Basty bet

Боралдайда бірқатар жұмыстар атқарылған

Халыққа қызмет ету – мерейлі де мәртебелі міндет болып саналады. Жыл басында барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылап, халыққа есеп беретіні белгілі. Осы орайда бұл апта ауданға қарасты ауылдық округтер әкімдерінің тұрғындар алдындағы есебімен басталды. Таулы өңірде орналасқан Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышев округке қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдарында есеп берді.

Ертай ауылында ұйымдастырылған жиынға тұрғындар шақырылып, жиын жұмысына аудандық мәслихаттың депутаты Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Саурбаев қатысты. Жиынды Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышев ашып, есепті баяндама жасады.
Ауыл әкімі өз баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихаттық топтардың ауыл тұрғындары арасында өткізілген жиындардың барысынан бастап, сондай-ақ, 2019 жылы ауылдық округі әкімінің аппаратына тұрғындардан барлығы 23 жазбаша және ауызша өтініш-шағымның түскенін, оларға тиісті заң талаптарына сәйкес уақтылы жауап берілгенін тілге тиек етті.
Жалпы, баяндамада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, әлеуметтік салада барлығы 84 жанұяның құжаттары құзырлы мекемеге өткізіліп, нәтижесінде 58 өтініш қанағаттандырылған. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау, көгеріштендіру, көгалдандыру және санитарлық тазарту, ауыл шаруашылығы салаларында жеткен жетістіктер де әкім есебінен көрініс тапқан. Шаруа қожалықтарын ұйымдастыру, кәсіпкерлік қызметті дамыту бағытында өткен жылы округтің жекелеген шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы техникаларын несиеге алған. Мал басын көбейту мен асылдандыру бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Өткен жылдың бедерінде бірқатар шаруалар несие серіктестіктерінен несиелер алып, төрт түліктің басын ұлғайтып отыр.
«Өңірлерді дамытудың-2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында округтің орталығы Көлтоған ауылындағы Қ.Ералиев көшесі, ал «Қайырбек» шаруа қожалығының басшысы С.Қайырбековтың демеушілігімен Жамбыл көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген екен. Елді мекендерді абаттандыру, сумен жабдықтау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде.
2020 жылы Көлтоған, Ертай ауылдарына ауыз су жүйесін жүргізу, көше арықтарын тазалау, «Боралдай» балабақшасына ағымды жөндеу, Ертай ауылы Л.Көпбаев көшесін жарықтандыру, Көлтоған ауылында екі көшені асфальттау, сонымен қатар, Рысбек батыр ауылында канал тазалау жұмыстары атқарылады деген жоспар бар.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде ауыл тұрғыны Серік Бегімбетов интернеттің жылдамдығын арттыру, шаруа қожалық басшысы Досымжан Дүйсебеков жайылым мәселесін, Нұрбақыт Өтегенов ауылда күрес үйірмесін ашу туралы мәселелерді көтерді. Ал ауыл имамы Ізетбек Байболов қар тоқтатуға арналған бағаналарды округке дейін жеткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов округ әкімінің есептік баяндамасын қанағаттарлық деп бағалады. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға аудандық мәслихаттың депутаты Е.Тілеубеков, ауылдық округ әкімі Ғ.Қуанышев жауап беріп, көтерілген мәселелердің тиісті заң талаптарына сай қаралатынына баса назар аударды.
Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышевтың тұрғындар алдындағы есептік жиыны түс ауа Рысбек батыр ауылында жалғасты. Ондағы жиынның жұмысына да аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а. Нұрсұлтан Саурбаев қатысты. Әдеттегідей әкімнің есепті баяндамасынан кейін ауыл тұрғындары клуб, мектепке жапсарлас акт залын салу, ауыз су, көгілдір отын, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу, т.б. әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға көмек сұрады. Көтерілген сұрақтар мен өтініштерге ауылдық округ әкімі Ғ.Қуанышев, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а. Н.Саурбаев жауап беріп, кейбір мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close