Basty bet
Жастық шақтың қадірін білейік
Дін адамзаттың пайдасы мен игілігін, мейірімділік пен әділдікті көздейді. Дінді Алла жіберіп, діннің қағидаларына сәйкес өмір сүруді адамнан талап етеді. Әрине, Алла тарапынан жіберілмеген көптеген жасанды діндер бар.
Адамзат үшін жіберілген соңғы дін – ислам. Ал ислам адамзаттың барлық мәселесіне жауап беретін дін. Ислам мұсылмандарға әрбір нәрсенің сұрауы мен жауапкершілігі барын ескертіп, тиісінше барлық мәселеге аса байыппен қарауды бұйырады. Мәселен, ата-анаға қамқорлық ету бұйырылып қана қоймай, отбасы мен перзентіне қамқорлық жасауды міндеттеген. Отбасы мен балаларына танытқан мейірімділігі Алла жолына шыққан жорықпен пара-пар сауапты іс деп бағалаған.
Дін адамның өмірге келместен алдыңғы жағдайынан бастап, өмірі мен тіршілігін және о дүниесіне қатысты жағдаяттың қалай болатынын Құран мен сүннет арқылы білдіреді. Адамның дүниеге келуі, балалық шағы, жасөспірімдік кезі мен жастық шағына қатысты тиісті жауапкершілікпен міндетемелерді орындауды ескертеді.
Ислам ғылым діні. Діннің басты талабының бірі сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман болу. Құран сауатты мұсылман болуға үндейді. Құранда білім мен ғылымға қатысты 670 аят бар. Мұхаммед (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ілім алу ер және әйел мұсылманға парыз» деген.
Дін жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуді бұйырады. Дінімізде жастардың орны ерекше. Жастар қоғамның болашағы. Ал болашақты бекемге алу үшін жастарға аса мән беру керек.
Жастар демекші, ислам тарихына көз жүгіртсек, алдымен жастардың дінге бетбұрыс жасағанын білеміз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) да оларды мейріміне алып, түрлі жаман, күнәлі істерден алыс болуға тәрбиелеген.
Жас ұрпақ жыл мезгілінің көктемі іспетті. Адам ғұмырының ең бақытты да қуанышты, қызығы мен шыжығы көп сәт жастық шақ. Сол секілді ғұмырының ең жемісті кезі де жастық шақ. Пенде егін мен көкөнісін көктемде егіп, дұрыстап баптаса, жемісін жыл он екі ай азық етері хақ. Жаз бен қыста егілген егіннің жемісі де болмайды.
Жастар бір мемлекеттің ертеңгі құрушысына немесе бұзушысына айналады. Бір ұлттың ұлт болып қалуына кепіл тұлғалар. Жүрегінде иманы мен отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігі бар жастар мемлекеттің тәуелсіздігі үшін ең үлкен кепілдік болмақ. Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелесең, болашағың соншалықты зейнетті болмақ. Ал өзіндік ұстанымы мен пікірі болмаған жастар әркімнің жетегінде кетіп, елдің сорына айналады.
Имандылыққа бетбұру, дін ұстану тек жасы келген жандар үшін ғана парыз емес. Алла құлшылықты кемпір-шалға ғана бұйырмаған. Балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз еткен. Алайда күші бойына сыймай, алып ұшқан жастардың көпшілігі дінді қартайғанда, бойдан қуат кеткенде ұстаймын деп ойлайды. Құлшылыққа асықпай, жастық шақтың қызығына тоймай уақытын бос нәрсемен өткізіп алады. Әрине, барлық нәрсе шектеулі, өлшеулі.
Дін бойынша ажалдың жасы-кәрісі, ертесі-кеші болмайды. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Сондықтан бабаларымыз «ажал айтып келмейді» деген. Жастықтың буына алданып, мұсылмандық міндетін орындауды ұмытуға болмайды. Әрнәрсенің сұрауы бар. Ал әрбір пенде ақыретте 5 нәрседен сұралмайынша не жәннәтқа, не тозаққа бармайтынын ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) ескертіп кетті. Сол сұрақтың бірі әрі бірегейі адамнан жастық шақтағы ғұмырын қалай өткізгенін міндетті түрде Алла сұрайтын болады.
Абдулла ибн Мәсғудтан жеткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) былай дейді: «адам баласы мына бес нәрседен сұралмайынша, Алланың құзырынан ешқайда кетпейді»: бірінші, өмірін қалай өткізгендігі; екіншісі, жастық шағын қалай өткізгені; үшіншісі, дүниесін қалай тапқанын; төртіншісі, тапқанын қалай жұмсағанын; бесіншісі, білгенімен амал етіп еткен-етпегенін».
Жастарға айтарымыз: жастық шақтың қадірін біліңіздер. Уақыт қайтып артқа оралмайтыны белгілі. Сол үшін әрбір сәтті пайдалы іспен өткізген жөн.
Жастық шақтың қадірі жайында Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) Байхақи риуаят еткен бір хадисте: «Мына бес нәрсе келместен алдын бес нәрсенің: «Өлім келместен алдын өмірдің, ауру келместен алдын денсаулықтың, шұғылданбастан алдын бос уақыттың, қарттық келместен алдын жастықтың, кедейлік келместен алдын байлықтың қадірін біл» дейді.
Дініміздің тарихындағы алғашқы мұсылмандардың басым көпшілігін жастар құраған. Олардың діндегі орны мен қызметі, атқарған елеулі еңбектері тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Жас сахабалар өзгелерге қарағанда әлдеқайда белсенді болып, Мұхаммед (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға қолдау көрсетіп, дінді жаюда үлкен жігерлілік танытқан.
Исламда шоқ жұлдыз атанған саңлақ сахабалардың басым көпшілігі сол кезеңдегі жастар еді. Алғашқы мұсылмандардың ішінде бірнешеуі ғана 50 жастан асса, біразы 35 жастан асқан сахабалар болып, басым көпшілігі 30-ға толмаған жастар болатын. Мәселен, Хазіреті Әли ислам дінін қабылдағанда 10 жасында еді. Тарихтағы алып, қаһарман Әлидің дастанға айналған ерліктері 20 мен 30 жас аралығындағы кезінде болды. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) асыранды баласы Зәйд ибн Харис 15 жасында мұсылман болса, Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен Зубайр ибн әл-Аууам 16 жасында, Талха ибн Убайдуллаһ, Абдуррахман ибн Ауф, Әркам ибн Әркам және Сағд ибн Әбу Уаққас 17 жасында исламды қабылдады. Ал Мусғаб ибн Умайр 18, Абдуллаһ ибн Омар 13, Жағфар ибн Әбу Тәліб 22 жасындағы жігіт еді. Иә, айта берсек сахабаларды осылай санамалауға болады.
Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) жастарға ерекше көңіл бөліп, қабілетіне қарай жауапты қызметтерді берген. Тіпті қайтыс болмастан алдын римдерге қарсы жасалатын жорыққа сақа сахабалар мен баһадүрлер тұрғанда 18 жастағы Усама ибн Зәйд есімді жас сахабасын қолбасшы етеді. Бұның бәрі ардақты Пайғамбарымыздың (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) жастарға деген сенімді ұстанымы еді. Жастарға қабілеттеріне қарай қызмет беріп, ерте есейтіп, ел үшін, дін үшін қызмет ететін білікті маман жасады. Олай болса, дінімізде жастарға үлкен үміт артылатынын ұмытпағанымыз жөн.
Қазіргі жастардың жағдайын ой елегінен өткізер болсақ, қандай баға бере аламыз? Бәрі біз ойлағандай болса, алаңдайтын қауіп жоқ. Алайда, көңілімізді күпті етер жәйттер болса, оны зерделеп, шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Себебі, жастар болашағымыз. Оларға жасалған қызмет ертең өз жемісін беретініне шүбә жоқ.
Жаһандану дәуірі біздің қоғамның жастарына әсер ептей қоймады. Жастардың болшағына және мемлекетке қауіп төндіретін басты проблемаларға қысқаша тоқталар болсақ:
Еліктеушілік: ұлттық құндылықтарымызды тәрк етіп, салт-дәстүрімізді аяқ асты етіп, батысқа еліктеушілік және түрлі ағымдардың жетегіне кету үлкен қауіп.
Имандылық тәрбиенің жетіспеушілігі: ата-бабаларымыз өз ұрпағын иманды етіп тәрбиелеуді басты міндет еткен. Жастайынан молдаға беріп, діни сауатын ашуға тырысқан. Ал иманды қоғамды дау да, жау да ала алмайтыны тарихи шындық. Олай болса, жастарға имандылық тәрбиені берейік.
Жаман әдетке үйір болу: жастар арасында белең алған ішімдік, есірткі, насыбай секілді зиянды әдетпен баршамыз күресуіміз қажет. Дін тұрғысынан алғанда мұндай жаман әдет Алла алдында күнә болып саналады.
Арсыз және бейәдеп фильмдер: жастардың санасын улау мәселесінде ең көп әсер ететін фактор батыстың арсыздық пен озбырлықты, қатігездік пен тәрбиесіздікті бейнелейтін кинолар мен сериалдар. Бұларға да шектеу қоятын кез жетті.
Ғаламтор: әрбір жастың қолындағы планшет пен смартфон оның ұстазына айналып барады. Ғаламтор мен әлеуметтік желіге тәуелділік ұлттық әрі рухани құндылығымызға үлкен зиян тигізуде.
Отбасы институтының әлсіреуі: нарықтық мына заман әрбір отбасыға түрлі проблемалар әкелгені белгілі. Соның салдарынан отбасы институты әлсіреп, ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керістер жастарға психологиялық тұрғыдан қатты әсер етуде. Мұның арты жас отбасылардың ажырасуына алып баруда. Ал дінде отбасы институты жайында қажетті ережелер мен қағидалар бекітілген. Бабаларымыз сол құндылық арқылы отбасы институтын жоғары деңгейде ұстай білді. Дінге негізделген отбасы институтын насихаттап, жастар арасындағы ажырасу мәселесін азайтуға жұмыстануымыз қажет.
Әрине, бұл айтылған мәселелер жастар арасындағы проблемалардың бір парасы ғана. Енді осындай індеттердің алдын алу үшін жастарды көркем мінезді болуға баулу қажет. Жастарды ұнамды мінездерге бейімдеу үшін мына нәрселерге ынталандырған жөн:
Ізгі жандар мен ғалымдарды үлгі тұтуға: жастарға белгілі бір өлшеммен дұрыс негіздерге сүйене отырып, жол көрсетпесе, үлгі тұтуға лайықсыз адамдарға еліктеп өз өмірлеріне, қоғамға зияндарын тигізіп алуы бек мүмкін.
Лұқпан хакім ұлына былай деп өсиет еткен екен: «Ей, ұлым! Ғалымдармен бірге отырып, оларға жақын бол. Себебі, Алла тағала даналық нұрымен жүректерді оятады».
«Ей, балам! Ғалымдардың мәжіліс алқасынан қол үзіп қалма. Хакім-даналардың сөзіне көп құлақ сал. Расында Алла тағала өлген жерді нөсер жауынмен жан бітіргені тәрізді, даналықтың нұрымен өлген жүректерді тірілтеді».
Бос әрі бекер нәрсемен шұғылданбауға: қажетсіз, бос нәрсемен уақыт жоғалтпау. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын): «Алла тағала жомарт. Жомарттарды жақсы көреді. Көркем мінезділерді сүйеді. Ақымақтық, бос нәрселерді жек көреді» деп бұйырған (Мустадрак риуаяты).
Ата-ананы қадірлеуге: ислам жастарға ата-ананы сыйлауды, қадірлеуді, қамқор болуды бұйырады. Керісінше ата-анаға құрметсіздік етудің ақыры екі дүниеде Алланың азабы мен қаһарына ұшырауға себеп болар ең үлкен күнә екенін қатаң ескертеді.
Үлкенге құрмет кішіге ізет көрсетуге: Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын): «Үлкендерімізге құрмет көрсетпей, кішілерімізге мейірімділік танытпаған бізден емес» деген (Ахмад б. Ханбал риуаяты).
Туыстық қарым-қатынасты үзбеуге: Құран мен сүннетте туыстық байланысты үзіп, алыстаған адамға Алланың қарғысы болатын ескерткен. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім ажалының ұзартылып, рызығының кеңеюін қалайтын болса, туыстық қарым-қатынасын үзбесін» (Сахих Хиббан риуаяты).
Өзгелерге қолымен де, тілімен де жәбір бермеуге: айналасындағы әлсіз жанның көңілін жаралап зиян тигізуге күнә.
Тазалыққа мән беруге: «тазалық иманнан» демекші дін әрбір адамнан таза жүруін талап етеді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) тазалыққа қатысты былай деген: «Расында Алла – көркем. Көркемдікті жақсы көреді. Алла – таза. Тазалықты жақсы көреді. Алла – жомарт. Жомарттықты жақсы көреді. Алла – қайырымды. Қайырымдылықты жақсы көреді. Аулаларыңды, қоршаған ортаны таза ұстаңдар және үйлеріңде қоқыс жинайтын яһудилерге ұқсамаңдар».
Рамазан ӘБДЕЛИЕВ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің
инспектор-теологы