Basty bet
Газетіміздің мерейтойы құтты болсын!
Газет – раушан гүл сияқты, жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады. Әсіресе, менің туған жерімнің газеті «Жаңа өмір», айрықша әсерге бөлейді. Шет жүріп, еліңді сағынады екенсің. Сол шақтарда «Жаңа өмірді» қолға алсам, жусан, жалбыз жұпары бұрқырап, қызғалдағы жайнаған Жуалыны сезінемін. Күннен де ыстық сағынышымды осы газетпен басқандай боламын.
«Жаңа өмірдің» маңдайшасындағы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлы жерлесіміз, ұлт батыры, кемеңгер шешен, жазушы Бауыржан Момышұлының әулие сөздері кімнің болса да бойын бір жинатып тастайтыны хақ. Қандай ел болса да, ең алдымен тәртіп керек, тәртіпсіз ел еш жерде жоқ. Алайда сол тәртіпке мойынсұну керек. Бұл – үлкен мәдениет. Тәртіпке бағыну – құл болу емес. Ол – қоғам дамуына қолдау көрсету. Ол – ынтымақ пен бірлік. Ол – мемлекет пен халықтың біртұтастығы. Ол ұран емес – тыныштық пен табыс кілті. Ол –біздің газетіміздің де үні.
Газетте аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, шаруалар мен кәсіпкерлердің жанқиярлық еңбектері, оң тәжірибелер мен проблемалар, ұлттық құндылықтардың жай-күйі, рухани-адамгершілік, денсаулық, білім, спорт, мәдениет, тәлім-тәрбие мәселелері, бір сөзбен айтқанда, мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық саясатының жүзеге асуындағы аудан еңбеккерлерінің үлесі, жан-жақты кең көрініс тауып жататыны – бәрімізге абырой. Газетті шығарушы, журналистерімізге рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Газет журналистерінің араласпайтын жері жоқ, көтермейтін тақырыбы жоқ, әрбір жуалылықтың жанашыры, солар үшін шырылдап жүріп, газет шыққанша тыныштық та, ұйқы да көрмейтін журналистерді және оларға құрметпен қарайтын оқырмандарды, қолдау көрсетіп отырған аудан әкімі Ергебеков Нарбай мырза мен оның командасын газеттің мерейтойымен құттықтаймын. Бұл мерейтойды бүкілхалықтық дәрежеде, әрбір мектепте арнайы тәрбие сағаты, апталығы етіп қарсы алады деп сенемін.
Құрметті журналистер! Көздеріңіз қырағы, құлақтарыңыз сақ, қаламдарыңыз жүйрік, көңілдеріңіз ақ болып, халық сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер. Шерхан ағамыз: «Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел», – дегенде көз алдында осы Жуалы тұрған болар деп ойлаймын.
«Жаңа өмір» газетіне ел рухын көтере берулеріне тілектеспін!
Аягүл Миразова,
Қазақстанның Еңбек Ері,
«Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері,
«Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі,
Қазақстан Республикасына
еңбегі сіңген қызметкер,
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Ы.Алтынсарин атындағы медалінің иегері,
«Дарын» медалінің иегері,
Алматы қаласының Құрметті азаматы