Basty bet

Балалар уақтылы әрі сапалы білім алуы тиіс

Елімізде білім саласында өткен жылы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты көптеген өзгерістер орын алды. Мәселен, мектептегі дәстүрлі оқу процесі қашықтан оқуға көшіп, балалар онлайн білім алды. Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздар қашықтан оқытудың қыр-сырын меңгеріп, қызығы мен қиындығын қатар көрді. Білім ошағындағы сыныптар біраз уақыт бос қалып, сыңғырлаған қоңырау соғылмай қалған күндер де болды. Ол күндерді де артқа тастап, жаңа оқу жылында еліміздің эпидахулына байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші сыныптар ашылды. Сонымен қатар, кей ауылдық мектептердегі оқушылардың санына қарай мектеп оқу процесін дәстүрлі форматта бастады. Бұл – өткен жылдың еншісінде қалған сәттердің бірі. Ал, 2021 жылы білім саласында қандай өзгерістер болатыны жөнінде аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова айтып беріп, жоспарларымен бөліскен еді.

-2020 жылдың қаңтар айынан мектептер мен балабақшалар және қосымша білім беру мекемелері облыстық білім басқармасына қарайды. Жергілікті білім беру мекемелерінің басшыларын әкімдер емес, басқарма тағайындайтын болады. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.Осы бағытта тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Ең басты мақсат – білім сапасын арттыру, біріздендірілген қаржыландыру проблемаларын шешу болып табылады. Барлық бюджет орталықтандырылады. Облыс деңгейінде, жалпы облыстық бюджеттен мектептер, балабақшалар және қосымша білім беру мекемелері қаржыландырылады.
Қазіргі таңда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» Заңын іске асыру мақсатында 2020 жылы педагогтердің жалақысын 25%-ға өсірді және 2021 жылы да 25%-ға арттыруда. Ұстаздарға сынып жетекшілігі, дәптер тексергені, магистратурада оқығаны үшін қосымша ақы төленіп жатыр.
Төтенше жағдайларға байланысты білім беру мекемелерінде 15 оқушыдан топтастырылып оқытылуда. Демек, ұстаз да тиісінше сабақты екі мəрте өтуі керек. Бірақ, еңбегі елеусіз қалмайды. Қосымша сағаттарына ақы төленеді. Қашықтан сабақ беру мен дәстүрлі сабақ процесінде мұғалімдердің жалақылары сақталады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 28 тамызы №ҚР ДСМ-98/ «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі №381 бұйрығына 1-қосымша Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде орта білім беру ұйымдарында оқу процесін іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсынымына сәйкес ауданда 39 мектепте 11211 оқушы білім алады. Мектепте 6087 (54,2%) оқушы қашықтан, оның ішінде 3574 қашықтан және 2513(100%) бастауыш сынып оқушылары кезекші топта дәстүрлі түрде оқытылуда және 2021 жылдың 11 қаңтарынан бастап 9,11 сыныптарды кезекші топта оқытуды бастадық. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты шалғай елді мекендерде орналасқан 30 мектепте 5124 (45,8%) оқушы дәстүрлі түрде білім алуда.
2020-2021 оқу жылында білім сапасын көтеру, дарынды балалармен жұмысты жүйеге келтіру мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибиесін енгізу мақсатында меморандумға отырдық. Меморандум шеңберінде жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, мектепішілік бақылауды күшейту, Lesson Study (сабақтың зерттеу), Action research (іс-әрекеттегі зерттеу), педагогтардың мектепішілік білімдерін жетілдіру курстарын ұйымдастыру, сабақтардың жоспарлауын және академиялық адалдықты дұрыс жолға қою жоспарланып отыр, – дейді аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Мәдібекқызы.
Білім беру қандай жағдай болса да тоқтамауы керек. Балалар уақтылы әрі сапалы білім алуы тиіс. Осы мақсатта биылғы оқу жылдың ІІІ тоқсанында 9-11 сыныптар дәстүрлі оқу процесіне оралды. Яғни, мектеп қабырғасында оқушылар ұстаздарымен бірге қауышты. Соның бірі Д.Қонаев атындағы мектеп гимназияның 9 «ә» сынып оқушысы Жансерік Қанатбек мектепте достарымен бірге қайта жүздесіп, оқитындарына дән риза.
-Бұл жаңалықты естігенде ерекше қуандым. Біз мектепті, мұғалімдерімізді, сыныптастарымызды сағындық. Негізінен бізге қашықтан оқу біршама қиындықтар әкелді. Мейлінше, бір жылға уақыт ішінде сабағымызды түсініп оқуға тырыстық. Алайда мектеп қабырғасында алған білімге жетпейді екен. Бір сыныпта ұстазың сабақ өтіп, одан түсінбегеніңді сұрап, оқушылармен бірге тапсырма орындағанның жөні бөлек. Қазіргі таңда 9 сыныпта оқимын. Маған оқу жылының соңында тапсыратын сынаққа жақсылап дайындалуы керек. Ол үшін мектепке қайта оралуымыздың маңызы зор.
Бүгінгі күні ең бастысы, біздің амандығымыз бен денсаулығымыздың жақсы болуы маңызды болып отыр. Сондықтан мектеп қабырғасына оралғанда санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз керек. Әр бала қорғаныш құралдарын міндетті түрде қолдануы керек. Медициналық бетпердені тастамай, антисептикпен қолды жууды ұмытпауымыз тиіс. Себебі, өз денсаулығымызды күту – біздің міндетіміз, – дейді Жансерік.
Ал, №15 мектеп-лицейі оқушыларын қабылдауға дайындық жұмыстарын жасаған. Сыныптар санитарлық талаптарға сай әзірленіп, арақашықтық сақтау белгілері мен сақтық шаралары көрсетілген ақпараттар орналастырылған. Жалпы мектепте 9 сыныпта 38 оқушы, 11 сыныпта 31 оқушы бар. Ата-аналардан өтініш түсіп, әр кезекші сыныпта 14 баладан оқыту ұйымдастырылуда.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close