Basty bet
Еңселі елдігіміздің ерен белгісі
Көк аспанда еркін қалықтаған қыран бүркіт, кең дала, кең далада көсіле шапқан тұлпарлар, көгімізге желбіреген көк байрағымыз. Біз тұғырлы Тәуелсіздікті, еңселі егемендігімізді, аңсап күткен азаттығымызды осылай жырлап келеміз. Тәуелсіздік – Тәңірден жеткен тәтті сый. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бергі аңсап күткен арман-аңсары. Егемендік – еңселі елдігіміздің ерен белгісі. Азаттық – аңсап күткен ақ таңымыз.
Қазақ елі тарих пен тағдырдың ауыр соққысы мен сан ғасырларға созылған ұзақ уақыттағы қиыншылықтардың барлығын басынан өткерген мемлекет. Тарих беттерін парақтап қарасақ, замананың қатыгез дауылдары мен толқындары біржолата жойып жіберетіндей азапты жылдарда шашырап кетсе де, қазақ халқы қабырғасы қайыспай, аман қалып отырған.
«Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» демекші, бабаларымыздың ерен ерліктері тарих сахнасында алтын әріптермен мәңгілік қалды. Ал біз үшін бабаларымыздың әрбір жүріп өткен даңғыл жолы ұрпаққа үлгі, шежіреге толы, тағдырлы тарих.
Иә, осыдан 30 жыл бұрын 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздік алып, оны айдай әлемге жариялады. Бұл күн еліміздің әрбір азаматы үшін – ерекше қасиетті күн. Бүгінде егемен еліміздің көк байрағы көк аспанда асқақтай желбіреп, әлемдік аренада шоқтығы биік тұғырлы елге айналды. Қазақстан дүниежүзі картасында жер көлемі жөнінен тоғызыншы орынды еншілеп, бейбітсүйгіш мемлекетке айналып отыр. Жарқын болашағымыздың белгісіндей болып, біліммен қаруланған жасампаз жастарымыз қаулап өсіп келеді. Мемлекетіміз де жастардың білім алуына, жаңа заманмен бірге өсіп-өркендеуіне лайықты жағдайлар жасап отырғанына ел-жұртымыз куә. Кезіндегі ата-бабаларымыз бастарын бәйгеге тігіп, бодандықтан құтылу үшін атқарған жанкешті еңбектері мен ерлік істері бүгінгі тәуелсіз ел ұрпақтарының еңбегімен лайықты жалғасын табуда.
Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі биыл 30 жыл. Осы жылдар ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Содан бері міне, еліміздің өз Президенті, ұлттар мен ұлыстар ұйысқан, салты мен дәстүрі жарасқан, мәдениеті мен экономикасы дамыған елдердің қатарына қосыла білдік. Әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде үн қатқан Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастық бітімгер ел ретінде аса бағалайтыны анық. Өйткені, еліміз тәуелсіздік ала салысымен жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, сынақ полигондарын жабуға күш салды. Соның арқасында Семей ядролық полигонындағы аждаһаның үні біржолата өшті.
Батыр бабаларымыздың қанымен, ақ жаулықты аналарымыздың жасымен келген тәуелсіздік құндылығы біздің ең үлкен қазынамыз. Тарихымыздың сыйы – төл Тәуелсіздігімізге биыл міне 30 жыл толғалы отыр. Бұл ел өміріндегі айтулы белес. Әлемге жар саларлықтай елдігіміздің еңселі мерекесі. Біздің жалғыз ғана жарық жұлдызымыз, темірқазығымыз – Тәңірге тәубе етіп, халқымыз тәу ететін Тәуелсіздігіміз. Айбыны асқақ мемлекетіміздің аспан түстес көгілдір Туы заңғар көкте әрдайым желбіреп, Жаратқан нәсіп еткен ұлы даламыздың Тәуелсіздігі мәңгілік болсын!
Құралай ЕСЕНАМАНОВА,
№37 Ынтымақ негізгі мектебінің мұғалімі.
Ынтымақ ауылы