Basty bet
Үміт алға жетелейді
Мектеп бітірушілер үшін аса жауапты кезең – Ұлттық бірыңғай тест тапсыру сәті. 23 маусым күні ауданда ҰБТ-ның бірінші кезеңі өтті. Бұл күні ата-аналар мен түлектер таңғы сағат жетіден бастап тестілеу өтетін №1 мектеп-гимназияның алдына жинала бастады. Сағат 8.00-де ішке кіргізу басталды. Ішке кірген түлектер алдын ала белгілі болған аудиторияларына жайғасып, көптен күткен тестілеу де басталып кетті.
Ұл-қыздарына тілеулес болып келген ата-аналар қоршаудың сыртында тағатсыздана тілек тілеп, балаларының қуанышпен шығуын күтіп тұрды.
Жалпы ҰБТ-ның алғашқы күні тест тапсыруға 398 түлек өтініш білдірген болатын. Алайда, 394 бала қатысты.
Бұл жолғы ерекшелік – түлектер мектеп-мектеп болып тапсырған жоқ, барлық мектеп оқушылары екі кезеңге бөлінді.
Ұйымдастыру жұмыстарын ауданда құрылған мемлекеттік комиссия уақтылы атқарып, балалардың жауапты сынақты алаңсыз тапсыруына барлық жағдай жасады.
11 жыл бойы алған білімдерін дәлелдейтін сәтте біреудің бағы жанып жолы болады, енді бірінің көңілі толмай қалуы әбден мүмкін. Дегенмен, алғашқы күні негізінен тестілеу ереже талаптарына сай өтті.
Түстен кейін сағат 17.00 мен 18.00 аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі шықты. Терезеге ілінген тізімді көруге жүгірген ата-аналар мен түлектер өз аты-жөндерін оқып, қуанып, бір-бірінің қуанышын бөлісіп жатқан жандар өте көп болды.
Сонымен бірінші күні өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысында ең жоғарғы балды, яғни 138 балды №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі Сақыбай Айжан Күмісбекқызы алды. Екінші тағы да осы мектеп-гимназияның түлегі Жарылқап Талант Мұратұлы 137 балл алды. Ал, ең төменгі балл – 10 балл болды. Орташа балл – 97,6 балды көрсетті. Ал, әр пән бойынша 0-4 арасында балл жинай алмаған, яғни шекті балдан өте алмағандар саны – 28.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңінде тапсыратын түлектерге де сәттілік тілейміз!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»