Basty bet
Ауыл тұрғындарын ауызсу мен ағын судың жайы алаңдатады
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуі, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Өткен аптада аудан әкімі Олжас Қаржауов жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, Нұрлыкент, Қызыларық, Ақтөбе ауылдық округтеріне барды. Тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ түріп және кейбір мәселелерді шешімін бірлесіп қарастырды. Округтерде өткен кездесулерге аудандық әкімдіктің жауапты бөлім басшылары да қатысып, мәселелерге қанықты.
Аудан әкімі Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындар негізінен ауызсу және ағын су мәселелерін көтерді. Атап айтсақ, ауыл қариясы Оралбек Түлкібаев өз сөзінде, ауылды ағын сумен қамтамасыз етіп отырған «Тихий» каналынан келетін судың мәселесін шешуді сұрады. Қарияның сөзіне қарағанда, аталған су каналы арнасының тазаланбағанына бірнеше жылдың жүзі болған. Соның салдарынан ауылға келетін ағын судың көлемі біршама азайып отыр. Канал арнасының іші батпаққа толып, оның жиегінде өсіп тұрған талдардың тамырлары да судың еркін жүруіне өз кедергісін келтіруде. Ендігі кезекте суғару науқанының басталуына байланысты каналдың басын бекітіп, суды ауылға алып келу қажет. О.Түлкібаевтан бөлек, ауыл тұрғындарының көбісі ауылға ағын су әкелу жұмысын тездету қажеттігін айтты.
Айтса айтқандай, аталған канал Нұрлыкент ауылының басым бөлігін ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Ауыл тұрғындары үшін ағын су мәселесінің өзекті әрі маңызды болатын өзіндік себебі де бар. Ауыл тұрғындарының елеулі бөлігін сырт мемлекеттерден көшіп келген қандастардың тобы құрайтындықтан, олардың көбісі маусым кезінде үй іргесіндегі жерлеріне бау-бақша және көкөніс өсірумен шұғылданады. Бау-бақшаға да ең керегі – ағын су. Сондықтан нұрлыкенттік ағайын үшін ағын судың маңызы зор.
Кездесу барысында одан бөлек, тұрғындар тарапынан Түктібай ауылының ауызсу жүйесін ретке келтіру мәселесі де қозғалды. Айта кету керек, ауыл тұрғындары ауызсу мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Шын мәнінде, ауызсу жүйесі әбден ескірген. Аудан әкімі Олжас Қаржауов аталған мәселеге жауапты аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Сейітбековке, аталған бөлімге қарасты «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қ.Болысбаевқа Түктібай ауылындағы ауызсу мәселесін төңірегінде зерделеу жасауды тапсырып, нәтижесін таяу арада баяндауды тапсырды. Нұрлыкент ауылына ағын су әкелу мәселесін шешу аталған ауылдық округтің әкімі Н.Бөлекбаевқа тапсырылды.
Қызыларық ауылдық округінің тұрғындары да аудан басшысы О.Қаржауовпен болған кездесуде Сұрым ауылындағы ауызсу мәселесін аудан басшысының назарына салып, оны тездетіп шешіп беруді сұрады. Бұл өтінішті аудан басшылығына жеткізген ауыл тұрғыны Есенғали Мірсейітовтың айтуынша, Сұрым ауылында ауызсу мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді екен. Осыдан екі жыл бұрын Сұрым ауылының төменгі бөлігіндегі (темір жолдың төменгі жағы) 15 үйге орталықтандырылған жүйемен ауызсу жеткізілгенімен, темір жолдың жоғарғы жағында орналасқан 60 үй сумен қамтамасыз ету жобасынан белгісіз себептермен тыс қалған.
Қазіргі таңда осындағы Д.Сламбай, Сарымсақсай, Т.Қостаев көшелерінің тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр. Есіктің алдындағы құдықтың сулары ішуге де, басқа да тұрмыстық қажеттіліктерге жарамсыз болғандықтан, тұрғындар таза суды Қызыларық ауылынан тасып ішуге мәжбүр. Ауызсу мәселесін шешетін уақыт әлдеқашан жетті дейді тұрғындар.
Тұрғындарды тыңдап, аталған мәселеге әбден қаныққан аудан әкімі О.Қаржауов, оны тиісті бөлімнің және ауызсу жеткізуге жауапты мекеме басшыларына тапсырма беріп, аталған мәселеге байланысты ахуалды тұрғындармен бірге зерделеуді тапсырды.
Аудан басшысы Олжас Есалханұлы келесі кезекте Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары қатысты. Жиын барысында ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстарға тоқталып, оның іске асырылу жайына да тоқталды.
Сұрақ-жауап форматындағы кездесу барысында Бәйтерек ауылының тұрғыны Талғат Тойшыбеков ауылда ағын су мәселесінің көп жылдан бері өзекті болып отырғанын айта келе: «Көксай» мен «Ақмолда» каналдарының арасы жалғастырылса, Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары мен шаруалары толықтай суармалы сумен қамтылатын еді» деген өтінішін жеткізді. Сондай-ақ, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінің ғимаратында еркін күрес залының жұмыс істеп тұрғанын айтып, оған әжетхана және душ орнату мәселесін жеткізді.
Ал келесі бір ауыл тұрғыны Өміржан Рахманқұлов өз сөзінде, Бәйтерек ауылында тоғыз көшені байланыстыратын жол бар екенін, бірақ ол жол көп жылдан бері жөндеу көрмегендіктен, көліктерге де, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына қиындық туғызып отырғанын айта келе, жолға асфальт төсеп беруді сұрады. Ал ауылдағы Көлсай көшесінің тұрғыны Дүйсенкүл Құлтаева Бәйтерек ауылына ауызсу жүйесінің қашан тартылатынын сұрады.
Аудан әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Сейітбеков ауызсу туралы мәселеге жауап ретінде Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған ауылдарына орталықтандырылған ауызсу жүйесін тарту жұмыстары ағымдағы жылы басталатынын айтып, аталған елдімекендердегі көшелерге асфальт төсеу жұмыстарын ауызсу жүйелерін тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана жүргізуді ұсынды.
Сонымен қатар, кездесуде №11 Т.Тастандиев орта мектебінің қызметкері А.Елмұратов мектептің жылыту жүйесінің әбден ескіргенін еске салып, қысқы жылыту маусымы кезінде мектептің іші суық болатын жеткізді. №26 Жаңаталап орта мектебі директорының м.а. Н.Әбдімомынов та мектептің жылыту жүйесі нашар екенін және шатыры ескіргенін айтып, осы мәселелерге көмек беруін сұрады.
Жиында аудан әкімі Олжас Қаржауов, тұрғындар тарапынан көтерілгене мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтып, ендігі кезекте ауыл тұрғындарымен тоқсан сайын осындай кездесулер өткізіліп тұратынын жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»