Basty bet

Жыр алыбына арналған жыр жарысы

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым», «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған ұлы жырау, халық жүрегінен орын алған ақын, Жетісудың жүйрігі Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай аудан көлемінде әдеби-мәдени іс-шаралар легі басталып та кетті. Әлбетте қазақ халқына ұшан-теңіз мол мұра қалдырған әрі ғасыр жасаған ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы көп айтуға болады.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, қазақпен қатар көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады. Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ашып көрсеткен. Ел өміріндегі кейбір жағымсыз оқиғалар мен сол тұстағы таптық саяси оқиғаларды да өткір тілімен аяусыз сынап отырған. Бұл туралы ақынның шығармашылығынан көптеп байқауға болады.
Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі оның тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан онкүндігінің шымылдығын қарт жырау Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, халқымыздың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Апта басында жыр алыбы, ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Мыңбұлақ ауылдық округінің инспекторы Шынболат Тұрарбектің ұйымдастыруымен жас ақындар арасында «Жамбылға арнау!» атты жыр мүшәйрасы өткізілді.
Шараның мақсаты – Жамбыл Жабаевтың ұлы қасиеттерін, ұлттық ұстанымдарға беріктігін жас ақындардың жыр жолдары арқылы жалпы халықтық құрметке бөлеп, ұлт мақтанышына айналдыру. Талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беру. Дарынды жастарды анықтау және оларға көпшілікке шеберлігін көрсетуге мүмкіндік жасау. Поэзия және оны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау.
Жыр жарысына аудан мектептерінен қолына қаламды серік еткен 14 пен 29 жас аралығында жастар қатысып, бақтарын сынады. Мерекелік шараны «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов сөз сөйлеп ашып, мүшәйраға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Жыр мүшәйрасына аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары, республикалық жас қаламгерлер фестивалының лауреаты Нұржан Манасұлы, №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиті пәнінің мұғалімі Мақпал Сейсебаева, «Жуалы» қоғамдық-саяси газетінің Директор-бас редакторы Мақпал Сүйінбай және «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов қазылық жасап, байқауға қатысушы үміткерлердің өнерлерін бағалады.
Мүшәйраға ауылдық округтерден әр жастағы барлығы 14 жас ақын қатысып, бақтарын сынады. Мерекелік шараны №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 10 және 9 сынып оқушылары Нұржас Тұрарбек пен Балауса Қуанышбай жүргізіп отырды.
Байқау екі кезеңнен құралып, онда үміткерлер бірінші кезекте Жамбыл Жабаевтың шығармашылығынан бір өлең орындаса, ал екінші кезеңде Жамбыл Жабаевқа арнаған бір өлең орындау керек болатын. Қатысушылар байқаудың талаптарына сай өнер көрсетіп, көрерменді өлең-жырға бір сусындатып тастады. Алғашқы кезеңде үміткерлер негізінен Жамбыл Жабаевтың шығармашылығынан «Өсиет», «Кәрілік», «Сараң бай мен жомарт кедей», «Абышқа», «Ленинградтық өренім», «Барлыбайға», «Отанды сүй», тағы басқа өлең-жырларын оқыса, екінші кезеңде ұлы жырауға арнаған өз өлеңдерін оқыды.
Әрине, жыр жарысы болған соң қатарынан оза шауып, талантымен танылған өнерлі өрендер де, жаттаған өлеңін ұмытып қалып, сүрінгендері де және байқауға мүлдем дайындықсыз келген қатысушылар да кездесіп жатты. Қазылар алқасының мүшелері үміткерлердің өнерлерін талапқа сай бағалап, байқау барысында кеткен кемшіліктерді де саралап, әділ бағаларын берді деуге болады. Жыр жарысының барысында №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің өнерлі оқушысы Арайлым Қорғанбайдың орындауында «Қазағым менің» атты ән және №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы, байқау қатысушысы Айдос Жоламанның орындауында күй орындалды.
Жас ақындар мүшәйрасының қорытындысында талантымен дараланып, I орынды №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Рашид Кемелбек жеңіп алды. Рашидтың бұған дейін де аудандық деңгейде өткен бірқатар жыр жарыстарының жеңімпазы атанып жүргенін айта кеткеніміз артық болмас. Жас ақын бұл жолы да шығармашылық қырынан танылып, бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Ал II орын №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Жанел Тұрдалыға берілсе, III орынның жүлдесін №37 Ынтымақ негізгі мектебінің 8 сынып оқушысы Нұрай Күзенбай еншіледі. Мүшәйраның «Ең жас ақын» номинациясын №25 Ақтөбе тірек мектебінің 7 сынып оқушысы Жасбол Сарсен иеленді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай өткізілген жыр жарысының жеңімпазы мен жүлдегерлері аудандық «Жастар ресурстық орталығының» атынан диплом, Алғысхаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аружан ОРЫНШАЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының
4 курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close