Basty bet

Таза ауызсу – тұрғындар игілігіне

биыл 10 елдімекенде ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға да көптеп көңіл бөлініп отыр.

Мысалы, Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бөлімінде: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымдарына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет. Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауызсумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді. Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.
Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады. Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде. Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қаражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс» деген нақты тапсырмалар берілді.
2020 жылы коронавирустық инфекцияның таралуымен байланысты пандемияға қарамастан Жуалы ауданында инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, тұрғындардың игілігі үшін жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауылдарға ауызсу құбырларын жеткізу мәселесінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасымен жеті жоба аясында 10 ауылға, одан бөлек, «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында бес ауылға жаңадан ауызсу құбырлары тартылуда. Жеті жоба аясында барлығы 10 ауылға ауызсу құбырларын тарту құрылысын «Байсын-А» ЖШС жүргізуде.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жұрымбай ауылының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізіп, қуанышқа кенелді. Ағымдағы жылы аталған ауылда ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріліп отыр. Құрылысты «Байсын-А» ЖШС жүргізді.
Ауызсу құрылысының ашылу салтанатына арналған қуанышқа округтің ардагерлері, қоғамдастық мүшелерімен қатар, ауыл тұрғындары шақырылды.
Қуанышқа аудан әкімі Нарбай Ергебеков те ортақтасып, құттықтау сөз сөйледі. Нарбай Әбілқасымұлы өз сөзінде Жұрымбай ауылының тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен, ең бастысы, мереке қарсаңында елдімекенге таза ауызсудың келуімен құттықтады.
-Биыл ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ауызсу құбыры тартылмаған шалғай ауылдарға жаңадан құбырлар тартылды. Міне, Сиыр жылының қарсаңында Жұрымбай ауылына сапалы таза ауызсу беріліп отыр. Жалпы аудан көлемінде таяу жылдары 840 аула жаңа ауызсу жүйесіне қосылатын болса, оның ішінде 86 аула осы Жұрымбай ауылында орналасқан. Жыл санап аудан көлемінде елдімекендерді ауызсумен қамту үлесі артып келеді. Келесі жылы қосымша бес елдімекен таза ауызсу құбырына қосылатын болады.
Сонымен қатар, табиғи газ жеткізілмеген елдімекендерге көгілдір отын жеткізу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Биыл сегіз елдімекенге магистральды газ құбыры тартылса, 2021 жылы жеті елдімекенде ауылішілік газ жүйесі тартылмақшы. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдету мақсатында басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. Оған өздеріңіз куәсіздер.
Құрметті ауыл тұрғындары, сіздерді ауылдарыңызға таза ауызсудың келуімен құттықтаймын. Ауызсу құбыры тұрғындарға ұзақ уақыт әрі сапалы қызмет көрсетсін. Қуаныштарыңыз құтты болсын,- деді аудан басшысы.
Келесі кезекте аудандық билер кеңесінің мүшесі Нұртаза Омаров ізгі тілегін жеткізсе, ауыл тұрғындары атынан Қарасаз ауылдық округінің қоғамдастық мүшесі, Жұрымбай ауылының белсенді ақсақалы Жоламан Елеусінов сөйлеп, тұрғындар атынан аудан басшыларына, сонымен қатар, құрылысты жүргізген мердігер мекеменің басшылығына алғысын жеткізіп, аталық ақ батасын берді. Ал құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС-ның прорабы Мұхит Құсанұлы құрылысты жүргізу барысында 16 шақырым құбыр тартылғанын, сондай-ақ, таза ауызсудың 126 метр тереңдіктен шығарылғанын айтты.
Құрылыстың лентасын аудан әкімі Н.Ергебеков және ауыл ақсақалы Ж.Елеусінов салтанатты жағдайда қиған соң, тәттіден шашу шашылды. Қуанышқа жиналған жұртшылық сусорғы стансаның жұмысымен танысты. Сонымен қатар, аудан басшысы Н.Ергебеков ауыл тұрғыны Нұрғали Қадіровтың шаңырағында болып, ауызсудан дәм татты.
Аудан тұрғындары таза ауызсумен қамту үлесі бойынша аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековтен сұраған едік.
-2019 жылы аудан көлеміндегі 49 елдімекенде тұратын 52 572 тұрғынның ішінде 16 елдімекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған болатын. Ол 32,6 % құрайды. Ал халық санына шаққанда 33 381 адам қамтылып, ол 63,5 % құрады. 2018 жылмен салыстырғанда елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз етудің үлесі 2%-ға артты.
2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында мердігер «Байсын-А» ЖШС-ның қатысуымен 1 миллиард 345 907 мың теңге қаржы көлемінде жеті жоба бойынша 10 елдімекенге ауызсу құрылысы жұмыстары басталып, шетінен пайдалануға берілуде. Атап айтқанда, Теріс, Ақбастау, Шыңбұлақ-Майбұлақ-Қосмұрат, Алатау, Жұрымбай, Сұрым-Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ елдімекендері. Ал нысандар толықтай пайдалануға берілген кезде аталған елдімекендер бойынша 840 аула, оның ішінде 4592 тұрғын ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы 2020 жылдың қорытындысымен аудан көлемінде 25 елдімекен сапалы таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, ол 51,02 пайызды құрайтын болады. Бұл халық санына шаққанда, 37 973 адам, немесе 72,2 пайызға тең.
Сондай-ақ, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жалпы құны 2 878 788,0 мың теңгені құрайтын ұзындығы 118 шақырым (трасса-57,193, ауылішілік-60,8) болатын бес ауылдың ауызсу жүйесінің құрылысы жұмыстары басталды. Бұл жоба 2021 жылға өтпелі. 2020 жылға бөлінген қаржы көлемі 968 391 мың теңге. Қарастырылған қаржы толық игерілді. Атап айтсақ, құрылыс Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы, Ертай, Көлтоған, Қошқарата ауылдары. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған кезде аталған елдімекендердің 1212 ауласы, 6707 тұрғыны таза ауызсумен қамтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстардың 62% орындалды.
Ал, 2021 жылы жалпы аудан көлемінде барлығы 30 елдімекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 61,22% құрап, халық санына шаққанда, ол 44 422 адам, сумен қамту үлесін 84,5% жеткізу жоспарлануда,- дейді Ерболат Оразбақұлы.
Жұрымбай ауылында ашылып отырған ауызсу жүйесі алдағы уақытта Қарасаз ауылдық округінің теңгеріміне алынған соң аудандық ТКШ, АЖ және ЖК бөлімінің «Жуалы-Су» ШЖҚ МКК-ның тарапынан төрт оператор жұмысқа алынады деп күтілуде.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close