Basty bet

Әңгіме арқауы – ауылдағы ағайынның жайы

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков апта басында таулы өңірдегі Боралдай және Қошқарата ауылдық округтері тұрғындарының алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2020 жылға жоспарланған міндеттер туралы есеп берді.

Боралдай ауылдық округіндегі тұрғындармен есептік кездесу ауылдық мәдениет үйінде өтті. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігінің тиісті бөлімдерінің, мекемелер мен ұйымдардың басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Есептік кездесуді ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ауылдық округтегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Асхат Әшірбаев өңірдегі криминогендік ахуал туралы баяндады.
Есептік кезеңде полиция инспекторы тарапынан қылмысты болдырмау, алдын алу және болған қылмысты дер кезінде ашу мақсатында біршама жұмыстар атқарылған. Соның арқасында округте бірде-бір қылмыстық оқиға тіркелмеген. Есесіне, әкімшілік құқықбұзушылық деректері артып, 222 әкімшілік құқық бұзған тұлғаға хаттама толтырылған. Жыл бойына отбасында жанжал шығарған үш азаматқа, егіс алқаптарын таптаған 13 азаматқа, қару сақтау тәртібін бұзған екі азаматқа айыппұл салынған. Ол ауыл тұрғындарын орын алған кемшіліктерді назарға ала отырып, алдағы уақытта қоғамдық тәртіпті сақтауда өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруға сендірді.
Ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышевтің есептік баяндамасына өңірде жыл бойына атқарылған бірқатар игілікті істер арқау болды. Округтегі үш елді мекендегі 458 аулада 2 482 халық тіркелсе, оларға үш орта мектеп, екі балабақша, бір дәрігерлік амбулатория және екі медициналық пункт, бір мәдениет үйі, пошта бөлімшесі және кітапхана қызмет етеді.
Баяндамашы ауыл еңбеккерлерінің егілген барлық дақылдарды дер кезінде жинап алғанын, салалық индикаторлық көрсеткіштерге тиісті деңгейде қол жеткізілгенін атап көрсетті. Боралдайлық диқан қауымы 2 552 гектарға арпа, 1 063 гектарға күздік бидай, 2 3 25 гектарға мақсары, 45 гектарға картоп, 22 гектарға көкөніс егіп, бәрін толықтай жинап алған.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспардағы 74 азаматтың барлығы еңбекпен қамтылған. 25 азамат қоғамдық ақылы жұмысқа, сегіз азамат «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа тартылған. Шаруа қожалығын кеңейту және «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша өз кәсібін бастауға жеті азамат 25,3 млн. теңге қаражат алған. Қайтарымсыз грантқа үш азамат қол жеткізіп, кәсіптерін жүргізуде.
«Өңірлерді дамыту» мембағдарламасымен округ орталығы Көлтоған ауылында ауызсу құбыры жүргізіліп, магистралды газ желісі жеткізілген. Жамбыл атындағы орта мектепті ағымды жөндеуге 9,8 млн теңге бөлініп, жұмыстар аяқталған. Округте бірқатар елді мекендердің көшелері жарықтандырылған. Ертай ауылына Стрит воркаут және футбол алаңшалары орнатылған.
Жиында аудан әкімі Нарбай Ергебеков те тұрғындар алдында аудан аумағында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді.
Жалпы ауданымыз аграрлы аймақ болғандықтан, былайғы жұрт Жуалыны картобымен және өсіріп отырған басқа да дақылдарымен таниды. Осы ретте аудан басшысы өнімдердің сапасын арттыра отырып, оның көлемін де ұлғайтуға да мән беру керек деп есептейді.
Аудандағы өндіріс ошақтары жұмыс жасап, нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында 10 152,5 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, (2019 жылдың 11 айында 9 411,1 млн. теңге) өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 100,2% құрады. Жыл қорытындысымен 100,3% орындалуы күтілуде.
Аудан басшысының айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 7 724,7 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,5% артқан. Есепті кезеңде 2 723,7 млн. теңгенің бөлшек саудасы жасалып, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,6% орындалған. Сондай-ақ, 4 027,3 млн.теңгенің көтерме саудасы жасалып, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 223,2% орындалды.
– «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 1 345 907 мың теңге қаржы көлемінде жеті жоба бойынша он елді мекенде, атап айтқанда, Теріс, Ақбастау, Шыңбұлақ-Майбұлақ-Қосмұрат, Алатау, Жұрымбай, Сұрым-Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ елді мекендерінде 100,62 шақырымдық ауызсу құрылысы жұмыстары аяқталып, бүгінгі күнге кезең кезеңімен пайдалануға берілуде. Нысандар пайдалануға берілген кезде аталған елді-мекендер бойынша 840 аула, 4592 тұрғын ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы 2020 жылдың қорытындысымен аудан көлемінде 25 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіліп, ол 51,02% құрайтын болады. Ал халық санына шаққанда ол 37973 адам, немесе 72,2% құрайды, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
2020 жылы аудан әкімінің халық алдында берген есебі барысында 20 мәселе түсіп, бақылауға алынған. Бүгінде оның 16-ы орындалса, төртеуі орындалу үстінде.
Биылғы жылы ауданда атқарылатын жұмыстарға тоқталған Нарбай Әбілқасымұлы бес ауылға тартылған ауызсу жүйесінің құрылысы жалғасып, аяқталатынын, білім саласында екі орта мектептің құрылысы басталып, үш білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілетінін, жеті елді мекеннің көшелеріне газ құбыры кіргізілгенін, бұл бағыттағы жұмыстардың биыл да жалғасатынын, оған бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінгенін атап көрсете келе, Нұрлыкент ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатқанын, сәуір айында пайдалануға берілетінін, аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілетінін еске салды.
Баяндамадан кейін жарыссөзге шыққан ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов өңірде атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіре келе, әкімдердің жұмысына сәттілік тіледі.
Көлтоған ауылының тұрғыны Уәлихан Жаманқұлов соңғы күндері соққан дүлей бораннан ауылдың жарықсыз қалғанын, тозығы жеткен электр бағандарын жөндеу қажеттігін айтып, ұсынысын білдірді. Тұрғындар одан басқа жайылымның тарлығы сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Осы және өзге де сауалдарға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, тиісті мекемелердің басшылары жан-жақты жауап беріп, жиынды қорытты.
* * *
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің Қошқарата ауылдық округінің тұрғындары алдындағы есептік кездесуі Қошқарата ауылдық мәдениет үйінде өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, округ ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері, ауыл жұртшылығы қатысты.
Жиналғандар жергілікті учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұржан Адаматаевтың, ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтың және аудан әкімі Нарбай Ергебековтың өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есептерін тыңдады.
Ауылдық округ әкімі Жәнібек Амангелдіұлы Қошқарата аймағының ежелден ауыл шаруашылығын кәсіп еткен өңір болғандықтан, мемлекет тарапынан шаруаларға берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдалануға күш салынып жатқанын көрсете келе, салада қол жеткізілген игі істерді ретімен баяндады.
– Округтегі жалпы жер көлемі 21742,94 болса, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 15361,14 га, егістік жер көлемі 8719,84га, жайылымдық жер көлемі 6478,30 га, көпжылдық екпелер 2300 га, шабындық жерлер 108,00 га. құрайды. 2020 жылы 2941 га – көпжылдық шөп, 1008 га – күздік бидай, 2260 га – арпа, 1900 га – мақсары егілді.
Аймақта егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Округ тұрғындарының көпшілігінің кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан мал шаруашылығы саласын дамыту ерекше орынға ие. 2020 жылы округтегі ірі қара мал саны 3918, уақ мал саны 24716 басты, жылқы 951 басты, құс 12117 басты құраса, 2021 жылдың қаңтар айындағы есебі бойынша округтегі ірі қара мал саны 2481, уақ мал саны 17004 басты, жылқы 796 басты, құс 7294 басты құрады.
Аппарат қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі аудан бюджетін тұрғындар есебінен төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер арқылы толықтыру. Салық жинаудың жылдық жоспары толығымен орындалды, – деп атап көрсетті баяндамашы.
Жәнібек Мырзалиев баяндамасын аяқтай келе, аудан әкіміне тұрғындар атынан өңірде қарлы боранның жиі тұратынын ескеріп, жол жиегіне қар ұстағыш құрылғы орнатуды, Абай атындағы орта мектептің ескі ғимаратының жастардың демеушілігімен жөнделіп, жылу жүйесі жүргізілгенін, енді онда үйірме жүргізу үшін штат қарастыруға ықпал етуді сұранды.
Жарыссөзге шыққан ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев өңірде электр кернеуінің тұрақты болмауына байланысты тұрғындардың тұрмыстық техникаларының жиі істен шығып жатқанын айтса, Бегалы Төлендиев те жарықтың өшуімен бірге көшелердегі шамдардың да жанбайтынын, ауылдағы электрик мамандардың онымен айналысқысы келмейтінін сонымен бірге ауылда жарық жиі өшетінін, ескі бағандарды ауыстыру керектігін назарға алуды ұсынды.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өңірде бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы ауқымды баяндама жасады.
Жиында ауыл және аудан басшыларының атқарған жұмыстарына оң баға берілді.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close