсырылу қажет болды.
Қылқалам шеберлері Батырдың бейнесін жарыса салып, нәтижесінде байқаудың І орнын Батырдың бейнесін қара қаламмен үздік салғаны үшін Қарасаз ауылдық округінен Сәния Берсүгір жеңіп алды. Ал, жүлделі ІІ орын Боралдай ауылдық округінен Расылхан Жаманқұловқа және ІІІ орын Көкбастау ауылдық округінен Айдын Абдуллақызына бұйырды.
Жеңімпаздарды және байқауға қатысушыларды ұйымдастырушылар құттықтап, арнайы дипломдар мен сыйлықтар тапсырды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»