Кеше аудандық “Достық” мәдениет үйінде аудан әкімі Нарбай Ергебековтың қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме басшылары, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері, жалпы аудан тұрғындары қатысты. Кездесуге әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде онлайн форматта қатысқан тұрғындар да болды.
Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді.
– Ағымдағы жылы 18 қаңтардан бастап аудан бойынша ауыл әкімдерімен және өзімнің жалпы 48 есепті кездесулер өткізіліп, оған 2247 адам қатысты. Оның ішінде 722 тұрғын онлайн форматта қатысты.
Облыс әкімі бекіткен аудан әкімінің жұмыс алгоритмінің негізінде жыл басынан 14 ауылдық округте 16 кездесу өткізіліп, 150 тапсырма берілген. 150 тапсырманың 105 тапсырмасы орындалып, 45 тапсырма орындалу үстінде,- деді аудан басшысы. – Ауданда жалпы ішкі өнімнің көлемі есепті мерзімге 58 180,5 млн теңгені құрап, (2019 жылы 49 845,9 млн теңге) былтырғы жылмен салыстырғанда 16,7% артты.
Жалпы ішкі өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 19,4%, ауыл шаруашылығы жалпы шығарылымы 59,3%, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,6%, сауда айналымы 9,7%-ті құрайды.
Ауданда бірқатар өндіріс ошақтары 11 293,8 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарып, (2019 жылы 10 380,7 млн теңге) өткен жылмен салыстырғанда 100,3% немесе 913,1 млн теңгеге артық өндірді.
Есепті мерзімге ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 34 млрд 504 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7% немесе 4,6 млрд теңгеге артық орындалды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 725,1 млн теңгені құрады (2019 жылы 5 392,6 млн теңге), 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,7 пайызға немесе 2,332 млрд теңгеге артты.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 631,6 млн теңгені құрап, (2019 жылы 5 475,1 млн теңге) былтырғы жылмен салыстырғанда 102,8% немесе 156,5 млн теңгеге артық орындалды.
Жеке тұрғын үй салушылардың есебінен жалпы алаңы – 13 448 шаршы метрді құрайтын 97 тұрғын үйлер аула құрылыстарымен қабылданды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 121,4% немесе 2 369 шаршы метрге артқан.
Жалпы жер кезегінде тұрған азаматтар саны – 2879 адам. Өткен жылы 244 адамға жер телімдері берілді.
Бүгінде халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында және ел игілігі үшін атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. Осы бағдарламалар аясында облыстан ауданымызға 38 жобаға 4 800,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 28 жобаға 2 574,5 млн теңге қаржы бөлініп, жалпы 864 адам жұмыспен қамтылды.
Олар: ауызсу жүйесі құрылысы бойынша 7 жобаға 1 345,9 млн теңге, ауылішілік газ тарту жұмыстары бойынша 8 жобаға 636,1 млн теңге, білім саласы бойынша 4 жобаға 96 млн. теңге, Б.Момышұлы ауылы автомобиль жолдарын орта жөндеу бойынша 10 жобаға 219,3 млн. теңге, каналдардың ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 жобаға 177,7 млн теңге және су тоғандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 4 жобаға 96,5 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылды.
“Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 1 млрд 915 млн теңге қарастырылған.
Оның ішінде өткен жылы бес ауылға (Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы) ауызсу жүйесінің құрылысына 968 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды, биыл аяқталады.
Сонымен қатар, жобалық құны 2,6 млрд теңге құрылысы 3 жылға жоспарланған Қошқарата бағытындағы 15 елді мекенді газдандыруға,102,3 шақырым магистральды газ жүйесінің құрылысына өткен жылы 785 млн теңге бөлініп, 2019 жылы басталған құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.
Нарбай Әбілқасымұлы сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, спорт, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылым, кәсіпкерлік, құқық қорғау салалары мен “Ауыл – ел бесігі”, “Еңбек”, “Бизнестің жол картасы”, “Сыбаға”, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламалары, “Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру” пилоттық жобасы аясында және басқа да мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аудан басшысы аймақтағы өткен жылы іске асқан қайырымдылық шараларын да атап өтті.
-Құрметті Бердібек Машбекұлы!
Өзіңіз бастамашы болған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл тұрғындарын және аудандағы кәсіпкерлерді ұйымдастырумен әр ауылдағы жағдайы төмен, мұқтаж, тұрғылықты үйлері жоқ азаматтардың отбасыларына баспана соғып немесе сатып алып беру жұмыстарын жүргізіп, өткен жылы 10 отбасы баспаналы болды. Бұл үрдіс осы жылы да жалғасын табатын болады.
“Бауыржан Момышұлы” қайырымдылық қоры арқылы және аудан демеушілері тарапынан «Мейірім» жобасы және «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз!» акциясы шеңберінде мұқтаж 3733 отбасына 70,8 млн теңгеге түрлі форматта әлеуметтік қолдаулар көрсетілді.
Аудандағы «Қамқор» еріктілер ұйымы арқылы мұқтаж 267 отбасына 2,5 млн теңгеге көмек көрсетілген.
Бұдан бөлек, «Жомарт жүрек» акциясы аясында ерікті жастардың қатысуымен аудандағы жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 28 тұрғын үйлеріне ағымды жөндеу жұмыстары жасалып, індет кезінде еріктілер тарапынан 12,5 мың бетперде таратылды.
Ауданда «COVID–19» індетінің алдын алуда бірқатар қайырымдылық шаралары атқарылып, оған аудан халқының атсалысқанын атап өткім келеді.
Аудандық орталық ауруханаға кәсіпкерлердің демеушілігімен 128,3 млн теңгеге көмек көрсетілді.
Оның ішінде: медициналық құралдарға 88,5 млн теңге; дәрі-дәрмектерге 2,9 млн теңге; басқа да демеушілік түрлері – 36,8 млн теңге; (реанимобиль автокөлігі – 39,0 млн теңге).
Бұдан бөлек, Бердібек Машбекұлы, Сіздің ықпалыңызбен құны 156,7 млн теңге тұратын «Жылжымалы медициналық кешен» автобусын және құны 43,4 млн теңгеге үш Уаз және екі Lada Largus санитарлық автокөліктері ауданымызға берілді,- дей келіп Нарбай Әбілқасымұлы үстіміздегі жылға жоспарланған жұмыстардың негізгілеріне тоқталды.
Аудан басшысының айтуынша, 2021 жылы ауданымызда тиісті бағдарламалар негізінде 2,4 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылады (“Нұрлы жер” – 6, “Бизнестің жол картасы” – 1, “Аумақты дамыту” бағдарламасы – 14, “Ауыл – ел бесігі” – 1жоба). Нарбай Ергебеков бұл жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.
Сөз соңында аудан әкімі Жуалы жұртшылығын ауданымыздың дамуы жолында әрі қарай да аянбай еңбек етуге шақырды.
Кезек сұрақ-жауапқа берілді. Бірінші болып сөйлеген Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов таулы аймақтарды газдандыру мәселесі жалғасын тапса, осы өңірлерге тартылған қар тоқтату белдеулері әрі қарай, яғни Қошқарата ауылына дейін орнатылса, баспана мәселесін шешу үшін №16 Жуалы колледжінің ескі жатақханасының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берілсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар аудандық аурухананың хирург дәрігері Шолпан Диқанбайқызы аудандық аурухана ғимаратының ескіргенін айтып, ауданнан жаңа аурухана мен емхана соғылса десе, жас кәсіпкер Айдынғали Тастанбеков кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға гранттар мен жеңілдетілген несиелер көбірек берілсе деген ұсынысын айтты. Жиын барысында тұрғындардан Билікөл ауылдық округіндегі “Дарбаза” су тоғанын жөндеу мәселесі, “Қошқарата бағытындағы жол қашан жөнделеді?”, Қаратас ауылынан мектеп соғылса, т.б ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылды.
Жиынға қатысқан блогер Исламбек Дастан “Облыстан бекітіліп берілген индикаторлардың ауданда жетеуі не себептен орындалмаған?”, “Диқан ауылына қатысты әлеуметтік желіде көтерілген, жалпы ауданда интернет мәселесін шешуге қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?”, т.б сұрақтар қойды.
Осы арада облыс әкімі де Нарбай Әбілқасымұлына “Қазіргі таңда Жуалы ауданының мүмкіндіктері толық пайдаланылып отыр ма?” және “Инвестиция тарту мәселесі өте төмен. Бұл мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?” деген сауалдарын қойды.
Сөз кезегін алған “Ақментей” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы аудан әкімінің 2020 жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Облыс басшысына “Асар” дәстүрінің жаңғыруына бастамашы болғаны үшін алғысын білдіріп, аудан тұрғындарына жаңадан отау құрған отбасыларға малдай көмек көрсетсек, ауданның қадірменді қариялары демеушілердің көмегімен демалыс орындарына жіберілсе деген ұсынысын жеткізді.
Жиналыс барысында залдан және әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы кезегімен жауап берді.
Жиынды облыс әкімі Бердібек Машбекұлы қорытындылады.
-Әрине, өткен жылы ауданда бірқатар жұмыстар атқарылды. Алайда көрсеткіштер әлі де төмен. Бұл дегеніміз – Сіздер ауданның мүмкіндігін әлі де толық пайдалана алмай отырсыздар деген сөз. Бұл болмайды. Қарқынды жоғарылату керек.
Әкімдердің жұмысының негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін халыққа жете түсіндіру. Үкімет тарапынан несие де, грант та беріледі. Мәселе жобада болып отыр. Яғни, сіздердің тараптарыңыздан жобалар, ұсыныстар болуы керек. Одан кейін берілген қаражатты тиімді пайлануымыз керек. Ол үшін атқарылатын іс мұқият зерделенуі тиіс. Әрбір істе нәтиже болуы қажет.
Облыста жақсы өнім алып отырған шаруалар кімдер? Олар – жердің құнарлылығын сақтап, барлық технологияны орындап, тұқымын дұрыстағандар. Егілетін өнімнің тұқымы І,ІІ репродукциялы болуы керек. Онсыз нәтиже болмайды.
Ұсақ шаруаларды біріктіру арқылы мемлекеттің мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек. Оның үстіне қазір өздеріңіз білесіздер, табиғи өнімге, ауыл шаруашылығы өніміне деген сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әсіресе, Жуалы ауданының табиғаты өте қолайлы, яғни мүмкіндіктеріңіз өте көп. Осыны неге дұрыс пайдаланбасқа?!
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жерасты, жерүсті суларын тиімді пайдалануымыз қажет. Бұл мәселе бойынша қазір жұмыстар атқарылуда.
Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген мәселелерге дер кезінде жауап берілуі керек. Барлық деңгейдегі әкімдер халыққа неғұрлым жақын болуларыңыз керек.
Маңызды мәселенің бірі – тәртіп. Өкінішке орай, әсіресе денсаулық сақтау мен білім саласында сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де орын алуда. Басқа-басқа білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласында мұндай мәселелер болмауы керек.
Қоғам, билік, депутаттар бірігіп жұмыс істеуі керек.
Бүгінгі үлкен сұрақтардың, мәселенің ең үлкені – интернет мәселесі. Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл жалпы еліміз бойынша орын алып отырған үлкен мәселе. Қазіргі таңда бұл мәселені шешуде нақты жұмыстар атқарылуда.
“Асар” жобасы – бұл халқымыздың озық дәстүрлерінің бірі. Асар халықты тәртіпке, ауызбіршілікке шақырады. Бұл дәстүрімізді жалғастыруымыз керек.
Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған “Туған жерге туыңды тік!” жобасының да жас ұрпаққа берер тағылымы зор.
Халыққа керегі – тыныштық, тұрақтылық. Осыны қамтамасыз етуіміз қажет. Одан кейін Абай атамыз “Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей” деп бекер айтқан жоқ. Еңбек етуіміз керек. Қысқасы, барлығы өзімізге байланысты,- дей келіп облыс басшысы жиын барысында өзіне қатысты қойылған сұрақтарға тоқталды. Яғни, нақты орындалатын мәселелер мен зерттеуді қажет ететін сұрақтарға тоқталып өтті.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»