Basty bet

Ауғанның от жалынында шыңдалған

Ауған соғысына қатысқан ардагерлер әр ауылда бар деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Оларға құрмет көрсету – біздің парызымыз. Қошқарата ауылында ардагерлерге, жалпы аға буынға құрмет көрсету үрдісі жолға қойылған. Аудан орталығынан шалғайда жатқан қасиетті ауылда бүгінде Ауған соғысына қатысқан Нұрлан Көкеев есімді бір ғана ардагер тұрып жатыр. Ауыл мектебі және ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері ардагерді түрлі іс-шаралар мен кездесулерге тұрақты шақырып, оған сый-сияпат жасап, құрмет көрсетіп отырады. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай №9 Абай атындағы орта мектептің акт залында Ауған соғысының ардагері, ауыл азаматы Н.Көкеевпен кездесу өтіп, жалпы іс-шараның өн бойы патриоттық тақырыпта өрбіді.

«Ауғанның от жалыны» тақырыбындағы кездеу кешіне Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев, округтегі қоғамдық кеңестің төрағасы Жорабек Шыршықбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Андасбек Мырзалиев, Ауған соғысы ардагерлері аудандық ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков, Ауған соғысының ардагерлері Нұрлан Көкеев, Әнуарбек Алашбаев, Темірхан Сейділдаев, сонымен қатар, ауыл тұрғындары және мектеп оқушылары қатысты.
Кездесуді ауылдық округтің әкімі Ж.Мырзалиев ашып, іс-шараға жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, елімізде бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық болсын деген тілегін білдіре келе, ауғандық ардагер Нұрлан Сәрсеқұлұлына «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасын, заттай бағалы сыйлық табыстады. Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібековке де округ әкімшілігінің атынан сый-сияпат табыс етілді.
Мерекелік іс-шара ары қарай концерттік бағдарламаға ұласып, онда ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салды. Кездесу барысында Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы М.Әбдібеков және шараға қонақ ретінде қатысқан ардагерлер де сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді. Шарада ауыл жастары және мектеп оқушылары Ауған соғысының ардагерлерімен сұхбат жүргізіп, сұрақтар қойып, мәнді жауаптар алды. Жиын соңында округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиевке сөз беріліп, еңбек ардагері өз сөзінде мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде әрі жас ұрпақтың тәрбиесіне әсер етерліктей етіп ұйымдастырылғанын айтып, Қошқарата ауылдық әкімшілігінің ұжымына және Абай атындағы орта мектептің оқушыларына шын жүректен алғыс білдіріп, жиналған қауымға, жастарға аталық ақ батасын берді.
Айта кету керек, кездесуге жастармен қатар ауылдың ақ жаулықты аналары да белсене қатысты. Атап айтсақ, алтын құрсақты аналар – Шыныкүл Станбекова, Гүлпарида Тұртаева, Аманкүл Әбдіқадырова сынды бүгінде бір әулетке ғана емес, қала берді тұтас бір ауылға қадірі бар ақ жаулықты батыр аналар ауылдағы кез келген жиынның сәні. Бұл жолы да аты аталған апа-әжелер кездесудің ортасынан табылып, қонақтарға ізгі тілектерін білдіріп, ақ дастарқан басында ақ баталарын жаудырды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close