Basty bet

Әкімнің жұмысы қанағаттанарлық

Аптаның жұма күні ауданға қарасты Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Назар округке қарасты Қазбастау разъезі тұрғындарының алдында есеп берді. Есеп беру жиналысы Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте өтіп, жиын жұмысына аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы қатысты.
Жиынды ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Б.Назар ашып, тұрғындар алдында 2020 жылы округте атқарған жұмыстар туралы баяндама жасады. Нұрлыкент ауылында 841 аула бар, онда 4656 тұрғын тіркелген. Әкімшілік қызметкерлері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің ұсынысына сәйкес «Сервистік әкімдік» бағдарламасы аясында қызмет атқаруда.

2020 жылы жалпы тұрғындардан 40 өтініш түскен, оның ішінде жеке тұлғалардан 37, заңды тұлғалардан үш өтініш түскен. Өтініштердің негізгі сипаты өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін, яғни тұрғын үй құрылысын салуға және өздері пайдаланып отырған жер учаскелеріне техникалық тексерістен соң шешім шығару.
Тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселесіне келсек, былтыр 122 отбасынан құжат қабылданып, оның 24 отбасына кіріс сомасының асуына байланысты құжаттары кері қайтарылған. 98 отбасы тиісті көмектер және 128 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер берілді.
Білім беру саласы туралы айтар болсақ, ауылдық округтегі М.Ломоносов және М.Әуезов атындағы орта мектептерде 1031 оқушы білім алуда. Онда 139 мұғалім еңбек етіп жатыр. Былтыр «Серпін-2050» бағдарламасымен №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің түлегі Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетіне оқуға түскен.
Округ әкімшілігінің мәліметінше, былтыр Нұрлыкент ауылының үлкен әрі орталық көшесі саналатын Е.Байғазиев көшесіне қомақты қаржыға арық суына арналып лоток, сонымен бірге, жаяу жүргіншілер жолы салынса, Түктібай ауылының Е.Сметов көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал «Асар» жобасы аясында Нұрлыкент ауылынан бір отбасына ауыл тұрғындарының көмегімен тұрғын үй сатып әперілді.
Есеп беру жиыны барысында ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Назар 2021 жылы атқарылатын жұмыстарды да атап өтті. Биыл мамыр айында округтің орталығы Нұрлыкент ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Одан бөлек, аталған ауылдағы Атакент, Болашақ көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Сондай-ақ, Түктібай ауылына жарықтандыру жүргізу және бейнебақылау камерасын орнатуға сұраныс берілмекші.
Жарыссөзге Түктібай ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы, еңбек ардагері Батырхан Досыбаев шығып, сөйлеп, былтыр ауылдық округте атқарылған жұмыстарға, әкімшіліктің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Сондай-ақ, Түктібай ауылымен іргелес жатқан Қазбастау разъезіне барар жолды боранды күндері қардан тазалау жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін еске салды. Айта кету керек, аталған елді мекенде 8 отбасы тұрады.

Таңдаулы материалдар

Close