Basty bet

Екі отандас – екі тағдыр

бөлімше қандастардың азаматтық алуына қолғабыс жасауда

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов талай жылдан бері ел азаматтығын ала алмай, сабылып жүрген отандастарымызға қол ұшын беріп, олардың республиканың толыққанды азаматы болуына аянбай тер төгіп жүрген абзал жанның бірі. Өмірлік айқын ұстанымымен ерекшеленетін Шора Мәжінұлы өткен жылы Жуалы ауданы әкімінің отандастардың ісі жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Төменде бөлімше директорының араласуымен тиісті органдардың салғырттығы салдарынан көп жылдардан кейін азаматтыққа қол жеткізген бірқатар отандасымыздың лебізін жариялаймыз.
Жеткербай Джантилеуов 2004 жылы қыркүйек айында Қарақалпақстан АКСР Төрткөл ауданының Қырыққыз абатынан Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Айша бибі ауылына көшіп келген. Өзінің, әйелі мен балаларының құжаттарын жинастырып, сол жылдың аяғында Жамбыл аудандық көші-қон мекемесіне тапсырған. Әйелі мен балалары республика азаматтығын 2008 жылы алады. Олармен бірге отағасы да осы уақытта алуы тиіс болатын.
Алайда, Жеткербай Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіргені туралы анықтаманы жұмыс істеп жүріп, әмиянымен бірге ұрлатып алған. Соны іздеп 10 жыл жүрген. Көші-қон мекемесіне барса, «Жамбыл ауданынан анықтама әкел» дейді. Қиналып «таппадым» десе, «тап» дейді. Сол кезде оған бағыт берер еш жан табылмады.
– 2019 жылдың аяғы еді. Бір күні Жуалыға келсем, Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппаратында жұмыс істейтін қызым «Әке, сіз азаматтық ала алмай жүрсіз, біздің әкімдіктің ғимаратында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» бөлімшесінде Шора Ысқақов деген кісі бар, сізді соған апарайын» деді.
Жаңа жылға тура он күн қалған. Қызым мені әлгі кісіге алып келді. Шора жылы шырайлы кісі екен. Бізді күлімдеп қарсы алып, сол күннен бастап іске кірісіп кетті. Мені дереу тіркеуге алып, көп кідіртпей құжаттарымды қай ауданның көші-қон мекемесіне тапсырғанымды сұрады.
Жұмысты бірден Жамбыл аудандық көші-қон мекемесінен бастады. Көші-қон мекемесінің бастығы аға лейтенантқа қызметтік куәлігін көрсетіп, өзін таныстырғаннан кейін барлық мән-жайды түсіндіріп айтып берді. Аға лейтенант базаны тексеру үшін құжаттарымды – туу туралы куәлігімді, ЖСН-ді сұрады. Содан базаны ашып қарады да, менің базада бар екенімді, облыстық көш-қон басқармасына баруым керектігін айтты.
Мен 10 жылдан бері осы азаматтықтың соңынан жүргенім рас. Аға лейтенанттың алдында істеген көші-қон мекемесінің бастығына келгенімде, ол менімен сөйлескісі келмей, «ертең кел, арғы күні кел» деп істі соза берген. Бұлай жалғаса берсе, ешқашан бітпейтінін біліп, осы кісіні ертіп келдім, – деп ағынан жарылды Жеткербай.
Жеткербай облыстық көші-қон басқармасына Шора Ысқақовпен келіп, бастығы подполковник Арман Тұрдалиевке бірге кіреді. Бастық бұларды жақсы қарсы алып, сөздерін тыңдап болды да, хатшысына «кураторларды шақыр» деді. Кураторлар бірінен соң бірі келді. Оларға «мына кісінің құжаттарын базадан қарап, тексеріп бер» деді. Содан «түскі үзіліс уақыты болып қалды, түстен кейін келіңіздер» деді.
– Түстен кейін базаны қарады да, маған берілген ҚР азаматтығын қалпына келтіру деген анықтаманы талап етті. Мен оны жоғалтып алғанымды, он жылдан бері бармаған жерім жоқ, жолын білмеген соң, сандалып жүргенімді айттым. Әлгі талап еткен анықтаманы өздерінен шығарып берді де, «бастықтың атына өтініш жаз» деді. Куратор сол арада өзі анықтамаға бастықтың қолын қойдырып келді де, «енді сіз Жамбыл ауданының ХҚКО-на барасыз, олар қандай құжат керек екенін айтады» деді. ХҚКО-да тиісті құжаттарымды алып, ЖСН алу үшін Нұр-Сұлтан қаласына сұраныс берді. Келесі аптаның басында ЖСН-ім дайын болып, суретке түсіп, құжаттарымды ҚР азаматтығына жіберді. Көп ұзамай, 2020 жылдың 27 қаңтарында мен ҚР-ның азаматтығына толық ие болдым және жеке куәлік алдым. Қандастарымыз үшін жұмыс істеген азаматтарға, әсіресе Жуалы ауданындағы Шора Ысқақов ағайға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Жеткербай ағынан жарылып.
Тағы осындай келеңсіз жағдайға душар болған Айнабек Искаков Өзбекстан Республикасы, Үшқұдық ауданының Ұзынқұдық ауылынан 2008 жылы Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылына отбасымен көшіп келеді. Қазіргі таңда ол Қаратау қаласы, Алтынсарин көшесі, №27 үйде тұрады.
Түсінікті болу үшін Айнабектің мәселесіне көшейік. Оның басынан өткерген жағдайы да Жеткербай Джантилеуовтың тағдырына ұқсастау. Айнабек Искаков ҚР-ның азаматтығын қалпына келтіру туралы анықтаманы алған күні өзінің көлігімен келе жатып апатқа ұшыраған. Жол-көлік оқиғасына кінәлі болып танылып, он жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын толық өтеп шыққаннан кейін, Талас аудандық көші-қон полициясы бөлімшесіне барса, «құжатты қай жерден тапсырдың, сол жаққа барасың, не болмаса, Қаратаудағы «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» бөлімшесіне бар» деп жөн сілтейді. Қауымдастық бөлімшесінің директоры Жұман деген азамат Жуалыдағы бөлімшеге, Шора Ысқақовқа баруды ұсынады.
– Мен 20.06.2020 жылы қауымдастықтың Жуалы аудандық бөлімшесімен хабарластым. Ол «індетке байланысты кейін кел, менің телефоным осы хабарласып тұр» деді. Арада екі жарым ай өткенде, қыркүйек айының басында қайта хабарласқанда, келуге болатынын айтты. Әңгімелесіп отырып құжаттарымды сұрады. Мен туу туралы куәлікті беріп, ыхтиярхатты жоғалтып алғанымды айтып, тағы бір құжатты бердім. Сөйтсем, ұсынған құжатым 10.04.2010 жылы ҚР-ның азаматтығының жеке куәлігін алу үшін берілген анықтама екен. Ол осы құжатты алып, мені ертіп облыстық көші-қон полициясы басқармасына барды. 09.09.2020 жылы басқармаға осы анықтаманы ұсынып, жиырма күннен кейін ҚР-ның азаматы деген жеке куәлік алдым. Қуанышымда шек болған жоқ. Шора деген азаматқа Алланың нұры жаусын, – дейді Айнабек Искаков.

Таңдаулы материалдар

Close