Basty bet
«Ауылдан спорт, өнер үйірмелері ашылса…»
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен аудан әкімінің есеп беру жиналысына аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков, аудан әкімдігінің сала бойынша ұсыныс жасалған бөлім басшылары мен аудандық мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес Қарасаз ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Нұржан Адаматаевтың 2020 жылы атқарған жұмысына арналған қорытынды баяндамасы тыңдалды.
Сондай-ақ, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылға арналған жоспарлары туралы есебі тыңдалды.
Жанар Нұрмұратқызының айтуынша округте егістік жер көлемі 11852,39 га құрайды. Оның ішінде 1007 га “Ақсанат” ЖШС-нің еншісінде. 200 га Сорт сараптау бөлімшесіне, ал 56 га жер №16 Жуалы колледжіне қарасты. Шаруа қожалықтар 10589,39 га егістік алқапты игеруде.
Шаруа қожалықтар тарапынан 10 ауылшаруашылығы техникасы 35 430 000 теңгеге сатып алынып, округтің инвестициялық көлемін арттыруға, округ техникасын жаңартуға өз үлестерін қосқан.
Округте мал басы да жылдан-жылға артып келеді. 2020 жылы 280 бас ірі қара мал қолдан ұрықтандырылған.
“Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының белсенді жұмыспен қамту шараларына жалпы 200 азаматты қатыстыру жоспарланып, 237 адам бағдарламаға қатысушы ретінде тартылған.
Бағдарлама аясында 14 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылып, тұрақты жұмысқа ие болған. Сонымен бірге 11 қатысушыға жалпы 33 млн теңге шағын несие, 23 қатысушыға 12 млн 778 мың 800 теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген.
“Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасы аясында үш жоба іске асырылған. Яғни, Ақбастау, Жұрымбай ауылдарына ауызсу кіргізілді және “Береке” су тоғанының құрылысы жүргізілді.
Ал, үстіміздегі жылы округте бірқатар көшелер орта жөндеуден өтіп, Қарасаз, Ақбастау ауылдарына шағын спорт алаңы салынбақ. Сонымен бірге Көктас және Жұрымбай каналдарына мехотряд арқылы тазалау жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы қорытынды есебі тыңдалды.
Жарыссөзге шыққан Қарасаз ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызы мен аудан әкімі Нарбай Ергебековтың жұмысына оң баға берді. Ардагер ауылдан бокс үйірмесі, түрлі өнер үйірмелері ашылса, ауылдық округтегі барлық деңгейдегі жолдар жөнделсе деген сұранысын жеткізді.
Жергілікті қоғамдастықтың мүшесі Есімхан Сеңгірбаев “Береке” су тоғанының сметасына каналды тазалау жұмысы кіргізілмей қалғанын айтып, “Ендігі жерде ауыл тұрғындары ағын суды қалай алады?” деген сұрағын жолдады.
Осы және басқа да тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы жауап берді.
Өңір басшысы бірлігі жарасқан, дәулеті келіскен, өзгелерге үлгі боларлық Қарасаз ауылдық округі әкімдігінің аппараты мен еңбекқор тұрғындарының жұмысына сәттілік тілеп, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңмен орындалатынын айтып, жиынды қорытындылады.
Перизат ШЫМЫРТАҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»