Basty bet

Дәуірдің ұлы тұлғасы

Аудан орталығындағы іргелі білім ошағы саналатын №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда осындай тақырыпта ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевты еске алу кеші өтті. Кешке ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков, аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Мұса Шонбаев, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев және ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Шара мектеп алдындағы бюстке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Одан кейін мектеп ішінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мен мектеп кітапханашыларының ұйымдастыруымен жабдықталған «Д.Қонаев – ұлтымыздың ұлы тұлғасы» атты көрме тамашаланды. Көрмеге тарихи жәдігерлермен қатар, онда Д.Қонаевтың нақыл сөздері, суреттері, естеліктер қойылған.
Сонымен қатар, мектептің 2002 жылғы түлектері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жомарт жүрек» жобасын іске асыру мақсатында мектеп дәлізіне көлемі 1,5-2 метр көлеміндегі Д.Қонаевтың портретін білім ошағына тарту еткен. Шараға қатысушылар оны да көріп, ұлы тұлғаның бейнесін асқан шеберлікпен бейнелеген суретшінің хас шеберлігіне сүйсініп, жастардың ұйымшылдығына алғыс білдірді.
Еске алу шарасы мектептің акт залында концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мұнда оқушылар ұлы тұлғаның туған күніне тыңғылықты дайындық жасаған. Оқу жылының жаңа тоқсаны басталып, мектеп қабырғасына оралған балалар оқу процесін осындай тағылымы мол шарамен бастаған. Шарада оқушылар өлең шумақтарын оқып, күмбірлете күй тартса, бишілер «Шалқыма» биін биледі. Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлы тұлғасы туралы балалар көпшілікке оның өмірбаяны туралы кеңінен мағұлмат берді.
Кеште арадагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков, аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Мұса Шонбаев, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев сөз алып, естеліктерімен бөлісіп, оқушыларға оқуда озат, тәрбиелі болуға шақырды.
Ал, мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова: «12 қаңтар – Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, дархан дарын иесі Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Міне, осындай қазақтың біртуар азаматының өмірге келген күні біз үшін мерекелі күн. Жыл сайын ұлы тұлғаның атын мектебіміз иеленгендіктен, біз оны атап өтпеген күніміз болмаған. Биыл да сол дәстүрмен еске алу шарасын ұйымдастырып, оның ғибратты өмірі мен өнегелі ісін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында игі шара өткізілуде.
Сонымен қатар, дәл осы күнді өткен жылы «Гимназияшы күні» деп атап, оқуда озат, белсенді оқушыларды марапаттауды бастаған болатынбыз. Биыл мектептің педагогтары мен оқушылары білім беруде жақсы нәтиже мен көрсеткіштер көрсетуде. Біздің тағы бір жоспарымыздың бірі – Д.Қонаевқа арналған мектеп ішінен өлкетану музейін ашу. Осы игі бастаманы қазіргі таңда қолымызға алып, бірқатар жұмыстар атқардық.
Ал, дәл осы айтулы күні мектептің 2002 жылғы бірқатар түлектері білім ошағына өздерінің сый-сияпаттарын жасады. Қазақ халқының біртуар азаматының портретін облысымызға белгілі суретші, өнер иесі Қанат Мұратаевқа салдырып, бізге табыстап отыр. Бұл – олардың мектепке деген жанашырлығы. Дінмұхамед Ахметұлының портреті мектебіміздің көркіне көрік беріп, өзінің биік тұлғасымен бізге жол көрсетіп тұратын болады. Бұл жұмыстың басы-қасында Қуаныш Қаратаев, Руслан Сайлаубаев, Асылжан Ауғанбаев және тағы да басқа азаматтар жүрді»,- дей келе, мектептің 2002 жылғы түлектерін Алғысхатпен марапаттады.
Келесі кезекте директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлбану Нысанбекова сөз алып, мектептің жетістіктерімен бөлісті.
-2020 жыл ауыр жыл болғанымен мектебімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Qaztest.kz онлайн олимпиада ұйымдастыру комитетінің өткізген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мұғалімдер арасында І республикалық «Абай әлемі және рухани мұрасы» атты қашықтық олимпиадасына мектебімізден жалпы 44 мұғалім белсенді түрде қатысып, 42 мұғалім І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен бірге олимпиадаға белсенді түрде қатысқаны үшін мектебіміз «Үздік ұжым» номинациясын иеленіп, ұжымға «Үздік ұжым» плакеткасы берілді, – деді ол.
Шара барысында мектептің оқушылары мен мұғалімдеріне марапаттарын салтанатты түрде тапсырды. Мәселен, аталған олимпиадаға ұжымды белсенді түрде ұйымдастырғаны үшін Гүлбану Нысанбекова Алғысхатпен марапатталды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында өткен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай І республикалық «Абай әлемі және рухани мұрасы» қашықтық олимпиадасында үздік нәтиже көрсеткені үшін Арай Дәулет «Жас Абайтанушы» төсбелгісін иеленіп, Абай Құнанбайұлының қарасөздері кітабын сыйға алды.
«Абай мұрасы» халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы А.Құнанбаевтың шығармашылығынан онлайн өнер байқауына қатысып түрлі жанр бойынша Әсем Исмайыл, Аягөз Наурызбай, Мунира Муратбаева, Дінмұхамед Қанташбек І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, ұлы ақын Абайдың шығармаларын насихаттап, білімі мен өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, рухы биік әрі білімді шәкірттерді тәрбиелегені үшін Сабира Канкиеваға Алғысхат тапсырылды.
Міне, дәуірдің ұлы тұлғасы Д.Қонаевтың туғанына 109 жылдығын аталған білім ошағы осылай атап өтті. Еске алу кешінен көпшілік тағылым әрі өнеге алып, мол мағлұмат алды. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтың атын иеленген білім ордасы алдына айқын мақсат пен жоспарлар қойып, білім мен тәрбиенің сапасын арттыруды қолға алып отыр.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close